Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

Егде жастағы адамдар, кәсіби спортшылар және жарақат алған науқастар аяқ буындарына жиі операция жасауы қажет болып жатады. Ал операциядан кейін қалыпқа келу ұзаққа созылуы мүмкін. Дәрігердің бақылауын қажет етеді. Бірақ медперсонал жетіспесе, адам шалғайда тұрса және емханаға жүйелі түрде келе алмаса, не істейміз? Inventivo стартабы пациенттерге оңалту процесін тиімді өтуге, ал дәрігерлерге медицина көмегінің сапасы мен қамтылуын жақсартуға көмектесетін компьютермен көру негізінде платформа әзірледі. Inventivo стартабының негізін қалаушы Мақпал Икрамова ER10 Media редакциясына жасанды интеллект медицина қызметкерлері мен пациенттерге қалыпқа келу кезеңінен өтуге қалай көмектесетінін айтып берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

Медицина саласынан жинаған тәжірибе


— Мақпал, кәсіпке қалай келдіңіз? Стартап жасау тәжірибеңіз болды ма әлде бұл сіздің алғашқы жобаңыз ба?

— Inventivo стартабы – кәсіптегі алғашқы тәжірибем. Медицина саласы бойынша оқығанмын. Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жұмыс істедім. Операция және реанимация бөліміндегі жұмыстан тәжірибем бар. Содан кейін жұмыс істейтін саламды ауыстырдым. Ірі америкалық қаржы корпорацияларында (State Street, J.P.Morgan Chase & Co.) жұмыс істедім, онда мен инвестициялармен, процестерді автоматтандырумен айналыстым және IT-дың мүмкіндіктерімен таныстым. Оған қоса фармацевтикалық компанияда да жұмыс істеп үлгердім. Сол кездің өзінде жаңа технологияларды медицинамен қалай біріктіруге болады екен деп ойланып жүрдім. 

Кейін пандемия кезінде әріптестерім медицина саласына оралуымды ұсынды. Сол уақытта Италияда электронды денсаулық сақтау саласы бойынша оқыған магистратурамды аяқтадым.  Содан кейін Қазақстанның денсаулық сақтау нарығында қандай мәселе бар екенін зерттей бастадым. Идеяларымды тәжірибемен ұштастырып, оңалту бағытын таңдадым.

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

— Айтыңызшы, сіздің стартабыңыздың идеясы қандай?

— Командамыз буынмен проблемасы бар адамдарға тиімді оңала алатындай, соның ішінде қашықтан реабилитация жасай алатын платформа жасады. Қазір белсенді дамып келе жатқан негізгі сегментіміз – аяқ буындары: тізе, жамбас және сирақ буындарына операция жасаған науқастар. 

Біздің платформа компьютерден көру технологиясымен жұмыс істейді. Яғни кез келген құрылғының камерасы адамның негізгі қозғалыстарының ерекшеліктерін оқи алады, оны талдап, пациенттерге дұрыс ұсыныс бере отырып, оңалу кезеңінен өтуге көмектеседі. Әдетте дәрігерлер рецепт пен ұсыныстарды береді, бірақ науқас үйге шыққан кезде медицина қызметкерімен байланыса алмай қалып жатады. Жаттығулардың ретін, олардың дұрыс орындалуын ұмытып қалады. Тіпті көбі жеңілдегенін сезіп, оңалып қалдық деп ойлап, күтіну қажет емес деп есептейді. Салдарынан көп адам қайта ауырады, асқындырып алады. Олар қайтадан операция жасау үшін емханаға оралып жатады. Ал біздің платформа пациентке дәрігермен кез келген қашықта байланысуға көмектеседі.


— Нарықтағы мәселені қайдан білдіңіз? Медицинадағы біліміңіз көмектесті ме? 

— Бұл менің о бастағы ойым еді. Көзімнің көруін операциясыз қалпына келтіргім келген. Көзімнің қарашығын бақылайтын технология болса екен деп армандадым. Оны таптым да. Артынша медицинаға қандай технологиялар енгізуге болатынын көп ойлап, мамандармен кеңестім. Содан бір уақытта оңалту сегментін таңдаймын деп шештім. Идеямыз науқастардың инсульттан кейін сауығып кетуіне көмектесу болды. Алайда мұны бағдарламалық өнім арқылы ғана жасау мүмкін емес. CustDev өткізіп, науқастардың санын зерттей отырып, ақыры ортопедияға тоқтадым.

Ауқымды мәселе

— Шынымен де осы мәселелерге тап болып жатқандар көп пе?

— Расында да, бұл медицинаның шағын ғана саласы сияқты көрінетін. Кімнің буыны ауырады? Әрине, қарттардікі ауыратыны анық. Бірақ саланы зерттеген сайын, бұл өте кең таралған мәселе екенін көрдік. Буын ауруларын диагностикалау және емдеу, эндопротездік хирургиядан кейінгі оңалту қазіргі заманғы медицинада айтарлықтай ауқымды бағыт болып тұр. Буын аурулары жасқа байланысты, спорт және кәсіби қызмет нәтижесінде, жарақаттар салдарынан туындайды.

Жалпы, Қазақстанда жылына 15–20 мың науқас эндопротездеуден өтеді. Бұл оқыстан болатын жарақаттар мен жазатайым оқиғаларды есептемегенде, тек жоспарланған операциялар. Оның үстіне бүгінде Қазақстанда қанша науқас түскені, қаншасы оңалтудан өткені, қаншасы қалпына келгені және қай кезеңге жеткені туралы нақты статистика жоқ.

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

— Ал дүниежүзінде оңалту ісі қалай жүзеге асып жатыр?

— Бұл сала да қарқынды дамып келеді және телемедицинаға басты назар аударылып отыр. Қазір телеоңалту нарығы 5 миллиард долларға бағаланып отыр. Болжам бойынша 5 жылда ол 16 миллиард долларға жетеді. 

Жалпы буын ауруларын оңалту нарығы қарқынды дамып келеді. Көп елде, әсіресе АҚШ, Еуропа және Азияның дамыған елдерінде халық қартайып барады. Сондықтан буын ауруына шалдыққандар және операциядан соң оңалтуды қажет ететіндер көбейіп келеді.

Қазақстандық өнім


— Стартабыңыз қалай басталды? Inventivo платформасын кім әзірледі? 

— Басында бұл тапсырманы Үндістан мен Пәкістаннан келген бағдарламашылар тобына тапсырдым. Бірақ жұмыстың сапасына көңілім толмады. Содан кейін өзімнің командамды жинаймын деп шештім. Сол кезде техникалық құрылтайшым cofounder-ім болды. Адамдарды бірге жұмысқа алдық. 2023 жылдың ақпанында біз көмектескен бір кітапханаға жаңа лицензия шықты. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап бұл технологияны өз бетінше зерттеп, платформа жасай бастадық.

— Қазақстаннан ЖИ мамандарын таптыңыз ба?

— Жоқ, команданы өзіміз оқыттық. Өзіміз үйренеміз және үнемі дамып отырамыз. Әрине, білім мен жергілікті ресурс жетіспей кеткен кезде қосымша кеңесшілер алдық. Олар Германия мен Румыниядан келген бағдарламашылар еді. Мамандар бізге платформаның ішкі бөлігіне (бэк) байланысты көмектесті. Енді командамыз дәл осындай жоғары деңгейдегі бағдарламашылар болса екен деймін. Қазақстанда бірінші болып өз бетінше осындай өнімді жасай алдық деп айта аламын.

Пациент пен дәрігерге жәрдем

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

— Платформа қалай жұмыс істейді?

— Мысалы, операциядан кейінгі алғашқы күндері дәрігерлер науқастың жағдайын бақылайды. Алғашқы оңалту бағдарламаларын бастауға болатын-болмайтынын анықтайды. Егер шешім иә болса, онда пациент смартфоннан кодты сканерлеп, белгілі бір дәрігерге және жүйеге қосылады. Осыдан кейін медицина қызметкері жеке аккаунтынан науқасқа ұсыныстар береді. Бізде цифрланған оңалту бағдарламалары бар, дәрігер қандай жаттығуларды орындау керек екенін жазып береді. Науқас мұны жеке кабинетінен бірден көріп, оңалту бағдарламасын бастай береді. Сонымен бірге белгілі бір жаттығуларды орындау жолын көрсететін 3D видеолар бар. 

Науқас операциядан кейін де ауруханада жатса, жаттығуларды кері байланыссыз жасайды. Бірақ аздап аяққа тұрып, балдақпен немесе басқа құралдармен қозғалу мүмкіндігі пайда болғанда, компьютерден көру қосылады. Науқас смартфон камерасын өзі көрінетіндей етіп қойып, жаттығу жасайды. Камера адам қозғалысының негізгі көрсеткіштерін оқып, сол уақытта дәрігерге ақпарат етіп жібереді. Ал дәрігер пациенттің жағдайына қарай бағдарламаға түзету енгізеді. Бұл функция клиникаларда өзін дәлелдеп үлгерді. 

Сонымен қатар ауруханадан шығайын деп жатқан науқастар үшін дәрігерлермен сөйлесу және видеоқоңырау жасау мүмкіндігі бар. Егер адамға кеңес қажет болса, ол маманмен жылдам байланыса алады. 

Оған қоса пациенттің жағдайын бақылау үшін сауалнамалар арқылы ақпарат жинаймыз. Ол деректер дәрігерге жіберіліп отырады. 

Оңалтуды дәрігер науқасқа әр жаттығуды ұзақ уақыт түсіндіріп, оның орындалуын бақылап отыруды қажет етпейтіндей етіп автоматтандырдық. Біздің жүйені қолданбаса, маман бір науқасқа орта есеппен 45 минут уақытын жұмсайды. Ал Inventivo платформасын пайдаланғанда жұмысын 5 минутта аяқтай алады.

Сонда біз дәрігерлердің уақытын оңтайландырдық. Енді дәрігер аз уақытта көп емделушіге көмектесе алады. Бұл сапалы оңалтудан өткен және болашақта буын ауруымен ауырмайтын адамдардың саны артады деген сөз. Сонымен қатар емханалар науқастарға тіпті олар аймақта болса да, қашықтан көмектесе алады. Ең бастысы интернет болса болды.


— Пациенттер сіздің платформаңызды пайдалануға дайын ба?

— Иә, қазірдің өзінде 70%-ы толық курстан өтіп, Inventivo-ны белсенді түрде пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Басында жақсы нәтиже бере бастағанда, 20%-ы жаттығуды тоқтатады. Ал 10%-ы операциядан кейінгі бірінші аптада жеке себептеріне байланысты жаттығулардан бас тартады. Бұл жақсы нәтиже деп ойлаймын. Тіпті смартфонды жақсы пайдаланып, платформаны өзі бақылайтын 83 жастағы қолданушымыз бар.

Жалпы біз пациенттердің қызығушылығын көріп отырмыз, бұл бізді қуантады.

— Платформа қай тілдерде қолжетімді?

— Қазақ, орыс, ағылшын және украин тілдерінде. Біз көп пациентті қамтығымыз келеді, соған орай жаңа тілдерді қосамыз.

Әуелі Қазақстан, сосын бүкіл әлем

— Бүгінде стартап қай сатыда тұр?

— Біз Астанадағы жекеменшік емхана базасында пилот жоба жасап көрдік. Алғашқы кері байланыс негізінде интерфейсті жақсарттық. Ал 2024 жылдың қазан айында Астанадағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында тағы бір пилот жобаны іске қостық.

— Стартаптың монетизация моделі қандай?

— Бізге емханалар мен жеке тәжірибедегі дәрігерлер төлейді. Ауруханалар үшін біз пациенттерді тартуға көмектесетін SaaS платформасы ролінде жұмыс істейміз. Жеке дәрігерлер біздің жүйеге қосылу үшін жазылымға төлей алады.

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем


— Кәсіпті дамыту әрі ауқымын кеңейту мақсатында қандай жоспарларыңыз бар? 

— Қазір біз Қазақстанда дамуға ден қойып отырмыз. Сонымен бірге Оңтүстік-Шығыс Азия мен MENA нарығын зерттеп жатырмыз. Еуропа мен АҚШ-қа қатысты жұмысты жыл соңына дейін тоқтата тұрдық. Қазақстанды қамтыған соң барып қай бағытта кеңейетінімізді ойластырамыз деп шештік.

Осы уақытқа дейін өз қаражатымызбен дамып, инвестиция тартпадық. Әрі қарай қай бағытты кеңейтеміз, сол сұраныс негізінде инвестиция тартамыз.

— Қандай көлемдегі инвестиция туралы айтып отырсыз?

— Жергілікті нарықта платформаны жетілдіруге 300 000 доллар немесе одан да көп сома қажет. Ал кеңею туралы айтсақ, онда, мысалы, БАӘ нарығына шығу үшін бізге әлдеқайда көп сома қажет болады. Бірақ ол кезде оңалтудың басқа салаларын қамтитын, әлдеқайда жоғары технологиялы өнім жасаймыз.

— Сонда әлемді қамтитын компания болғыңыз келеді ғой?

– Иә, біз осы мақсатқа ұмтылып жатырмыз.


— Жаһандық бәсекелестеріңіз бар ма? 

— Басқа бағытта жұмыс істейтін жанама бәсекелестер бар. Мен оларды әріптестерім деп есептеймін, өйткені олармен үнемі байланыстамын. АҚШ-та дәрігер қашықтан кеңес беретін платформа бар. Ол жаңа стартап, әлі даму үстінде және әлі де әзірленіп жатыр. Испаниялық әріптестеріміз де бар. Олар биомеханиканы бақылайтын сенсоры бар, басқа киілетін таңғыш әзірледі. Бірақ қазір олар өздерінің күш-жігерін Латын Америкасына бағыттап, компьютерден көру мүмкіндігіне көшіп жатыр. Израильде стартап бар, бірақ олар фитнес жаттығуларына көбірек көңіл бөледі.

Стартапты алға жылжыту — өзің де онымен бірге даму


— Акселерация бағдарламаларынан өттіңіз бе? 

— Иә, біз Astana Hub-тың Startup Garage бағдарламасының финалистеріміз. Осы акселератордың арқасында уақыт ұттық, пилот жобаны іске қосып, көптен бері жасай алмай жүрген алғашқы сатылымдарды жасай алдық. Дәл қазір «Терриконовая долина» бағдарламасынан өтіп жатырмыз. Бірақ қазірдің өзінде шетелдік акселераторларға назар аударуға дайындалып жатырмыз.

— Стартабыңыз арқылы қандай арманыңызды жүзеге асырғыңыз келеді?

— Біздің платформа дәрігерлердің құралы ғана емес, мамандар даярлайтын алаң болғанын қалаймын. Inventivo-дан ғылыми платформа жасай аламыз деп үміттенемін.

Inventivo: буындарды ЖИ көмегімен оңалту – дәрігерге және пациенттің тез қалыпқа келуіне жасалған жәрдем

— Бизнесте шешім қабылдауға қалай шабыттанасыз? Сүйікті фильмдеріңізді көресіз бе, кітап оқисыз ба?

— Мен киноқұмар емеспін, бірақ «Интерстеллар» фильмін жиі көремін. Ал кітаптардан түрлі жанрды оқығанды ​​жақсы көремін. Бірақ маған әсер еткен және бизнеске серпін берген бір кітап бар.  Ол Мег Джейдің «Маңызды жылдар. Неліктен өмірді кейінге қалдыруға болмайды» деген кітабы. 

Мені адамдар мен табиғат шабыттандырады. Медицинадағы тәжірибем маған адам ағзасының бірегей және мінсіз жаратылыс екенін көрсетті.

— Мінезіңізді қай спорт түрімен байланыстырар едіңіз?

— Бұрын тенниспен байланыстыратын едім, бірақ қазір атқа міну деп ойлаймын.

— Неге?

— Бір кездері бір нүктеге назар салып, дәл соған жету маңызды деп ойладым. Бірақ қазір жылдамдық пен қозғалыс еркіндігін бағалайтынымды түсіндім. Сонымен қатар серфиң пен өзгерістер толқынын жіберіп алмауды қосар едім.

— Сізге кәсіпкер болған ұнай ма? Тұрақты жұмысыңыздан кеткеніңізге өкінбейсіз бе?

— Иә, маған кәсіпкерлік ұнайды. Мұнда әрекет, идея және шығармашылық еркіндігі бар. Маған дәрігерлермен және пациенттермен жұмыс істеу процесі ұнайды. Өз қызметімнің нәтижесінен шабыттанамын. Жалпы жалдамалы қызметті тоқтатқаныма өкінбеймін. Кәсіпкер болу қызығырақ. Әсіресе айналадағы адамдарға пайдалы болса, соның өзі шабыттандырады.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *