Біздің қоғамда «колхозшы» деген сөз неге теріс мағынаға ие? Адамдар ауылдан неге кетіп жатыр? Ал ауыл шаруашылығы саласының миллиондаған қаржысы қайта кетеді? Осы сауалдарға бас қатырған Абылайхан Ахметжанов шаруалардың беделін арттырып, ауыл шаруашылығын Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналдыруды ұйғарған. Ол қазақстандық-украиналық жас мамандардан құралған командасымен бірге фермерлерге, кәсіпорындарға және ауыл шаруашылығы нарығының басқа да қатысушыларына арналған Baibolsyn.kz платформасын құрды. Baibolsyn Solutions компаниясының бас директоры және тең құрылтайшысы Абылайхан Ахметжанов ER10 Media-ға берген сұхбатында оның шешімі қалай жұмыс істейтінін және бүкіл сала қандай қиындыққа кезігетінін айтып берді.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Редакция ескертпесі: «Бай болсын» сөзі байлықты, молшылықты білдіреді, тілек ретінде де айтылады. Стартаптың атауы қазақ диқандарының өнімі мол болсын, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ел экономикасы өркендесін деген ниетте қойылған.
Күтпеген жаңалықтар
— Стартап ашпас бұрын немен айналыстыңыз? Сіздің жеке бизнесіңіз болды ма әлде жалдамалы жұмысқа тұрдыңыз ба?
— Мен John Deere-дің Қазақстандағы ұлттық дистрибьюторы Eurasia Group компаниясында жұмыс істедім. Ол жерге университеттен кейін жұмысқа орналастым. Онда ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды үйрендім. Мысалы, әріптестерімізбен John Deere мен басқа да әлемдік өндірушілердің шешімдерін Қазақстан фермерлерінің қажетіне бейімдей отырып, ауыл шаруашылығын басқару тәсілдерін жаңарттық. Бұған жаңа есептерді құрау, аналитика және деректерді интерпретациялау кіреді. Осы жұмыста мен ең әуелі нарықтың шешілмеген мәселелерін көре бастадым.
— John Deere-де жұмыс істегенге дейін мұндай мәселелер бар екенін білдіңіз бе?
— Жоқ. Бұған дейін мен ауыл шаруашылығымен жаңалықтар арқылы ғана таныс едім және бұл саланың іс жүзінде қандай екенін білмедім. Бұл саланы бір мезетте шынайы түсіне салмайсыз. Толық түсіну топырақтағы тәжірибеден кейін ғана келеді. Өйткені олар әрдайым әртүрлі болады.
— Қазақстандағы барлық шаруаға таныс ең негізгі мәселе қандай?
— Ауыл шаруашылығын айтсақ, бұл күрделі саланың әр кезеңінде мемлекеттен қолдау бар. Кейбірінде ол жұмысты толығымен реттесе, кей жағдайда барлығын нарықтың өзі қадағалайды. Бірақ технологиялық процестерді алсақ, біраз қиындықтар бар. Соның ең күрделісі – ауа райы. Бұл адамның қолынан келмейтін жалғыз нәрсе. Ауа райын бақылаудың дәлелденген және сыналған әдісі жоқ. Тіпті суару және маңызды вегетациялық кезеңде өсімдіктердің алатын ылғал көлемінің ауа райы жағдайына тәуелділігін бейтараптандыруға тырысқанның өзінде, қысқа егін жинау кезеңі бүкіл жұмыстың күл-талқанын шығаруы мүмкін. Ол жаһандық жылынудың әсерінен ғана емес, ұзаққа созылған жаңбырдың салдарынан да қысқарып жатыр.
Редакцияның ескертпесі: Ауыл шаруашылығындағы егін жинау – дақылды оңтайлы тиімділікпен және ең аз шығынмен жинауға болатын шектеулі уақыт кезеңі.
Жаңбыр жауа бастаса, жұмыс бірнеше күнге тоқтайды. Ал одан кейін астықтың кебуін, ол үшін күннің шуақты болуын күту керек.
Басқа мәселелерге жабдық пен тәжірибенің жетіспеуі жатады. Сорттарды дұрыс таңдамау, машиналарды немесе сай келмейтін жиынтықтарды орналастыру шығынға ұшыратады. Бірақ бұл саланың барлық егжей-тегжейін қайдан үйренеміз? Қазақстанда ауыл шаруашылығы бойынша МВА-ға ұқсас курстар немесе мектептер жоқ.
Сонымен қатар маңызды мәселе – ресурс, мемлекеттің қолдауы және т.б.
«Бәрі ашық. Астыртын немесе жасырын нәрсе жоқ»
— Сіздің стартабыңыз мұндайда қалай көмектеседі?
— Baibolsyn.kz – фермерлердің барлық қажетін қанағаттандыратын орталық болатын платформа. Бұл жеткізушілер, өндірушілер, қызметтер мен тәжірибені біріктіретін hardware-маркетплейс түрі. Біз тараптарды біріктіріп қана қоймаймыз, сонымен қатар жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін маңызды пайдаланушылар массасын жасаймыз. Мысалы, платформаның жұмыс істейтінін көрсету үшін мал шаруашылығы курсын жасадық. Онда бәрін егжей-тегжейлі үйрететін жаттығулар бар. Бәрі ашық, астыртын немесе жасырын нәрсе жоқ.
Биылғы қорытынды көрсеткендей, көктемгі егіс пен өнімді өткізуге қатысты мұндай шешім диқан жұмысындағы ең маңызды шешімдердің бірі. Өйткені қазір республика бойынша рекордтық астық жиналып, сонымен бірге базар тапшылығы мен өнім бағасының төмендігі байқалады. Ал пайда – кәсіпорынның табысты болуының негізгі факторларының бірі. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары болмаса, диқандар, фермерлер болмайды. Ал диқандар болмаса, еліміз бен отандастарымыздың азық-түлік қауіпсіздігі болмайды. Иә, бәлкім, бәрі бұл тізбектен шаршаған шығар. Бірақ шындық мынада: бізге фермерлердің табысты болып, кәсібін жалғастырғаны қажет. Түптеп келгенде бұл шаруа қожалықтары мұраға қалады және жұмыс жалғаса береді. Олар ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға кіріседі, сонда ол жердегі адамдар қалаға асықпайды. Мұндай өзгерістер әлсін-әлсін әсер етіп, Қазақстан экономикасына оң ықпалын тигізеді.
Бұл ретте Фермерлер қауымдастығымен ынтымақтастық маңызды қадам болды. Бұл ұйым тоқырауды бастан өткерді, себебі оның рөлі мен міндеттері толық айқындалмаған. Біз оған сараптама, дөңгелек үстелдер және қоғамдастық құру арқылы жаңа тыныс жасағымыз келеді. Көбіне фермерлерге жұмысты орындауға білім мен құралдар жетіспейді. Біз сараптама жасап, бөлісеміз, көмектесеміз. Сонымен қатар нақты жағдайларда гипотезаларды тестілеуді ұйымдастырамыз. Сол себепті биыл желтоқсан айынан бастап бірлестіктің Ақмола филиалына басшылық ету маған тапсырылды. Бұл тұста әртүрлі климат аймақтарын, егінді және техниканы есепке алу үшін көп фермердің қатысуы маңызды. Сондықтан табысты фермерлердің білімі мен тәжірибесін кеңінен тарату жөніндегі біздің міндетіміз өзекті болып отыр. Біз жетекші кәсіпорындар мен сарапшыларды біріктіру үшін Қазақстандағы фермерлердің кәсіби қоғамдастығын құрдық. Енді Baibolsyn.kz сайты арқылы қажет ақпарат ресурсы мен сату туралы жарнамаларды таба аласыз.
— Сіздің платформаңыз неден тұрады?
— Платформаның бірнеше бағыты бар:
- Хабарландыру мен маркетплейс — тауарлар мен қызметтерді таныту жөнінде қосымша қызметтері бар бағыт.
- Оқыту бағытында онлайн курстар (тағы 6 бағдарлама дайындалып жатыр), офлайн топтар, әлемдік тәжірибені зерттеу үшін Қазақстан және шетел сапарлары қамтылған.
- Біріктірілген hardware-шешімдер — түрлі құрал мен технологияны бір пакетке біріктіріп, клиентке мәселесін шешуге көмектесеміз.
— Табыс қайдан түседі?
— Сайттан түсетін табыс ақылы хабарландыру, жеткізушілер беттерін, жеке дүкен беттерін жасауға (таңдауға) негізделген (satu.kz сияқты, бірақ бренд пен жеке кабинеті бар жеке арнасын жасаймыз). Hardware-командадан автоматтандыру жүйесі мен егін технологиясы тұрғысынан тауарлар мен қызметтерді классикалық жеткізуден табыс түседі. Кейбір өнімдер тұтынушылардың басқа санаттары үшін жарамды. Жанар-жағармайды қабылдау мен жіберуді автоматтандыру ісі жеке мұнай базасы мен жанар-жағармай тұтынушыларынан қоры бар барлық кәсіпорынды қызықтырады. Бұған бұдан әрі өндірісте кеңес беру (аудит, өнімді біріктіру және т.б.) қосылады.
— Стартап техникалық жағынан қалай құрылған?
— Бағдарлама тілі: Python, JS.
Framework: Django.
Деректер базасы: PostgreSQL.
Іздеу және сүзгілер: ElasticSearch.
Маршрутты есептеу: OpenStreet Maps.
Мобильді әзірлеу: React Native.
— Командаңыз туралы айтып беріңізші?
— Біздің ұжымда 30-дан астам адам жұмыс істейді. Бас директор ретінде мен hardware-құралдар мен бетпе-бет келісулерге жауаптымын. Тең құрылтайшым, цифрлық құралдар жөнінде маман және Украинадағы ең ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының бұрынғы қызметкері Александр Мащенконы маркетплейстермен бірге жұмыс істеуге шақырдық. Біз фермерлерді кешенді тәсілдер мен тәжірибе, технология және қоғамдастық арқылы қолдау Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға көмектесетініне сенеміз.
Барлығына бейімделе алу
— Стартабыңыз кәсіпорындар үшін де, жеке фермерлер үшін де шешім ұсынып жатыр ма?
— Біз B2B, B2C, холдиңтермен және фермерлермен жұмыс істейміз. Өнім өте әмбебап және кез келген деңгейдегі ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне келе береді.
Арнайы жері жоқ, жаңадан бастап жатқан адам да оқу курстарынан өтіп, маркетплейс көмегімен нарықты түсіне алады.
Шағын шаруа маркетплейсті пайдаланып, жалпы қоғамдастықпен байланысып, өз мәселелеріне ашық қарай алады. Бізде тағы бір бөлек қызмет бар. Ол — кәсіпорындардың аудиті. Бүкіл жұмысқа толық араласқан шаруаның өзі көзге көрінбейтін шығынның қай кезде болатынын білмеуі мүмкін. Мүмкін ол сегіз жыл бойы тракторын жаңартуды кейінге қалдырған шығар? Аудит экономиканы және көптеген қосымша аспектілерді қамтиды. 130 миллион теңгелік трактор онша қымбат емес, өзін 2,5 маусымда ақтайды екен. Ал жаңа трактор мен қауымдастықтың көмегімен егіс айналымын әртараптандыруға және қазіргі шындыққа сай келетін шекті дақылдарды енгізуге болады. Жаздық дәнді дақылдарға жоғары тәуелділік егіншілердің көбінің біртұтас тәуелділігіне әкеліп соқтырады. Себебі ауа райы қолайсыз болса, бүкіл Қазақстанда өнім алынбайды. Ал қолайлы ауа райында астық көп жиналады. Сондықтан біздің үкімет бәсекеге қабілетті сақтау үшін өнімдер, кептіру, логистика және т.б. субсидиялау үшін қайтадан қаражат бөлуге мәжбүр.
— Егер мен шаруашылықпен айналысқым келсе, маған не ұсына аласыз?
— Дәл осы тұста көмектесе алатын бірнеше сарапшы бар. Шынында біздің біраз қызметіміз сұраныстар негізінде пайда болды. Өйткені кейбір нәрсеге инвестиция салғанда ол идеялар көрші елдерде жұмыс істеп, бізге жарамай қалған. Осылайша босқа уақыт өткізіп алдық. Сондықтан қазір шаруаларға шынымен не қажет екенін қарастырып, сол жағын қамтуға кірісіп жатырмыз.
— Қазақстанда бәсекелестеріңіз бар ма?
— Елімізде дәл мұндай біркелкі шешімдер жоқ. Бірақ нарықтың дамуының артында оның әртүрлілігі жатыр. Сондықтан көп нәрсені жасауға болады. Маркетплейстер туралы айтсақ, Telegram мен WhatsApp-тағы чаттар біздің бәсекелестеріміз деп әзілдейміз. Өйткені адамдар сол жерде де бірдеңе сатып жатыр. Біздің артықшылығымыз — біз ұсына алатын қызметтердің нақты тізімі бар. Біз жарнамалайтын дүниемізге аса мән береміз, өйткені сенімді маркетплейс болып қалуды мақсат тұтамыз.
Егер hardware-шешімдер туралы айтсақ, John Deere әзірлемелерінің ресми дистрибьюторлары, сонымен қатар жеке навигациялық шешімдер бар. Бірақ әрдайым Қазақстан фермерлеріне қолайлы және оның нақты сұранысын қанағаттандыратын шешімдерді таңдауға тырысамыз. Шешімдерді тұтынушылардың сұранысына қарай бейімдейміз.
Ауыл шаруашылығы трендте!
— Қазір тек Қазақстанда ғана жұмыс істеп жатырсыздар ма?
— Қазір, иә, Қазақстанда. Бірақ ауқымды жоспарлар бар.
— Сіздің миссияңыз қандай?
— Кейінгі технологиялар мен трендтердің көмегімен ауыл шаруашылығы кәсібін жеңілдетіп, оны тартымды әрі тиімді ету. Ауыл шаруашылығы қайтадан Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналып, өркендеп, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алса дейміз. Ал шаруалар «колхозшы» аталмаса екен дейміз. Себебі бұл сөз Қазақстан қоғамында теріс мағынада қолданылады. Фермерлер ауылда келешегі жоқ жұмысты істейді, көп уақытын топырақта өткізеді, ал кеңсе қызметкерлері әдемі киініп, өте маңызды нәрсе жасайды деген таптаурын бар.
— Стартабыңызды қандай спорт түрімен байланыстырасыз?
— Марафон командалық спорт болса, соны таңдар едім. Стартап — мәңгі жүгіру, белгілі бір мақсатқа жетуге тоқтаусыз ұмтыла беру.