Қатерлі ісік ерте анықталса, оны жеңіл әрі қымбат емес әдістермен емдеп, аурудан айығуға, науқастың өмірін сақтап қалуға болады. Бұл медицина аксиомасы дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақстандық FORUS DATA стартабы төмен дозалы компьютерлік томографиялық зерттеулерді қолданып, өкпенің қатерлі ісігін ерте кезде анықтау үшін нейрон желісін жасап шыққан. Бүгінде бұл жүйеге Қазақстанның 200-ден астам медицина ұйымдарында 500-ден астам техника қосылып тұр. FORUS DATA-ның негізін қалаушылар Руслан Орманбетов пен Алмат Мендебаев ER10 Media редакциясына стартаптың қалай құрылғанын, қандай технологиялар қолданатынын және оның болашағы қандай екенін айтып берді.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Нейрон желі адам өмірін құтқаруға көмектеседі
— Айтыңызшы, FORUS DATA стартабының негізгі идеясы қандай? Ол қалай жұмыс істейді?
Руслан Орманбетов: Біздің команда өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтайтын ЖИ моделін жасап шықты. Нейрон желі ағзадағы 3 миллиметрден асатын күдікті ауру ошағын таба алады. Себебі осындай кішкентай дүние аурудың пайда болғанынан хабар беруі мүмкін. Модель тіпті радиолог көрмеуі мүмкін осындай кішкентай өзгерісті де байқайды. Сонымен қатар жүйе дәрігердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Оған скрининг бағдарламаның режимінде көбірек пациентті тексеруге мүмкіндік жасайды. Себебі оны қолданбай диагноз қою 40-50 минутты алады. Біздің нейрон желі талдау сапасын арттыра отырып, бұл уақытты 10 минутқа дейін қысқартады.
Болашақта Қазақстанда кең ауқымды скрининг бағдарламасын жасағымыз келеді. Ол бүкіл халықты бақылап, қатерлі ісік бар-жоғын жүйелі түрде тексерер еді. Шамамен былай: медицина ұйымдарынан алынған деректер ЖИ-дің көмегімен автоматты түрде өңделіп, талдау үшін орталықтандырылған PACS жүйесіне (суреттерді мұрағаттау және жіберу жүйесі) жіберіледі.
Алмат Мендебаев: Нейрон желі сұрыптауды бағдаршам принципімен жасайды. Жасыл түс сау адамдарды білдіреді. Қызыл түс – онкологтың шұғыл көмегін қажет ететіндер. Ал сары түс ЖИ-дің күдігін, қосымша бақылау мен тексеруді қажет ететіндерді білдіреді. Басты міндет – мұндай жағдайларды медицинаның ақпарат жүйесіне енгізіп, үш-бес айда бақылауға алу. Мақсаты – кез келген өзгерісті дер кезінде анықтау және ауруды тоқтату үшін әрі қарай бақылау. Нейрон желіден осындай белгі алған онкологтар мұны қосымша зерттей алады.
— Мұндай стартап құру идеясы қалай пайда болды?
Руслан Орманбетов: FORUS DATA идеясы бұрын – 2017 жылы мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте «жасанды интелекті пайдалану» деген сөз алғаш айтылғанда пайда болды. Сол кезде-ақ командамызбен медицинадағы процестерді оңтайландыруға атсалысқымыз келген.
Айта кетейін, негізін қалаушылардың бірі Ермек Шамұратов Қазақстандағы IT мамандарының екі буынын тәрбиелеген. Бірқатар білікті мамандарға, кәсіпкерлерге, шенеуніктерге тәлімгер болған. Ол – 80-жылдары КСРО Жинақ кассаларының процестерін автоматтандыруға қатысқан кеңес мектебінің өте тәжірибелі программисі.
Ермек Шамұратов көп жыл бойы медицинаға қызығып келеді. Оның негізгі идеясы медицинадағы қызмет көрсету парадигмасын – әдістерді, тәсілдерді және медицина мекемесі мен пациенттің өзара әрекетін өзгерту. Содан Қазақстанда, мүмкін, бүкіл әлемде денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай жақсартатын стартап жасаймыз деп шештік. Сөйтіп халықтың өкпе ісігі пайда болуы мүмкін делінетін топтарын (жас, өндірісте істейтін, шылым шегетін және басқа да факторлар) скринингтен өткізу арқылы ауруды ерте кезеңде анықтайтын бағдарламаны жасауды бастап кеттік.
— Неліктен өкпенің қатерлі ісігін таңдадыңыздар?
Алмат Мендебаев: Бұл қатерлі ісіктің ең қауіпті түрі екені рас. Ерлердің өкпе ісігінен өлуі қуықасты безінен 4,5 есе жоғары. Әйелдерде бұл ісік сүт безі қатерлі ісігінен де көп кездеседі, 2,5 есе жиі. Сонымен қатар таралуы бойынша өкпенің қатерлі ісігі сүт безі обырынан кейін екінші орында, аурудың барлық түрлерінің ішінде 11,4%-ға тең. Демек өкпе обыры – көп адамның өмірін қиятын қауіпті аурудың бірі. Қатерлі ісікті ерте анықтай алсақ, көп адамды құтқарамыз.
Ұзақ та күрделі жұмыс
— Стартабыңыз қалай дамығанын айтып беріңізші?
Руслан Орманбетов: 2019 жылы біз Дүниежүзілік банктен грант алып, рентген нәтижесін талдай алатын нейрон желі моделін әзірлеуді бастадық. Сол кезде де біздің нейрон желі өкпе ауруларының шамамен 14 түрін анықтай алатын.
Содан кейін пандемия басталды да, біздің өнім нағыз сынақтардан өтті. Біз бұл жүйені Қазақстанның барлық ауруханасына бердік. Ол дәрігерлерге түсетін салмақты азайтуға, дер кезінде диагноз қоюға, аурудың өршуін болжауға және өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік берді.
ЖИ моделін дайындаудан бөлек, ақпаратты өңдейтін PACS жүйесін таңдап, конфигурациялау қажет болды. Бізге партнер керек дедік. 2019 жылы португалиялық компаниямен келісім жасап, бірлесіп Астана мен Алматыдан дата орталықтары негізінде өзіміздің PACSCenter-імізді аштық. Қазірдің өзінде жүйеге 200-ден астам медицина мекемесі және 500-ден астам цифрлық радиографиялық жабдық – рентген, КТ, МРТ және т.б. қосылған. Біздің PACS жүйеміз соншалықты жылдам, ол дәрігерлерге пациенттің дерегін әлемнің кез келген жерінен көруге мүмкіндік береді. Деректер ұзақ жүктеліп тұрмай, тікелей браузерде ашылады.
Содан ақырындап ЖИ-ді біртіндеп жетілдіре бердік. Басында рентген нәтижесі көмегімен аурудың алғашқы белгілерін анықтай аламыз деп ойладық. Бірақ мамандармен кеңесіп, нейрон желіні компьютерлік томографиямен жұмыс істеуге бейімдейміз деп шештік.
2020 жылы Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының платформасын, жетекші мамандары мен құзыретін пайдалана отырып, осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келістік.
Осы ретте адамның емханаға түскенінен бастап хаттамалық ем алғанға дейінгі процесті барынша автоматтандыруды ойластырдық. Медицинаның проблемаларын түсіне бастадық. Ең әуелі қаржыландыру жетіспейді, білікті кадрлар тапшы және мұндағы көзқарас консервативті. Сондықтан мәселені шешуге ауқымды және кешенді түрде қарау керек екенін түсіндік.
— Халықты жаппай скринингтен өткізу неліктен маңызды?
Руслан Орманбетов: Өкпенің қатерлі ісігін ерте кезде анықтасақ, емдеу тиімдірек әрі жеңіл өтеді. Әрі қымбат шықпайды. Мынадай қарапайым статистика бар: егер ауру I кезеңде анықталса, емдеу құны 500 000 теңгеге дейін жетеді. Ал өмір сүру деңгейі 85-90% көлемінде бес жылға тең. Дәрінің әсері де салыстырмалы түрде қауіпсіз болады. Егер қатерлі ісік кеш, ІІІ сатыда анықталса, онда мұндай науқастардың өмір сүру көрсеткіші бес жыл деп алғанда 15%-дан аспайды. Ал емдеу құны 9 миллионнан 54 миллион теңгеге дейін баруы мүмкін. Мұндай ем адамның денсаулығына өте зиян. Жаппай скрининг адам өмірін сақтап қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай қаржы үнемдеуге жағдай жасайды.
— Жасанды интеллект өте жас әрі серпінді технология. Бағдарламаны кім әзірледі? Шетелдік мамандар ма, әлде отандық мамандар ма?
Руслан Орманбетов: Бұл — толығымен отандық өнім. Оны біздің команда жасады және авторлық құқықты толық иеленеміз. Біздің компания нарықта 30 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақытта біз әлемдік деңгейдегі өнімді жасауға қабілетті өте күшті команда жинадық. ЖИ технологиясы тез дамып жатқаны соншалық, бұл салада ай сайын үлкен өзгерістер болады. Сондықтан Data Science басшымыз қазір АҚШ-та. Ол платформамызды одан әрі дамыту мақсатында біліктілігін арттыру курсынан өтіп жүр.
— Әзірлеу тобы кімдерден құралған? Бағдарламашылар ма әлде дәрігерлер ме?
Алмат Мендебаев: Бұл – жан-жақты командасы бар үлкен жоба. Әзірлеу тобы бар. Оған қоса дәрігерлермен, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жасауға жауапты адамдар бар. Сонымен қатар бізге модельдерді сынақтан өткізіп, оны жақсартуға Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының мамандары көмектеседі.
Маңызды жоба өз сәтін күтеді
— Жобаларыңыз денсаулық сақтау жүйесіне өте қажет. Бірақ неге өкпенің қатерлі ісігін анықтайтын жаппай скрининг Қазақстанда әлі жоқ?
Руслан Орманбетов: Біздің жобаның басты қиындығы – мемлекеттік қолдауды қажет ететіні. Өйткені скринингтік тексеру медициналық сақтандыру жүйесі мен ел бюджеті есебінен халыққа тегін медицина қызметін көрсетуді көздейді. Жасанды интеллект көмегімен жаппай скрининг пайда болуы үшін бізге ЖИ-ді қолданудың заманауи ережелері қажет және ең бастысы министрліктер әлемдік трендтер мен технологияларды пайдалану қажет екенін түсінуі керек. Цифрлық даму министрлігі мен QazInnovations қанша қолдаса да, елімізде жұмыс істейтін бюрократиялық механизмдер қандай да бір жаңалықты ақылға қонымды мерзімде енгізуге мүмкіндік бермейді.
Сондықтан FORUS DATA және Cerebra стартаптары консерватизм мен бюрократиялық жүйені бұзған MedTech саласындағы алғашқы байыпты стартаптар болды. Бірқатар құқықтық аспектілерді шешуге көмектесетін мәселелерді реттеуге ЖИ-ді дамыту қауымдастығы қосылды. ЖИ қауымдастықтары бірігіп жатыр, бұл бізді қуантады.
FORUS DATA мен Cerebra Қазақстандағы жобасын аяқтап, басқа елдерге шығу үшін алғышарттар жасады. Cerebra сыртқы нарыққа шықты, біз оларға сәттілік тілейміз. Бірақ біз жобамызды Қазақстанда іске қосқымыз келеді. Бұл жер – біздің Отанымыз.
Стартапқа қазірдің өзінде 2 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынды. Бірақ біз әкімшілік кедергілерге байланысты коммерцияландыруға жете қоймадық. Шешім қабылдау процесіне біраз реттеуші органдар қатысады. Соңында бекіту процесі созылып кетеді.
Алмат Мендебаев: Төмен дозалы компьютер томографиясы арқылы өкпенің қатерлі ісігін скринингтік тексеру бағдарламасы бұрын үкіметтің 10.05.2023 жылғы № 874 қаулысымен «Қазақстандағы қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына» енгізілген еді. Бірақ әзірше Денсаулық сақтау министрлігі медицина тәжірибесінде ЖИ технологияларын пайдалануға рұқсат бермеген. Скрининг бағдарлама әлі де бекіту сатысында. Енді Денсаулық сақтау министрлігінің сапа жөніндегі бірлескен комиссиясының шешімін күтіп отырмыз. Ол денсаулық сақтау технологиясын бағалауды бекітуі керек. Келесі кезекте Денсаулық сақтау министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелері ЖИ көмегімен медицина қызметіндегі скринингті қамтамасыз ететін тарифті әзірлеуі керек. Осыдан кейін ғана біз жүйені коммерцияда пайдалануға бере аламыз.
Руслан Орманбетов: Бағдарламаға қомақты қаржы бөлінді, бірақ көктемде біраз өңірде су тасқыны болды. Салдарынан үкімет зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге ақша бөлу үшін біраз бағдарламаны қысқартты. Содан біздің скрининг бағдарламамыз кейінге қалды. Одан кейін барлық негізгі министрлер мен премьер-министр ауысты. Ал біз үкіметпен келіссөзді қайтадан, нөлден бастауға мәжбүр болдық.
Алмат Мендебаев: Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы барлық елдің тұрғындары үшін төмен дозалы компьютер томографиясын қолдану арқылы өкпе ісігіне скрининг жасауды ұсынатынын айта кеткен жөн.
Жарқын болашақ
— Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? ЖИ моделін жақсартасыздар ма?
Руслан Орманбетов: Жақында FORUS DATA тобы сүт безі мен бауыр обырын диагностикалауға арналған ЖИ жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр. Біздің PACS жүйесі нейрон желісін дұрыс конфигурациялап, оқыту арқылы түрлі ауруды ерте анықтай алады. Бірақ қаржыландырмайынша ЖИ жүйесін кеңейте алмаймыз, сондықтан тестілеуді бәсеңдеттік.
— Айтыңызшы, стартабыңызға инвестиция қажет пе? Егер иә болса, онда қанша қаражат керек?
Руслан Орманбетов: Жүйемізді дамытып, ауқымын кеңейту үшін инвесторлар қажет. Бірақ әдетте инвесторларды шығыс пен кіріс, олардың табатын пайдасы қызықтырады. Әзірше біз кірісті көрсете алмаймыз, тек шығысты көрсетеміз. Әйтпесе калькулятордағы перспектива өте жақсы.
Біз басқа елдердегі нарыққа шыққымыз келеді. Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен өкпе ісігінің скрининг бағдарламасы жөнінде алдын ала келіссөз жасалды. Бірақ сыртқы нарыққа шықпас бұрын, әуелі Қазақстанда барлық бизнес-процесті пысықтап, жобаны іске қосу керек. Осыдан кейін инвесторлармен жұмыс істеп, АҚШ-та FDA сертификатын алуды жоспарлап отырмыз.
— FORUS DATA жаһандық компания болғанын қалайсыз ба?
Алмат Мендебаев: Әлемдік компания болуға барлық мүмкіндігі бар. Тұтастай алғанда, біздің платформа емделушінің деректерін өңдеп, талдап, сақтауға арналған үлкен жаһандық жүйеге айналуы мүмкін.
— Стартабыңыздың әлемдік бәсекелестері бар ма?
Руслан Орманбетов: Қазақстанда және Орталық Азияда мұндай бағдарламалар жоқ. Ресейдегі Боткин атындағы институт негізінде осындай жоба болды. Бірақ ол белгілі себептермен инвесторлар үшін тартымды болмады, сондықтан біз оның тағдырын бақыламаймыз. Әлемде мұндайды жасап жүргендер бар шығар, бірақ әркімнің көзқарасы мен әдісі әртүрлі. Біздің технология халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті деп ойлаймын. Біздің инженерия, жаһандық жүйелерді енгізу және үлкен деректермен жұмыс істеу жөнінде тәжірибеміз бар.
— Бизнесте жүргеніңізге қанша жыл болды?
Руслан Орманбетов: Алмат екеуміз кәсіпті 1994 жылы бастадық. Биыл біз IBS GROUP-тың 30 жылдығын атап өттік. Компаниямыз бизнес-процестерді автоматтандыру, жабдықтарды жеткізу бойынша негізінен банк секторында жұмыс істейді. Яғни, біз тәжірибесі мол кәсіпкерлерміз.
— Сіздің ойыңызша, кәсіпкер мінезіңізге қай спорт түрі сай келеді?
Руслан Орманбетов: Мен хоккей ойнаймын. Бұл — командалық спорт. Онда қарсылас қаншалықты мықты болса да, жақсы үйлестірілген командалық жұмыс пен беріліп күресу жеңіске жетуге көмектеседі.