Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар

Қазір адамдар жақсы дәрігерлерді қалай табады? Әуелі дәрігер іздеуді туыстар мен достарға телефон соғудан, сонымен қатар әріптестерден жақсы және сенімді маманды біле ме екен деп сұраудан бастайды. Ауызша «әлеуметтік желі» қажет нәтиже бермесе, біз бәрін білетін интернетке жүгінеміз. Қажет сөзді жазамыз, батырманы бірнеше рет басамыз, пікірлер мен шолуларды оқып шығамыз. Сосын тәжірибелі, білімді және сенімді дәрігерге барамыз. Ол міндетті түрде дұрыс диагноз қойып, ауруды емдейді. Бұл айтқанымыз іске асатын тамаша жоспар сияқты көрінеді, бірақ Medical Media стартабының негізін қалағандар олай ойламайды. Стартаптың дерегінше, бүгінде медицина мамандарының 2%-ы ғана интернет пен әлеуметтік желілерде бар. Есесіне жалған пікірлер жазып қойған кейбір дүмше дәрігерге «тап болу» қаупі көп. Бұл нарықтың басты азабы да осы – білігі жоғары дәрігер мен алғысқа толы пациенттің кездесуіне көмектесу. Стартаптың негізін қалағандар Зәуре мен Жансая Er10.media сайтына Medical Media өз мақсатына қалай жетуге ниетті екенін айтып берді.

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар

«Қазақстанның 100 стартабы туралы» – Er10 Media және Astana Hub редакциясының бірлескен жобасы. Біз қазақстандық стартаптардың жетістіктері туралы айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, сонымен қатар басқа да инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

– Стартап бастау идеясы қалай келгенін айтып беріңіздерші. Неден бастадыңыздар?

– (Зәуре) Біздің компания медицина қызметтерінің маркетингі саласында жеті жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Жинақталған тәжірибемізге сүйене отырып, 2023 жылы кәсіби медицина мамандарын медиа арқылы ілгерілету үшін Medical Media стартабын және ақпараттық ресурсын құрдық. Денсаулық туралы жоғары сапалы контент жасаймыз, жетіспейтін ақпараттың орнын толтырамыз және қолданушыларды, оның ішінде Қазақстан мен көршілес елдердің азаматтарын оқытамыз. Өз саласының үздік сарапшылары мен мамандарынан сұхбат аламыз. Денсаулық және заманауи емдеу әдістері туралы қарапайым және түсінікті тілде айтамыз. Біздің контентіміз қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Жұмыс екі жылдан астам уақыт жүріп тұр. Youtube, TikTok және Instаgram-дағы каналдарымыз өте танымал болды. Бүгінде медицина туралы сапалы ақпарат шынымен де өте аз екенін түсінеміз.

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар

– Нарықтың ауыртпалығын қалай анықтадыңыздар? Тәжірибелеріңіз көмектесті ме?

– (Зәуре) Бір жыл бұрын адамның дәрігерді қалай таңдайтынын білу үшін зерттеу жүргізген едік. Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай, ақпарат кеңістігінде заманауи талаптарға және бүгінгі өмірдің қарқынына сай сапалы медициналық контент жетіспейді. Екіншіден, тікелей және мессенджер арқылы көрерменнен белгілі бір дәрігердің қабылдауына жазылуды сұрайтын өтініштер үнемі түсіп тұрады. Біз, әрине, олардың өтініштерін орындаймыз. Бірақ адамдар байланыс арналарында абдырап қалып, қажет дәрігерлерді жиі таба алмай қалатынын түсінеміз.

Осылайша үш кедергіні анықтадық. Біріншіден, «өз» дәрігеріңізді табу қиын. Өйткені 80 мың маманның ең жақсы 2%-ы ғана интернетте тіркелген. Әдетте, сұранысқа ие мамандардың интернетте белсенді болуға және өзін-өзі жарнамалауға уақыты жоқ. Екіншіден, дәрігерлердің қабылдауына жазылу қашан да қиын. Бүгінде жеке емханалардың толу көрсеткіші 40-50%-ы толып қалады. Үшіншіден, біз тексерілген, сенімді шолулар жоқ екенін көріп отырмыз. Сондықтан дәрігерлер мен пациенттердің кездесуіне көмектесетін стартап ашуға ниеттендік. Бұл – әсіресе, жас буынға қатысты мәселе.

– Стартаптарыңыздың мәні неде?

– (Жансая) Біз медицина мамандарының агрегаторын құрып, оларды табуды жеңілдетіп жатырмыз. Мұны әлеуметтік желілер принципіне негізделген сараптама контенті арқылы жасап отырмыз. Мысалы, пациент белгілі бір дәрігердің видеосын көреді, сенімді және тексерілген пікірлерді оқиды, оның біліктілігін байқап, оған жазылады. Қазір жобамыз сайт ретінде жұмыс істейді. Болашақта мамандар клиенттермен жеке байланыса беретін қолданба жасауды жоспарлап отырмыз. Бірақ біз B2B және B2C бағыттарын да қамтымақпыз.

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар

– Қазір стартап қай кезеңде тұр?

– (Жансая) Стартап MVP сатысында. Платформаларымызға алғашқы бейнероликтерді жарияладық. Мәселен, цифрлық кеңістікте жеке бренд болып танылмаған дәрігер бір видеодан кейін 35 клиентті қабылдап, жалпы 700 мың теңге табыс тапты. Оның 10%-ы - біздің комиссиямыз. Қазір сайт жасап, емханалармен келісім-шарт жасасып жатырмыз. Бірінші кезеңде Алматыдағы барлық ірі жекеменшік медициналық мекемені қамтуды жоспарлап отырмыз.

– Стартабыңыз дами бастаған кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? Олармен қалай күрестіңіздер?

– (Жансая) Біздің гипотезамыз көп болды. Оның ішінде ақпарат бизнесіне кіргіміз келді. Сосын дәрігерлерге арналған курстарды дамытуды көздедік. Оларды ақпарат кеңістігіне шығаруды, біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске қосуды көздедік. Бірақ біз бұл идеяларды жүзеге асыра алмадық, 2023 жылды нәтижесіз жұмыстарға жұмсадық. Дегенмен біз бар күшімізді салып, контенттің жасалуын автоматтандырып, нарықтың ауыртпалығын инновациялық тұрғыдан шеше бастағаннан кейін бизнес алға басты. Қазір біз жақсы жұмыс істеп жатырмыз және мұның нарыққа қажет екенін түсінеміз.
– (Зәуре) Контент көру арқылы дәрігерлермен технологиялық кездесу – алғашқы қадам ғана. Біздің ауқымды жоспарларымыз бар. Бір-екі жылда медицина саласын инновациялармен «жаруды» жоспарлап отырмыз. Бірақ әзірге бұл жоспарды құпия ұстаймыз.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Қандай нарықтарды бағындыруды жоспарлап отырсыздар және стартап қай елдерге шығуы мүмкін?
– (Зәуре) Біз бастапқыда жобаны Қазақстанның ірі қалаларында, кейінірек көршілес елдерде оңай әрі ауқымды жүргізе алатындай етіп жасап жатырмыз. Алматыдағы ірі емханалар қосыла салысымен, медициналық туризмді белсенді әрі қолжетімді ету үшін Түркия мен Оңтүстік Кореядағы халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты бастаймыз.

– Ауқымды жоспарларыңыз бар екен. Демек халықаралық деңгейде мықты компания болғыларыңыз келеді ғой?

– (Жансая) Сөзсіз! IT-стартап бастадыңыз ба, онда бірден осындай үлкен мақсат қою керек.

– Стартабыңызды дамыту үшін қандай инвестиция қажет?

– (Жансая) Иә, біз инвестицияны pre-seed money аясында аламыз. Қазір бізге өнімді жақсартуға және команданы кеңейтуге 100 мың доллар қажет.

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар


– Стартаптарыңыздан кім көп пайда көреді?

– (Зәуре) Біріншіден, бұдан дәрігер таңдай алмай қиналатын жастар пайда көреді. Олар ақпаратты интернеттен тауып үйренген. Бірақ жаңа айтқанымыздай, дәрігерлер интернетте және әлеуметтік желілерде көбіне жоқ. Болса да, парақша онша тартымды емес. Біздің платформамыздағы видео жастардың маман таңдауын, оларды іздеуді жеңілдетеді. Әрине, қазір осыған ұқсас агрегаторлар бар, бірақ оларда негізінен іш пыстырарлық мәтіндік сипаттамалар тұр.Ал жастарға жанды контент, олардың көңіл-күйіне, харизмасына, эмоциясына, тіпті сыртқы келбетіне сай келетін дәрігер керек. Медицина мамандарымен сенімді қарым-қатынас осылай құрылады.

Біздің көздеген екінші аудиториямыз – дәрігерлер мен емханалар. Оларға пациенттер табу арқылы маркетингке жұмсалатын ресурс пен уақытты үнемдейміз. Соңында бәрі пайда көреді.

– Стартабыңыздың басты миссиясы қандай?
– (Жансая) Біз әр адамға қолжетімді ғылыми медициналық білімді жеткізгіміз келеді. Адамдарды дүмше мен алаяқтардан қорғағымыз келеді. 200 мың теңге тұратын консультацияны алып, науқасты мүгедек ететіндерді медицина нарығынан шығарамыз. Адамдар тәжірибелі әрі сенімді дәрігердің уақытылы диагностикасы мен профилактикалық тәсілі денсаулығы мен өмірін сақтайтынын түсінуі керек.
– (Зәуре) Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – адамдардың қауіпті аурулардың алдын алу үшін емханаларға баруын арттыру. Оларға сүт безі мен жатыр мойны обыры және глаукома сияқты көз аурулары жатады. Бұл – өзі туралы хабар бермейтін, «үнсіз» дамитын аурулар. Каналдарымыз арқылы медицина туралы білімді тарату бірінші және екінші кезеңдегі қауіпті ауруларды анықтауды арттырып, науқастардың сәтті емделуіне мүмкіндік береді деп сенеміз.

Онлайн дамып жатқанымыздың арқасында интернет бар қалалар мен ауылдардың тұрғындарына көмектесе аламыз. Мәселен, мемлекет тегін скринингтен өтуге мүмкіндік беріп отыр, бірақ халық мәселенің маңызын түсінбей, қаралуға бармайды. Байыпты ақпараттық жұмыс жағдайды бірте-бірте өзгертіп, азаматтардың өз саулығына деген дұрыс көзқарасын қалыптастырады деп ойлаймын.
– Стартабыңыздың және жалпы осы саланың болашағын қалай елестетесіздер? Сіздердің ойларыңызша, технология қалай дамиды?

 – (Жансая) Менің ойымша, жасанды интеллект бірнеше жылда үйреншікті нәрсеге айналып, ортақ технология болады. Ол диагностика мен терапияға қатысты барлық жұмысты алдын ала жасайды. Ал соңғы сараптамалық қорытындыны шығаруға дәрігер қосылады. Бәрі қалай автоматтандырылатынын өз көзімізбен көреміз деп ойлаймыз. Ал бұл жасанды интеллектсіз жүзеге аспайды.

Адамдарды дүмше дәрігерлерден алшақтатып, білікті мамандармен жүздестіру жолында – Medical Media стартабының үлкен мақсаты бар


– Қалай ойлайсыз, бәрі тезірек және тиімдірек орындалатыны дәрігерлер үшін оңтайлы бола ма? Керісінше, мамандар дағдысы мен біліктілігін жоғалта бастамай ма?

– (Зәуре) Бұл оң үрдіс болары сөзсіз. Қазір бізде, әсіресе, мемлекеттік салада білімі мен тәжірибесі аз жас мамандар көп. Оларға көмек пен дағдылар қажет. Сонымен қатар адам миы, әсіресе медицина сияқты күрделі салада жан-жақты ақпаратты сақтауға қабілетті емес. Дәрігер дене тұрғысынан барлық ауруды, әсіресе сирек кездесетін ауруларды мұқият біліп, есте сақтай алмайды.Бұл жағдайда жасанды интеллект медицина мамандарына көмектеседі, бірақ олардың орнын алмастырмайды.

 – (Жансая) Біздің ойымызша, медицина саласындағы жұмыс тиімдірек істеліп, процесс жылдамдай түседі. Жасанды интеллект бұл саланың дамуына елеулі серпін береді.

– Қазақстанда стартаптар қозғалысын дамытуға қолайлы жағдай жасалған ба? Бұл туралы не ойлайсыздар?

– (Жансая) Менің ойымша, Қазақстанда шынымен де стартаптар үшін өте тартымды жағдайлар жасалған. Біз түрлі бағдарламаға жиі қатысып тұрамыз, ол жақтан өзімізге қажет ресурс пен жан-жақты қолдау тауып жүрміз. Мысалы, біз – Most Hub компаниясының Smart City жеделдету бағдарламасының түлектеріміз.

Біз стартаптарды оқытуға, дамытуға, оны нарықта сатуға және оған инвестиция іздеуге алаңдар жасалғанын көріп жүрміз. Мысалы, салық мөлшерінің төмендегені де көп көмек болып отыр.

– (Зәуре) Маған стартаптар қауымдастығындағы әріптестеріміздің өз тәжірибесі мен ақпаратын белсенді түрде айтып отыратыны ұнайды. Бізге дәл осындай көңілмен, қамқорлықпен қарайды деп ойламаппыз. Мұндайды елестете де алмадық. Жобамыздың бастапқы кезеңінде бизнесті дамытуға қатысты ақпараттарды біртіндеп жинадық. Бірақ дұрыс ортаға және жеделдетілген бағдарламаға қосылып, қажет ақпаратты шектеусіз жия берсек те болады екен. Бір таңғалдыратыны, тіпті нарықтың үздік ойыншылары сізбен кездесіп, өз тәжірибесін айтып беруге дайын.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *