Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

Жасанды интеллект бүкіл әлем бойынша компаниялардың бизнес-процестеріне біртіндеп еніп келеді. Нейрожелілер негізінде бизнеске де, қарапайым қолданушыларға да пайдасы көп өнімдер жасалып жатыр. Қазақстан компаниялары да ЖИ-өнімдер жасауға белсенді атсалысып келеді. AICA стартабы транскрипция және дыбыс жазу қызметтерін ұсынатын, оған қоса бизнеске арналған сөйлеу аналитикасын шығаруға қабілетті AICA деген ЖИ-платформа жасады. AICA-ның кофаундері Нұрлан Жүнісов Er10.media редакциясына стартап жаңа нарықты қалай жасап жатқанын, платформа қызметтері шетелдегіден не себепті жақсырақ екенін және бизнес жаңа технологияларға қалай қарайтынын айтып берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл — ER10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

Жеке бизнеске бастаған ұзақ жол 

– Кәсіпкер болуға қалай келгеніңізді айтып беріңізші. 

– Ұзақ уақыт қызметкер болып істеп, қарапайым қызметтен ірі даму компаниясының директорлар кеңесінің мүшесіне дейін көтерілдім. Құрылыс компаниясында менеджер, байланыс компаниясында орта буын менеджері болдым, кинотеатр құрылысы жобаларын басқардым, ірі жобаларды дамыттым. Әбден жоғары лауазымға жеткенде, кейбір нәрселер мен жағдайларға саналы түрде қарай бастадым да, өз бизнесімді бастаймын деп бел будым. 

Үлкен компанияда жоғары лауазымда алып жүріп, онымен қатар стартапер бола алмадым. Содан өз жолымды таңдадым. Әрине, басқарушылық дағдыларды дамытуға 20 жыл жұмсағандықтан, оны өзгертіп, енді кәсіпкер сияқты ойлауды үйрену қиын. Қуанышыма орай, жобаларды о бастан жасайтын тәжірибем болды. Мысалы, CINEMAX кинотеатрлар желісін алайын. Онда тұжырымдаманы әзірлеп, кинотеатр салып, оны іске қосып, келушілер саны мен кассалық түсімдер бойынша сол саланың үздігі еттім.      

– Стартапқа арналған идея ойлап табу қиын болды ма?

– Әуелде бірнеше оффлайн жобаны жоспарлаған едім – түрлі сервистер, содан кейін азық-түлік бөлшек саудасы. Алайда мені ылғи стартаптар мен IT бизнесі қызықтыратын. Осы туралы көп оқыдым, түрлі кейсті зерттедім, осындай бизнес иелері мен инвесторлардың видеосын, сұхбатын көрдім. Азық-түлік бөлшек саудасы саласында жұмыс істеп жүріп мынаны түсіндім: нарық, іс жүзінде, цифрланбаған. Клиент жағын айтып отырмын. Сөйтіп, соған сай платформа жасайық дедік. 

Қазақстандағы азық-түлік бөлшек сауда нарығы жылына 10 миллиард доллардан асады. Бұл – стартап үшін өте тартымды нарық. Біз бұған уақыт пен күш жұмсадық, бірақ нарық біз ойлаған өнімге дайын емес екенін ұқтық. Бұл іске өзге қырдан қарау керек екен. Қазір осыған кірісіп жатырмыз, декомпозиция жасап, гипотезаны қайта құрастырып жүрміз. Сөйтіп жүргенде Astana Hub-тың Startup Garage бағдарламасына кірдік. Осыны істеп жатқанда ЖИ құралдарына, соның ішінде сөйлеу аналитикасы мен оның әлеуетіне мән бердік. Басқа қырдан байқайық дедік те, ақырында AICA (Artificial Intelligence for Communication Analysis) платформасы пайда болды – транскрипция (Speech to Text), дыбыс жазу (Тext to Speech) және бизнеске арналған сөйлеуді талдау қызметтері.

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Өніміңізді кім әзірледі? Жергілікті мамандар ма, әлде шетелдегі мамандарды тартуға тура келді ме?

– Жергілікті шағын команда құрдық. IT өнімдерін жасаған көп тәжірибесі бар, ЖИ саласына маманданған жас әрі өте талантты адамдар жидық.

Өз мүмкіндіктерімізге инвестиция салдық, сөйлеу аналитикасына бейімделген сервер жасадық, оны деректер орталығына орналастырдық, барынша өнімділік пен өңдеу жылдамдығына қол жеткіздік. Бәрін жергілікті – Қазақстаннан қолдандық. 

Әзірлеу және сату жағынан команданы сәл ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Бизнес пен тұтынушылар үшін

– AICA платформасының негізгі ерекшеліктері қандай?

–  AICA платформасына екі сегментке арналған сервистер бар:

B2C үшін дыбысты мәтінге айналдырады және мәтінді дыбыстап береді. Бұл – аудиожазбаны, қоңырауды, сұхбатты және кездесуді жоғары дәлдікпен мәтінге жылдам айналдырып беретін ыңғайлы қызмет. Тақырыбына немесе тіліне қарамастан, әрі қарай талдау, өңдеу немесе құжаттамада қолдану үшін мәтінді әп сәтте алуға болады. Мәтінді дыбыстау мәтін деректерін әртүрлі дыбыс пен интонация параметрлерін таңдап, қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдерінде кәсіби аудиоға айналдырады. Бұл қызмет оқу материалдарын, жарнама роликтерін және әлеуметтік желілерге арналған контентті жасау үшін өте қолайлы.

B2B үшін AICA сөйлеу аналитикасы бар. Бұл – қоңырау мен сөйлесуді автоматты түрде өңдейтін, өзара әрекеттесудің негізгі көрсеткіштерін анықтайтын клиентпен байланысты талдауға және жақсартуға арналған кешенді құрал. Сервис скриптер орындалуын, қызмет көрсету деңгейін және қосымша сатылымдарды талдайды, клиенттермен байланыс сапасы қандай екенін толық көрсете отырып, телефон арқылы жасалатын алаяқтықты (фрод) анықтайды. Бұл компанияларға қызметкерлердің жұмысын қадағалауға, клиенттер қажеттігін түсінуге және тиімділік пен сатуды арттыру үшін негізделген шешім шығаруға көмектеседі. 

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Нарықтың осал тұсын анықтау қиын болды ма? 

– Бұл мәселені нарықтың тереңдігі мен тенденциялары тұрғысынан қарастырып көрейік.

Шын мәнінде, біздің қызметтеріміз – транскрипцияға арналған нейрожелілер, сөйлеу синтезіне арналған нейрондар, деректерді бағалауға арналған тілдік модельдер сияқты ЖИ құралдары. Біз ішінара ЖИ технологияларын ел нарығына таратып, оларды локализациялаймыз. 

Мысалы, дыбысты мәтінге транскрипциялауды және мәтінді дыбыстап беруді алайық. Қазірдің өзінде Қазақстанда ай сайын іздеу жүйелерінде осы қызметтерге 100 мыңнан астам сұраныс түседі. Қолданушы сұранысы тек ішінара орындалады, ал қазақ тіліне арналған жақсы қызмет жоқтың қасы. Бұл нарық енді ғана қалыптасып жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде қолданушылар біздің платформамыз арқылы дыбыстық хабарламаларды, жиналыстар мен конференциялардың аудиожазбасын транскрипциялап жатыр. Лекциялар мен семинарлар аудиосын, YouTube және басқа платформалардағы жазбаларды, әріптестердің хабарламасын, ақпаратты тексеру үшін қызметкерлер қоңырауының жазбасын аударады. Қызмет көрсету сапасын, келіспей қалатын жағдайларды есепке алу, тіпті сот отырыстарының ресми транскрипциясын алу туралы өтініштер де бар (бірақ олар оны қағаз түрінде, мөрі мен растауымен беруі керек, өйткені бұл біздің құзыретімізге кірмейді). 120 мың минуттан астам білім беру жобасына арналған материалдарды транскрипциялауға қатысты сұраныстар да болған. 

Дыбыстау қызметі жарнамалық контентті, ақпараттық және оқу материалдарын жасау үшін қолданылады. Бұл сервис әлі де шикі, оны жақсартып жатырмыз. Алайда қазірдің өзінде қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдеріндегі дауыстар, әртүрлі параметр түрлері бар. Оған қоса қосымша дауыстарды синтездеу және қолданушы тәжірибесін жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз.   

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

           

Бірақ бизнес үшін сөйлеу аналитикасы нарығын қалыптастыру қажет. Біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып осы салада жұмыс істеп жатырмыз. Бізге ұқсайтын жобалар бар шығар, бірақ олар туралы білмедік. Бұл – қазірдің өзінде зерттеп, игеріп, сынап, алғашқы сатылымдарымызды жасап жатқан үлкен кластер. Енді осы сегменттердің қайсысының болашағы бар әрі қайсына көбірек мән беру қажет деген сұрақ туып тұр. Мысалы, 10 мыңдаған камерасы бар еліміздің бейне-аналитикалық компаниясынан серіктес болуға ұсыныс түсті. Бұдан қызық симбиоз пайда болуы мүмкін, өйткені сөйлеу аналитикасы қызметті айтарлықтай толықтыруға және клиенттің қажеттіктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Медициналық орталықтардан клиенттердің қоңырауын талдауға сұраныс бар.      

– Стартап қазір қай кезеңде тұр?

– B2C сегментінде гипотезаларды сынап көрдік, қолданушылардың әрекетіне қатысты инсайт алдық. Сөйтіп, қазір қазақстандық қолданушылар үшін №1 транскрипция және дыбыстау қызметі болу стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Көрші елдердің нарығын зерттедік. Сервистерімізді бір ай бұрын сынақ режимінде іске қостық, 1200-ден астам қолданушы тіркелді. Функционалдар түрін сынап көріп жатқанда, фронтты қайта жасақтадық, жақсырақ түрлендіру үшін гипотезаларды сынап көрдік және тағы басқа шаруа атқардық. Қазірдің өзінде барлық тармақпен жұмыс істей отырып, дайын функционалдығы бар қолданушы тәжірибесін жақсарту үшін жаңа алдыңғы дизайнды әзірледік және оны шығаруды дайындап жатырмыз. Жаңа жылға дейін, кем дегенде, 5 000 қолданушы тіркеледі деп жоспарлап отырмыз. 6 ай ішінде Өзбекстан мен Қырғызстанда қызметтерді іске қосамыз, жаңа нарыққа шығу тәжірибесін үйреніп, жалпы 65 миллион адамнан тұратын аудиториямыз болса дейміз.    

Сөйлеу аналитикасында және B2B сегментінде гипотезаларды тексеріп, PMF іздеп жатырмыз. Нарыққа жақсы өніммен сенімді шығу үшін белсенді түрде айналысып жатқан ішкі жұмыс көлемі бар. Сонымен қатар бізді Astana Hub-тың сатылымдар мен кірістің өсуін арттыруға бағытталған Sales Bootcamp бағдарламасына таңдап алды. Өткен аптада бағдарламаның кіріспе сессиясы болды. Сарапшылар мен трекерлердің керемет жинағымен таныстық. Бізге берілген ресурсты тиімді пайдаланып, жақсылап сатып, трекшн жасауды жоспарлап отырмыз.

Фокус – Қазақстан нарығы

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Бәсекелестер көп пе? Өзгелерден айырмашылық қандай? 

– Біріншіден, B2C сегменті бойынша бәсекелестеріміз - ресейлік және халықаралық сервистер. Біздің бас ерекшелігіміз – қазақ тілі мен сөйлеу ерекшеліктеріне негізделген локализация. Екі тілде сөйлесе, ауызекі сленг пен аймақтағы ерекшеліктер араласса, бұл қызмет көрсетуді әлдеқайда қиындатады. Сонымен қатар, Қазақстанда модельдерді оқытып, сынап көретін ашық ресурстар көп емес. Әрине, біздің артықшылығымыз – қолданушыға «жақынбыз» және оны жақсырақ білеміз.   

B2B сегментінде бәсекелестік көп емес, өйткені нарық жаңадан пайда болып, енді қалыптасып жатыр. Нарықты зерттеген кезде  назарымызды аударған нәрсе технологияға және дамуға инвестиция құймай, дайын GPT шешімдерін қолдана отырып, атүсті жасалған жанама жобалар болды. Біздің шешіміміз кассада сату орнында байланысатын екі офлайн нүктелерді қосуға және қоңырау мен әңгімелесудің архивтелген жазбалары түріндегі клиентпен онлайн байланыстарды талдауға мүмкіндік береді. Мысалы, дәріханалар мен дәріхана желілеріне арналған сөйлеу талдауы қызметі бар, онда біз кассалардағы байланыстарды талдаймыз. Медициналық орталықтар мен сауда компанияларына клиент қоңырау арқылы кеңес алған кезге, ескертулер жасағанда немесе тапсырыс бергенге қатысты ұсыныс бар. 

Клиентпен әңгіменің 95%-ына дейін бағаланбайды, талданбайды, сөйтіп әңгімедегі сонша деректің бәрі жай ғана жоғалып кетеді.

Біз коммуникацияларды қызмет көрсету және кеңес беру сапасы, клиенттердің сұрауы мен инсайты, тауарларға немесе қызметтерге сұраныс, түсініспеу мен дағдарыс жағдайларын, фродты және қызметкердің алаяқтық жасауын, қосымша сатылымдар мен скриптарды және тағы басқасын бағалаймыз. 

  – Стартабыңыздың дамуына қанша инвестиция керек?

– Алдағы 6-8 айда өсу, сату, технологиялар мен өнімдермен жұмыс істеу үшін шамамен 30 млн теңге керек. Команданы толық жасақтап бітіп, бұрыннан белгілі жоспарларды жүзеге асыру қажет. 

2080 жылы өмір сүріп жатырмыз ба?

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Стартап жасау қиын ба? Аяққа оралғы болатын нәрсе бар ма? 

– Біріншісі, әрине, тауарлар мен қызметтердің жалпы нарық үшін жаңа әрі түсініксіз болуы. Дәріханаларға барып, презентация жасағаннан кейін ылғи «Біз мұндай нәрсе бар екенін білмедік» немесе «Біз 2080 жылы өмір сүріп жатырмыз ба сонда?» дегенді естиміз. Демек, оларға өнімнің өзін және оның құндылығын түсіну қиын. Транскрипция және дыбыс жазу қызметін қолданатындар сервисімізді жылдам түсініп алады. Өйткені олар ЖИ туралы бұрыннан біледі, жаңалықтардан көрген немесе БАҚ-тан оқыған, кейбіреулері біздікіне ұқсайтынын сынап көрген. 

Сөйлеу аналитикасы өнім ретінде күрделірек, содан оны сату қиын. Дегенмен бұл барлық инновация мен технологияға тән. Қазір қажеттікке айналған дүкендер мен сауда нүктелерін автоматтандыруды еске түсірсек те болады. Бір кездері бәрі дәптеріне есеп жүргізіп, өнімдердің бағасын жазатын, ал қазір бөлшек сауданы автоматтандырусыз елестету қиын.        

– Болашаққа жоспарыңыз қандай? Өнімді жақсарта түсесіздер ме? 

– Біріншісі – сөйлеу аналитикасы үшін PMF табу, технология мен өнімді жасап бітіру. 

Алдағы 6-8 айдағы мақсатымыз – транскрипция және дыбыс жазу қызметтеріне 15 мың қолданушыны тіркеу, ал сөйлеу аналитикасы үшін кемінде қосылған 500 нүктенің болуы. Жақында  ірі дәріханалар желісімен (300 дәріхана) келіссөз жүргіздік. Олар біздің қызметімізге қызығушылық танытып, 2025 жылы AICA-ны енгізу туралы талқылауды жалғастырамыз. 130 пункті бар бір ірі дәріхана желісінің акционеріне материалдар жібердік. Әрі қарай қалай боларын көреміз, әрине біздікінен 10 есе үлкен нарыққа шыққымыз-ақ келеді. 

– Үлкейіп, ірі халықаралық компанияға айналуды жоспарлайсыз ба? 

– Қазір бізге жергілікті жердегі жетістігіміз маңызды. Әсте-әсте. Ал құрылтайшылардың бәрінің дерлік халықаралық ірі компания болсақ деген ниеті онсыз да бар.

ЖИ барлық салаға енеді

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Сөйлеу аналитикасы қызметінің расымен де болашағы бар ма?

– Қазірдің өзінде осы саламен айналысып, технологиясын зерттей отырып, бизнеске әкелетін орасан зор пайданы бағалай алмаймыз. Бұл массивті әйтеуір бір түрде бағалауға тырысу үшін CRM жүйелерінде, виртуалды АТС-терде, банктерден стоматологтарға, сервистік компаниялардан eComm-ға дейінгі бизнестің барлық деңгейіндегі мұрағатта қанша әңгіменің жазбасы сақталғанын елестетіп көріңіз. Ал Қазақстанда күнде оффлайн клиентпен әңгіме жүреді, олар талданбай, назардан тыс қалып отыр. 

Біз мұның бәрін транскрипциялай аламыз. Әр әңгімені бөліп алып отырып оны бағалай аламыз, қызметкердің әрекетін талдай аламыз, клиенттің сұрауы бойынша дерек жинаймыз, кеңес беру және сату деңгейін бағалай аламыз, ұрлық пен алаяқтық туралы біле аламыз, ақпаратты объектив түрде бере аламыз және тағы басқасы.

– Бүгінде стартабыңыз технологияның алдыңғы қатарында тұр. Болашақта не күтесіз? ЖИ қалай дамиды?

– Қазіргі уақытта ЖИ индустриясы хайпты бастан кешіріп жатыр. Технология – ең жылдам әрі ең кереметтердің бірі. Технологиямен айналысатын Қазақстандағы үздік компаниялардың қатарында болғымыз келеді. Вектор қазірдің өзінде нақты анықталған – ЖИ өміріміздің және бизнес-процестердің барлық аспектісіне енеді. Біздің елдегі мұндай аспектілер – медицина, білім беру, қызмет көрсету және үкіметпен өзара әрекеттесу, сату және электрон байланыс, қаржы, қауіпсіздік саласы.

– Қазақстанда стартап бастау ыңғайлы ма?

– Қазірдің өзінде көп нәрсе жасалды, әлі де көп нәрсе істеу керек. Қазақстандағы стартап қозғалысы өте қарқынды дамып келе жатқаны анық. Қараңызшы, биыл қанша стартап кештер мен іс-шаралар өтті, қазірдің өзінде стартаптарды дамытуға арналған қанша бағдарлама бар, мемлекет қаншама бағдарламаны жоспарлап, жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде қанша стартап өз жолына сәтті түсіп кетті. Нарықтың негізгі қатысушылары елімізде және өңірлерде венчурлық капитал нарығын дамыту, стратегиялық мамандарды инвестициялық үдеріске тарту және қорлар қорын құру қажет екенін айтып жатыр.

"Стартаппен 30 жаста айналыспағаныма өкінемін"

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Кәсіпкер болған ұнай ма? Қызметкер болғаннан қиын шығар?

– Айтпаңыз. Бизнесменді бизнесін құрып үлгерген, жобаларын жасап жүріп көп нәрсені басынан өткерген, клиенттік базасы бар, жобалары табысты адам деп есептеймін. Біз әзірше стартаптың романтикалық сатысындамыз – жұмыс үлгісін растаудан бастап нарықты жаулап алуға дейінгі жол күтіп тұр.

Күрделілік жағы аса ауыр емес, ал жауапкершілік жағы қиындау. Бөлімдерді, жобалық және операциялық топтарды құрған, ірі жобаларды жүзеге асырған тәжірибем бар, бірақ топ-менеджер болсаңыз да, бағытқа, қызметкерлерге, жалпы жобаға жауапты болсаңыз да, тіпті компанияда белгілі бір үлесіңіз болса да, негізгі қатерді мойнына алатын акционер болады. Қалай десек те, қызметкер менеджердің, акционердің немесе меншік иесінің «қолшатыры астында» тұрады.     

– Жұмыста не шабыттандырады?

– Уақыт. Уақыт зымырайды, әрі өткен сайын азая береді. Стартаппен 30 жаста айналыспағаныма өкінемін…

– Сөреңізден түспейтін кітаптар бар ма?

– Көбін оқып қойғам. Қазір сүйікті кітабым дейтіні жоқ. Көбіне талдау, арнайы материалдар, зерттеу мен сұхбат оқимын.  

AICA қазақстандық ЖИ-платформа сөйлеу аналитикасының жаңа нарығын жасап жатыр

– Мінез-құлқыңызға қай спорт түрі сай келеді деп ойлайсыз?

– Бұған жауап беру қиын. Өзіме тауға шаңғысы мен хайкинг ұнайды. Жалпы, тауды жақсы көрем. 

– Стартаптың бас миссиясы мен сіздің арманыңыз қандай?

– ҚҰНДЫЛЫҚ қалыптастыру – адамдарға уақытты үнемдеуге, жұмыс істеуге және жақсырақ үйренуге, бірнәрсе жасауға, өзін дамытуға көмектесетін, клиенттеріміз бен қолданушыларымызға шынымен құнды болатын нәрсе істеу. Біз бизнес-процестердің құндылығы мен тиімділігін арттыруды жанымыз сүйеді. Бизнестің классикалық түрін жетілдіруге де, жаңасын жасауға да болады.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *