Компанияларға да, қарапайым адамдарға да ауыр өнеркәсіптік жабдықтар қажет кездер болады. Мысалы, жаңа үйдің іргетасын қалауға, шұңқыр қазуға, көпқабатты үй тұрғызуға, жүк тасымалдауға, ескі сарайды бұзуға, құрылыс қалдықтарын шығаруға. Мұндайда экскаватор, жүк тиегіш, бульдозер мен кран сияқты ауыр машиналарсыз қиын. Дегенмен жоғары білікті оператор болса да, дұрыс жабдықты жылдам табу өте қиынға соғуы мүмкін. Адамдар интернеттен іздейді, жарнамаларды көреді, бірақ жұмыс сапалы және уақытында аяқталатынына кепіл жоқ. TapQan платформасы нарықтағы осы мәселені шешуге арналған. TapQan стартабының негізін қалаушы Бейбарыс Дүйсен Er10.media сайтына Қазақстанда арнайы техника нарығын қалай дамытатынын және клиенттерге арнайы жабдықты таңдауға ЖИ қалай көмектесетінін айтып берді.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Өнеркәсіптегі мәселе
– Бизнеске келіп, қалай стартапер болып кеткеніңіз туралы айтып беріңізші?
– Білімім бойынша инженер-механикпін. Қытайда оқыдым, содан кейін осындағы Қазақ-Британ университетін инженерлік және өнеркәсіптік жобаларды басқару мамандығы бойынша бітірдім. Диплом алғаннан кейін тау-кен компаниясына жұмысқа орналастым. Кейін осы салада өзімнің жеке компаниямды құрдым. Біз пайдалы қазбаларды өндіріп, өңдеумен, инертті материалдарды өндірумен айналысамыз. Өнімдерімізбен Қазақстанның үш облысын қамтып отырмыз.
Жұмыс істеп жүріп, өзекті мәселеге тап болдым. Тау-кен өнеркәсібінде жұмыс ауыр әрі күрделі. Көбіне ауыр техниканың өзі істен шығып қалады. Бір экскаватордың, бульдозердің немесе тиегіштің кесірінен бүкіл бригада немесе тіпті бүкіл өндіріс тоқтап қалуы мүмкін. Жұмыс істеп тұрған тізбектен бірнәрсе шығып қалса, бүкіл жүйе жұмыс істемей қалуы ғажап емес. Мұндайда тез арада орнына техника іздеуге тура келеді. Бұзылған машинаның орнына дәл сол жұмысты орындай алатын жабдық керек. Әрі ол тез жетуі керек. Бірақ бұл көбіне өте қиын екен.
Мұндай жабдықты интернеттен стандартты түрде іздеп, табу көп уақыт алады. Адам қоңырау шалып, қосымша ақпарат алып, төлем жөнінде ақылдасу қажет. Тіпті мұндайда жабдық уақытылы келе ме, оның операторы жеткілікті білікті ме, осы жағы ақсайды.
Дегенмен арнайы техника иелері клиенттерді тауып, дер кезінде төлем жасауда қиналады екен. Оның үстіне тапсырыс беруші жабдықты дұрыс таңдамайтын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, экскаватор керек кезде қателесіп бульдозер шақырады. Осының салдарынан бәрі қаржылай шығындалады.
Бұл расымен де нарықтағы бір проблема екен. Үш жыл бойы мен осы мәселені зерттедім. Өзім жабдықты жалға алатынмын, оған қоса компаниямның көліктерін түрлі клиенттерге жалға беретінмін. Бұл мәселені екі жағынан да зерттеп көріп, стартап ашсам деген идея келді. Өзім сияқты ойлайтындардан шағын команда жинадым. Сол кезде тәжірибелі стартапшы болып тұрған досыма жүгіндім. Оған қолданба жасап, инвесторларға баратыным туралы айттым.
Биіктерге біліммен...
– Әрі қарай оқиға қалай өрбіді?
– Менің идеям досыма ұнады, бірақ жоспарым бұл формада жүзеге аспайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, ең әуелі минимал өнім жасап, оны сынап, нәтиже алу керек. Бірінші оны нарықта сынап көру керек, содан кейін ғана инвесторларға баруға болады. Оның сөзінен соң идеямды не қыларымды білмей, жоғалып кеттім.
Бір күні Astana Hub стартапшыларға Startup Garage инкубациялық бағдарламасын ашады деген жарнаманы кездейсоқ көріп қалдым. Ойланбастан тіркелдім. Бізді команданы жобамызбен бірге алдын ала дайындыққа қабылдады.
Сосын Astana Hub тәлімгерлерімен жұмыс істеп, жобаның тұсаукесерін дайындадық. 300 команданың ішінен жаттықтырушылармен бірге үш айлық Startup Garage инкубациялық бағдарламасына қабылдандық. Әлсіз командалар бірте-бірте шығып, қалғандардың арасынан 15 үздік стартап таңдалды. Оның ішінде біз де болдық.
– Стартаптың негізгі идеясы қандай? Компаниялар мен жеке тұлғаларға арнайы жабдықты табуға көмектесесіз, солай ма?
– Біздің платформада арнайы техниканы жалға алғысы келетін клиент пен экскаватор, кран иелері жиналады. Біріншісіне дұрыс техника табуға көмектесеміз, ал екіншісіне тұтынушы адам тауып береміз.
– Стартабыңыз даму барысында қандай қиындықтарға тап болды?
– Ешқандай қиындық болған жоқ деп айта аламын. Иә, стартапты қалай ашу керек екенін білмегенде біраз уақыт абдырап қалдым. Бірақ Startup Garage аясындағы тренинг бәрін өз орнына қойды. Содан болар, ешқандай өрескел қате жібермедік. Басынан бастап дұрыс бағдарланбасақ, шынымен де ауытқып, дұрыс емес жолмен жүруіміз мүмкін еді. Әзірше негізгі қиындық клиенттермен қарым-қатынас құруда туындап отыр. Мысалы, бір адам телефон соғып, үйін бұзайын деп жатқанын айтады. Мен кеңесші ретінде тапсырыстың егжей-тегжейін нақтылай бастаймын. Сонда үйді емес, уақытша жеңіл сарайды бұзу керек екені анықталады. Бұны білгесін оларға үлкен шынжыр табанды экскаватор емес, «Петушок» деп аталатын шағын «3-те 1» доңғалақты машина қажет екенін бірден айта аламын. Оның бір жағынан бульдозер сияқты жүзі, екінші жағынан экскаватор сияқты шелегі бар. Демонтаждаудан кейін құрылыс қалдығы шығатынын білемін. Сол үшін клиентке қалдықты алып кететін қосымша қызмет бар екенін айтып, өзіміздікін ұсындым. Біліктілігімнің арқасында біз тапсырысты тиімді орындап, қоқыс шығарғанымыз үшін тағы ақша алдық. Болашақта бұл жұмысты ЖИ моделі жасайды.
Экскаваторды сізге нейрон желі тауып береді
– Платформаға жасанды интеллект енгізуді жоспарлап отырсыз ба? Ол қалай жұмыс істейді?
– Біздің ортақ құрылтайшымыз Есет Жүсіпов – жасанды интеллект саласының маманы. Біз жүз шақты кеңесші отыратын байланыс орталығы болғымыз келмейді. Оның орнына біз клиенттерге кеңес беретін ЖИ моделін енгізуді көздеп отырмыз. Адам жағдайын айтады, ал нейрон желі не қажет екенін нақтылайды. Сосын оған қажет аймақтан оңтайлы арнайы жабдықты таңдап береді. Бұл шығынды азайтып, платформаны одан да тиімді етеді.
– Стартабыңыздың монетизация моделі қандай?
– Біз екі жақтан да (клиент пен мүлік иесінен) 10% көлемінде комиссия аламыз. Мысалы, құрылыс краны 1 тәулікке қажет делік. Шартты түрде оны мердігер 100 мың теңгеге жалға береді. Біздің шартымыз бойынша ол 90 мыңға көлік береді, ал жалға алушы 110 мыңға техника алады. Платформаның комиссиясы – 20 мың теңге.
Бәріне тиімді артықшылық
– Мұндай жүйе платформаны қолданушыларға тиімді ме?
– Иә, бұл оларға тиімді, өйткені біз екі тарапқа да қызмет көрсетеміз. Арнайы жабдықты жалға алатындар үшін біз жеткізуші мен машина сенімді болуын шешеміз. Мысалы, бульдозердің техникалық бақылаудан өткеніне және операторының біліктілігі бар екеніне кепіл береміз. Сонымен қатар тұтынушы көп күтпеуі үшін мүмкіндігінше жақын жердегі жабдықты таңдаймыз.
Тағы бір қызық аспект. Мысалы, клиент ақшаны онлайн аударып жібергісі келеді делік. Бірақ жабдық иесінің есепшоты жоқ, ол ақшаны қолма-қол алғысы келеді. Бұл мәселені де қолға алып жатырмыз. Жалға алушы ақшаны бізге аударады, ал біз мердігерге қолма-қол ақша етіп береміз. Сонымен бірге біз бұл жерде мердігер үшін төлем кепілгеріміз. Тапсырыс беруші қандай да бір себептермен аударманы кешіктірсе, біз мердігерге тиісті соманы төлейміз. Ең бастысы, біз арнайы техникасы бар адамдарға тұрақты клиент тауып береміз. Жалпы алғанда, Uber және Yandex Taxi осыған ұқсас монетизация үлгісімен жұмыс істейді және бәрі риза.
– Стартабыңыз қай кезеңде?
– MVP. Біз ең керек алаңды жасап, 20-дан астам клиент таптық. B2B, B2C және B2G секторларында жұмыс істей алдық. Қазір командамызға мамандарды шақырып, инвестиция іздеп жатырмыз.
– TapQan-ды дамыту үшін қандай инвестиция қажет?
– Ең дұрысы, 200 мың доллар жинау керек. Әрине, инвесторлардың кез келген ұсынысын жеке талқылаймыз.
Үлкен бульдозерге кең алаң керек
– Қандай нарықты бағындырғыңыз келеді? Халықаралық компания болуды мақсат етесіз бе?
– Меніңше, әр стартаптың арманы – әуелі жергілікті нарықты жаулау, содан кейін бүкіл әлемге танылу. Біздің мұндай мақсатымыз бар. Әуелі Алматы нарығында орын алуды жоспарлап отырмыз, содан кейін аймақтарға шығамыз. Одан кейін ТМД, Еуропа, АҚШ нарығына шығамыз. Біздің командамыз жақсы, тамаша өніміміз бар. Сондықтан мұндай жоспарлардың орындалуы әбден мүмкін.
– Сыртқы нарықта бәсекелестеріңіз бар ма?
– Зерттегенде дәл біздікімен бірдей платформаларды тапқан жоқпыз. Жанама бәсекелестер бар. Олар OLX сияқты тек арнайы жабдыққа бағытталған хабарландырулар жасайды. Ал біз төлем мен жеткізушілерге кепіл беретін сенімді ортамыз. Оған қоса кеңес беру қызметі де бар.
Әрине, мұндай жобалар жақын арада пайда болмайды деп айта алмаймыз. Мені осыған ұқсас идеясы бар басқа стартаптар шақырды және күш біріктіруді ұсынды. Бірақ біз олармен бір көзқарасқа келе алмадық.
– Сіздің платформаңыз қандай да бір әлеуметтік мәселелерді шеше ме?
– Шешеді деп ойлаймын. Өңірлерді жиі аралаймын. Отбасым үшін табыс табамын деген ниетпен мүлкін сатып, несие алып, арнайы техника сатып алған тұрғындарды көріп жүрмін. Олар тапсырыс іздейді және тапқанын орындайды. Сонымен несиесін жабады, көбіне көпбалалы отбасыларын асырайды. Бірақ оларға клиент табу қиын, сәйкесінше ақша табу оңай емес. Мен осындай кәсіпкерлермен сөйлесіп көрдім. Олар біздің стартаптың дамуына үлкен қызығушылық танытты. Бұл оларға көп тапсырыс әкелетінін түсініп отыр. Тіпті олардың клиенттері 50% өссе де, бұл оларға үлкен көмек болады. Біз осындай жандардың қаржы мәселесін шешуге, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге және аймақтардағы экономиканың дамуына үлес қосқымыз келеді.
Нысанаға дәл тигізу
– Жұмысыңызда сізді не шабыттандырады?
– Мені табысты әріптестер шабыттандырады. Олардың көбі өзімнен кіші, бірақ соған қарамай, олар үлкен жетістіктерге жеткен. Бұл қызғаныш емес. Олардың жетістіктері мені мақсат қоюға және соған жетуге жетелейді.
– Айтыңызшы, стартапта жүзеге асырғыңыз келетін арманыңыз бар ма?
– Платформа тезірек дамып, бүкіл әлемге танылғанын және адамдарға пайда әкелетін жоғары сапалы өніммен мақтана алсақ деп армандаймын. Бұл – басты арманым. Материалдық жағы да маңызды. Бірақ жоба сәтті жүзеге асса, қаржы жағынан да бәрі жақсы болатынын білеміз.
– Мінезіңізді қандай спорт түрімен байланыстырар едіңіз?
– Мінезім байсалды, салмақты. Шешім қабылдарда жеті өлшеп, бір кесемін. Әрдайым мақсатыма жетуге талпынамын. Сондықтан мінезіме ату жақсырақ жарасады деп ойлаймын. Мен үшін байсалды түрде нысананы таңдау, зейінімді қою және көздегенімді дәл ату маңызды.
– Стартабыңыздың болашағын қалай елестетесіз?
– Алдағы жылдарға нақты жоспарымыз бар. 2025 жылдың соңына қарай айналымды 300 мың долларға жеткізіп, өзін-өзі қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Екі жылдан кейін біз Қазақстанның барлық ірі қаласында ашыламыз. Үш жылда барлық облысты, ауылдық жерлерді қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Содан кейін көршілес елдердің нарығына шығамыз.