Жоғары сападағы қызмет пен көңілі толған тұтынушылар – бұл мейрамхананың сәтті болатынын немесе еленбейтінін анықтайтын факторлар. Шағын мекеменің иесі, әдетте, өз ісін оңай басқара алады. Бірақ мейрамхана кеңейгенде немесе үлкен желіге айналғанда, иесі мен топ-менеджмент барлық даяшының жұмысын бақылай алмайды. Әр клиентпен сөйлесіп, конфликтті болдырмауға араласа алмайды. Дегенмен жасанды интеллект (ЖИ) технологиясының дамуы бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Компьютерлік көру технологиясы бар бақылау камералары кафелер мен мейрамханалардың қызметін жан-жақты бақылап, жағдайды талдап, қонақтардың эмоциясын байқап, қорытындысын басшылыққа бөлісе алады. Осындай ЖИ көмегінің арқасында кәсіп иесі мәселелерді тез шешіп, мекемелердің жұмысын оңтайландырады. Aldente AI стартабының негізін қалаушы Лаура Тағанова ER10 Media-ға жасанды интеллектпен жабдықталған камералар қонақүй мен мейрамхана бизнесінде төңкеріс жасай алатыны туралы айтып берді.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

— Айтыңызшы, Aldente AI стартабының негізгі идеясы қандай?
— Aldente AI идеясы – адамға нақты уақытта бизнесі туралы деректер мен жағдайларды білуге мүмкіндік беру. Бұл тез шешім қабылдауға, операциялық жүйе мен тұтынушы тәжірибесін жақсартуға көмектеседі.
Бүгінде әр мейрамхана мен дәмханада бақылау камерасы бар. Олар әдетте қауіпсіздік мақсатында қолданылады. Бірақ камералар иесі мекеменің бизнес процестерін оңтайландыру және тұтынушы тәжірибесін жақсарту үшін пайдалана алатын көп пайдалы ақпаратты жинайды.
Дегенмен бұл жерде бір мәселе бар. Деректерді талдау үшін кәсіпкер немесе менеджер бейнекамера түсірілімдерін қолмен біртіндеп қарап шығуы керек. Басшылардың монитор алдында сағаттап отыруға уақыты жоқ екені анық. Сондықтан біз бизнеске Aldente AI ЖИ үлгісімен бұл мәселені шешуге мүмкіндік береміз.

— Бағдарлама құралы бар камералар қандай деректерді жинай алады?
— Онда аудитория туралы бүкіл ақпарат жиналады: трафик, мейрамхананың толығуы, жұмыс қызатын уақыт, келушілердің жасы мен жынысы, жаңа және тұрақты клиенттер, олардың реакциясы және мекемеде өткізген уақыты. Сонымен қатар операциялық жүйедегі деректердің үлкен блогы да сақталады: кезектер, қызметкерлер жұмысының сапасы, ұрыс-керістер және т.б. Мекеменің иесі немесе менеджер бүкіл оқиға туралы ескерту мен толық ақпаратты дәл сол уақытта алады.
— Камера нашар қызметкерді немесе клиентті бақылай ала ма? Мысалы, біреу ұрлық жасаса?
— Мұндай функцияға сұраныс көп. Бұны тамақтандыру орындары ғана емес, дүкендердің немесе кәсіпорындардың басшылары да сұрайды. Бірақ бұл – бөлек және қиын тақырып. Мұндай технология жасау үшін көп істерді аяқтау керек. Біздің жоспарымызда осындай мүмкіндік жасау туралы ой бар, бірақ жақын уақытта емес. Жалпы біздің бағдарламалық құрал қызмет көрсету сапасын жақсартуға өте жақсы көмектеседі. Кейде қызметкерлер үлгермейтіндей көп адам келеді. Бұл тіпті қызметкерлердің кінәсі де емес. Біз иесіне осы мәселелерді көрсетіп, жағдайды түзетуге көмектесеміз.

— Демек, сіздің өніміңіз кәсіп иесіне оның мекемесі туралы барлық ақпаратты бере алады, солай ма?
— Бәрі де кәсіпкердің сұранысына байланысты. Біздің өнім мейрамхананың немесе кафенің қызметі туралы егжей-тегжейлі мәліметті беруге ғана қабілетті емес. Біз о бастан Aldente AI мейрамханалар желісін басқаратын адамдарға бағытталғанын түсіндік. Себебі олардың көбіне егжей-тегжейлі аналитиканы зерттеуге уақыты болмайды. Сондықтан өніміміз практикалық тапсырмаларды хабарландыру режимінде көбірек орындай алады.
Мысалы, адам ЖИ моделіне кейбір оқиғалар туралы хабарлап тұр деп тапсырма береді. Ол кезек, қызметкерлердің жоқтығы, жанжал немесе келушілер ағынының төмендеуі болуы мүмкін. Белгілі бір сағаттарда келушілер көп болып, даяшылар үлгермей, келушілер көңілі толмаған күйі кетті делік. Осындай кезде ЖИ моделі барлық маңызды процесс пен оқиға туралы есеп береді.
— Стартап идеясы қалай туды? Бұл жеке тәжірибе ме әлде зерттеу нәтижесі ме?
— Aldente AI-ге дейін біз Loca стартабында жұмыс істедік және сонымен Draper University және Astana Hub бірлесіп ұйымдастырған Hero Training бағдарламасына өттік. Loca компаниясымен Америкаға бардық. Бірақ маркетинг пен тұтынушыларды тартуға көп ресурс жұмсамай, көбірек іскерлік құндылықтан тұратын өнім жасау керек деген ішкі қалауымыз бар еді.
Hero Training аясында компьютерлік көру технологиясы бойынша хакатон өтті. Көп идеяның артынан ердік және өзіміз үшін камералар туралы идеямызды сынап көрдік. Осының арқасында бизнес иесі камералардан нақты уақыт режимінде кеңес алады және өз бизнесі туралы маңызды дүниелерді байқайды.
— Стартабыңыз қазір қай сатыда? Бұл дайын өнім бе?
— Иә, өнім жұмыс істеп тұр. Қазақстанда біз Coffee Boom, «Шашлычок», SF сияқты бірнеше желімен жұмыс істейміз. Жақында Panda Express деген ірі америкалық желімен жұмыс істеуге қол қойдық, онымен өніміміздің өте ерте сатысында келіссөздер жүргізе бастадық. Болашақта олардың бүкіл желісін қосу үшін пилот жобаны бірге сауатты әзірлеу біз үшін өте маңызды болып тұр.
Бұған қоса, біз дүниежүзіндегі мыңдаған елді мекендерді біріктіретін 2-3 ірі америкалық компаниямен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Бастапқыда біз шағын клиенттермен көп жұмыс істегіміз келмеді, технологияны үлкен желілерде сынағымыз келді. Нарықтағы стратегиямыз – басқаларды өзі-ақ тартатын 5-10 ірі компаниямен жұмыс істеу.
— Демек, халықаралық компания болуды жоспарлайсыз?
— Әрине, барлық стартап құрылтайшысының немесе біраз бөлігінің қалауы – осы!

— Бүгінде нарықта компьютерлік көру саласында көп стартаптар бар. Сіз бәсекелестеріңізден несімен ерекшеленесіз?
— Иә, жобалар өте көп. Бірақ біз салалы сегменттеміз және әлі де жақсартуға болатын шешімдер жасап отырмыз. Дегенмен бұл көрсеткіштер өз шеңберімізде әмбебап. Өз саламыздағы кәсіпорындардың қандай проблемасы бар екенін және оларға қалай көмектесетінімізді жақсы білеміз.
— Басқа бағытта жұмыс істеуге дайынсыз ба әлде тек нақты бір салаға ұсыныс жасайсыз ба?
— Біздің өнімді түрлі салаларға енгізуге болады: бөлшек сауда, логистика, өнеркәсіп және т.б. Бірақ әзірге біздің міндетіміз – мейрамхана сегментіне сай келетін өнімдер нарығын (product market fit) табу. Содан кейін басқа салаларға көшеміз. Ең бастысы – технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нақты пайда әкелу.
— Бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект саласында нағыз кәсіби мамандар көп емес. Айтыңызшы, Aldente AI-ді қазақстандық команда жасап шығарды ма әлде шетелдік мамандарды тарту керек болды ма?
— Шынында да, мұндай мамандар көп емес, бірақ біз ЖИ саласында өте күшті әзірлеушілер тобын жинадық. Олар – өте білімді, тәжірибелі, ынталы балалар. Барлық жұмыс команда ішінде жүзеге асады.

— Стартап даму барысында қандай да бір күрделі мәселелерге тап болды ма?
— Мәселелер әрқашан болады, олар біз қалағаннан да көп. Көп адам стартапты дамыту сиқырлы, оңай және керемет, ал ақша беретін инвесторлар көктен келе қалады деп ойлайды. Бұл шындықтан алыс. Осы салада жұмыс істеп жүрген бүкіл стартаперлер аздап есалаңдау келеді.
Біздің басты проблемаларымыздың бірі – инфрақұрылым. Бұлттық шешімдерді қолданамыз. Ал ол – нақты уақытта бейне деректерді өңдеуге арналған өте қымбат ресурс. Сонымен қатар орнатылып тұрған камераларға қосыламыз. Бірақ ол үнемі жақсы, сапалы бола бермейді. Оған қоса әрине, біз мекемедегі интернет жылдамдығына тәуелдіміз.
— Қазақстанда стартап қозғалысын дамытуға қолайлы жағдай жасалған ба? Бұл туралы не ойлайсыз?
— Қазақстанның стартап қозғалысын дамытуға айтарлықтай әлеуеті бар. Қараңызшы, қаншама дарынды құрылтайшылар қазір елге ғана емес, сырттан да инвестиция тартып, басқа нарықтарға шығып жатыр. Бұл – өте күшті көрсеткіш. Бірақ одан әрі дамытатын нәрсе бар – технологиялық инфрақұрылым, R&D саласын қолдауды күшейту. Ал ірі технологиялық алпауыттар мен жетекші университеттердің өкілдерінің Қазақстанда болуы аймақтың дамуына, инновациялы шешімдер жасауға, халықаралық инвесторлардың назарын аударуға қуатты серпін болуы мүмкін.
— Стартабыңыздың миссиясы қандай?
— Біз заманауи технологияларды пайдалана отырып, қызмет көрсету сапасын жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттырып және бизнес үшін де, оның клиенттері үшін де қолайлы жағдай жасау арқылы әлемді жақсартқымыз келеді.

— Стартабыңыз бен салаңыздың болашағын қалай елестетесіз? Технология қалай дамиды? Компьютерлік көру технологиясы кәсіпкерлерге көмекші бола ма?
— Біз мультиагент жүйені құру үшін қолданатын бағдарламаларды интеграциялап жатырмыз. Бұл үлкен желілер мен жеке мекемелерге жұмыс процесін оңай әрі тиімдірек басқаруға көмектеседі. Болашақта басқаруға деген көзқарасты өзгертетін ЖИ экожүйесін жасау мүмкіндігін көріп отырмыз. Ол иелеріне шешім қабылдаудың жаңа құралын ұсынады. Олар кәсіпті техникалық тұрғыдан жетілдіреді және ақылды жүйеге айналдырады.
— Өзіңіз туралы сөйлесейік. Анаңыздың тәжірибесіне қарамастан, сіз де кәсіпкерлікке келдіңіз. Бұл қалай болды?
— Анам кәсіппен айналысқан, бала кезімнен бұның қаншалықты қиын екенін көрдім. IT саласында мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда 10 жылға жуық жұмыс істедім. Технологияның әлемді қалай өзгертетініне және оны қарапайым бизнестің жұмысын жақсарту үшін пайдалануға болатынына тереңірек араласқан сайын, кәсіпкерлік туралы көбірек ойлана бастадым.
— Жұмыс істеуге шабытты қайдан аласыз?
— Табиғатымнан еңбекқормын. Қызық әрі пайдалы іспен айналысқанда, командаммен және клиенттеріммен сөйлескенде шабыттанамын, қуат аламын.
— Сізге қандай кітаптар ұнайды?
— Маған көркем әдебиет пен іскерлік әдебиет ұнайды. Бір ғана бағытқа басымдық бермеймін. Көркем әдебиеттен Владимир Набоков қатты ұнайды. Бизнес туралы кітаптарға келсек, бірнеше пайдалы кітаптарды атап өте аламын: Питер Тиль мен Блейк Мастерстің «Нөлден бірге дейін. Болашақты өзгертетін стартапты қалай құруға болады», Барбара Оаклидің «Математик сияқты ойла: кез келген мәселені қалай тезірек және тиімдірек шешуге болады» және Ричард Брэнсонның «Бәрі құрысын! Ал да, істе!» кітаптары.
— Стартапта жүзеге асырғыңыз келетін арманыңыз бар ма?
— Біз бизнес пен қоғамға пайда әкелетін ірі халықаралық компания болғымыз келеді.

— Мінезіңіз бен стартабыңызды қай спорт түрімен салыстыра аласыз?
— Меніңше, жүзу. Жүзу кезінде денеңіздегі және миыңыздағы барлық бұлшықетті пайдаланасыз. Біздің бизнесіміз де солай. Табысқа жету үшін бар күшіңізді, біліміңізді, тәжірибеңізді жұмсауыңыз керек. Сонымен қатар шыдамды болып, табандылық көрсету керек.