Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді


Қазақстандағы кәсіпкерлер коммерция жағынан табысты кәсіпорын құруға ғана емес, қоғамдағы түрлі мәселені шешуге көмектесетін әлеуметтік жобаларды жасауға да ұмтылып жатыр. Коммерциялық бағдарлама жасақтамасын әзірлеуге маманданған отандық KAZ ITECH IT компаниясы осылайша білім мен медицина саласында екі әлеуметтік стартап ашты. iU test қала мен ауыл оқушыларының біліміндегі теңсіздікті азайтуға көмектеседі, ал Ai CARD-тың арқасында нейрон желі дәрігерлерге жүрек ауруын анықтауға жәрдемдеседі. KAZ ITECH бас директоры Дастан Мұхамедиев стартаптардың жоспары, болашағы және миссиясы туралы ER10 Media редакциясына айтып берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – ER10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

Мықты кәсіп стартап ашады

– Екі стартап ашу идеясы қалай пайда болды, айтып беріңізші?

– Біздің жағдай классика емес. Бәрін ретімен айтайын. 3 жыл бұрын KAZ ITECH IT компаниясын құрдық. Оны үш адам құрды. Мен негізін қалаушы және бас директор ретінде әрекет етемін. Тағы екі құрылтайшысы бар: Абай Шырынов – CTO, senior Full-Stack бағдарламашы және Нұрбақыт Ақылбеков – CPO, senior product manager. 

Біз бағдарлама жасақтамаcын, яғни веб және мобильді қолданбалар әзірлеуге маманданамыз. Бүгінде 30-дан астам жобаны сәтті жасап шықтық. Клиенттеріміздің арасында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, ҚТЖ, Қазатомөнеркәсіп, әртүрлі облыстардың әкімдіктері және басқалары бар. Осы жылы ERG-мен үлкен келісімшарт жасадық. Соның аясында олардың зауытын цифрландырып жатырмыз. Цифрлық кезек жүйесін енгіземіз, содан кейін басқа зауыттарда дәлелденген технологияларды іске қосамыз. Компаниямыздың ерекшелігі – біз кейбір IT өнімдерін әзірлеп, енгізіп қана қоймаймыз, сонымен қатар тапсырмаларға жан-жақты қараймыз. Кәсіптің процестерін дұрыс құрамыз, проблемаларды шешіп, жұмысты тиімді ету үшін цифрландыруды қолданамыз.

Білім саласындағы әлеуметтік стартап

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді


– Табысты IT-компанияның көшбасшысы бола тұра, өзіңізді жаңа бір қырыңыздан сынап көргіңіз келді ме?

 – Иә. Былтыр техникалық және іскерлік тәжірибемізді ескеріп, әлеуметтік салада қоғамға нақты пайда әкелетін өзіміздің IT стартабымызды құру туралы ойға келдік. Содан мектеп оқушыларына ҰБТ тапсыруға көмектесетін білім беру платформасын іске қосуды жөн көрдік. Әуелі құрамдас бөлігінің ойын болуына басты назар аудардық. Емтиханға дайындалу қиын әрі жалықтыратынын бәріміз білеміз. Сондықтан студенттерді оқуға көбірек ынталандыру үшін платформаға геймификация элементтерін енгіздік. Шешуге тырысқан екінші мәселеміз – білім берудегі теңсіздік. Жасыратыны жоқ, ауылдағы мектеп түлектерінің дайындығы қала балаларымен салыстырғанда әлсіз. Платформамыз осы алшақтықты жоюға көмектеседі деп мақсат қойдық.

Ал iU test білім беру қызметін әзірлеуді былтыр күзде бастадық. Ол 2024 жылдың көктемінде іске қосылды. Бізді Kundelik.kz қолдап, жобаның алға жылжуына көмектесті. Осы серіктестіктің арқасында әр оқушы, мұғалім және ата-ана біздің платформамызды көре алды. Екі айда платформаға 8 000 қолданушы тіркелді, оның 200-і ақылы жазылымға жазылды. Айта кету керек, ол кезде біздің сату немесе маркетинг бөліміміз болмаған. Ал жазда мобильді қолданбасын әзірлеуге назар аудардық.

Қазір iQanat, BINOM және т.б. сияқты мектеп желілерімен ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. Мың оқушыны бір-бірлеп шақырғанша, мың оқушысы бар бір мектепті платформаға тіркеген оңай деп ойлаймыз.

Оған қоса біз жобаны кеңейту үшін инвестиция іздеп жатырмыз. Өйткені емтиханға дайындық нарығы жоғары бәсекеге қабілетті және алға жылжыту, жарнамалау және сату үшін айтарлықтай ресурсты талап етеді. Осы уақытқа дейін негізгі жұмысымызды жалғастыра отырып, жобаны өз қаражатымызға жүзеге асырып келеміз. Меніңше, енді iU test-пен жеке топ айналысатын уақыт келді.

– Сізге қанша инвестиция керек?

– Шамамен 150 мың доллар.

– iU test-тің кері байланысы қандай болды?

– Мұғалімдер мен студенттерден жақсы пікірлер алдық. Платформада UX/UI жақсы жасалған. Дизайны мен мазмұнына жақсы көңіл бөлдік. Оған қоса тест әзірлейтін білім беру орталығымен серіктес болдық. Бүкіл әдістемені солардан алдық. Әзірше платформаға жетіспейтін жалғыз нәрсе – бейімделген оқыту. Әр студентке оны сүйемелдейтін және ынталандыратын қандай да бір тәлімгер мен көмекші қажет. Біз мұны ЖИ көмегімен жүзеге асырғымыз келеді.

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

– Стартабыңыз жоғары бәсеке жағдайында жұмыс істейді дедіңіз. Сонда сіз олардан несімен ерекшеленесіз және бәсекеде өзгелерді қалай ұтпақсыз?

– Біріншіден, бұл – емтиханға дайындалғанда жалықтырмайтын геймификация элементтері. Екіншіден, студенттер өз білімін монетизациялай алады. Сынақтардан сәтті өту үшін виртуалды ақша жасаймыз. Оларды бағалы сыйлықтарға айырбастауға немесе тіпті қайтарып алуға болады. Үшіншіден, біздің білімге деген көзқарасымыз жан-жақты. Көп бәсекелестер тек тест тапсырмаларына маманданған. Олар емтихандарда міндетті түрде келетін нақты тапсырмалар бар, соны үйрену жеткілікті дейді. Біздің платформада әр тест белгілі бір тақырыпқа негізделген. Тиісінше, оқушы тапсырмаларды орындау кезінде қателессе, оның қай тақырыпта «ақсап тұрғанын» көреміз. Платформаның бір бөлігі жазбалардың үлкен базасынан тұрады. Онда студент қажет тақырыптан жеке тест дайындап, тапсыра алады. Іс жүзінде біз білім саласындағы кемшіліктерді анықтап, оларды жабуға көмектесеміз.

– iU test-тің монетизация жүйесі қандай? 

– Freemium. Бұл – негізгі мазмұны тегін, бірақ кеңейтілген мүмкіндіктер алу ақылы болатын жүйе.

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

– Сіз iU test-ті басқа нарыққа шығару жоспарда бар ма?

– Әуелі жобаны Қазақстанда дамытып, ауыл мен қала оқушыларының біліміндегі теңсіздікті азайтқымыз келеді. Өзіміз ауылда туып-өстік, сондықтан бұл қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Бірақ жалпы iU test басқа елдерден келген балаларға пайдалы болуы мүмкін екенін көріп отырмыз. Өзіміз ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің, Түркия мен Үндістанның нарығын талдап көрдік. Ұқсас білім жүйелері, атап айтқанда жаппай тестілеуі бар нарықтарға шыға аламыз.

Медицинадағы әлеуметтік стартап

– Ai CARD медицина стартабыңыз туралы айтып беріңізші?

– Бірде мен Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жұмыс істейтін Қазақстандағы ең үздік кардиохирургтар тобымен кездейсоқ таныстым. Біз MedTech жобасын жасап, олардың салалық тәжірибесі мен біздің техникалық білімімізді біріктірейік деп шештік. Идеямыз – жүректі ультрадыбыспен зерттегенде диагностиканы жақсарта алатын ЖИ негізіндегі модель жасау. Өйткені жүрек үнемі қозғалыста болады, сондықтан оны ультрадыбыспен диагностикалау ең қиын зерттеу түрі болып саналады. 

Бастапқыда жобаны әзірлеуге кірісе алмадық, өйткені біздің командада ЖИ мамандары болмады. Сол кезде Astana Hub жеделдететін AI'preneurs бағдарламасын іске қосып жатты. Оның мақсаты ЖИ саласындағы кәсіпкерлер мен әзірлеушілерді біріктіру еді. Біз соған өтініш беріп, өтіп кеттік. Онда ML инженері Шайғазы Мұхтаровты кездестірдік, ол жобаға қосылды. Қыркүйек айында біз кардиохирургтер тобымен бірлесіп, жұмысты бастап, MVP әзірледік. 2024 жылдың қарашасында Астанадағы ауруханалардың бірінде сынақты сәтті өткізіп, оң пікір алдық. Сонымен қатар жақсаруымызға қажет тапсырмалар алдық. 

Қазір жобаны пысықтап жатырмыз және Қазақстанның Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымен және Астана медицина университетімен келісімге келдік. Олардың мамандары командаға қосылды, жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемдік акселераторлар – Antler мен Plug&Play қызығушылық танытып үлгерді және олар бізді келесі жылы шақырып отыр.

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

– Жобаны жүзеге асыруда қандай да бір қиындықтар бар ма?

– Ai CARD – медициналық жоба. Бірақ мұндай технологияны мемлекеттік ауруханаларға сату қиын. Өйткені бюрократиялық мәселелер көп. Мұны Cerebra тәжірибесі анық көрсетті. Сондықтан біз басқа жолмен жүреміз деп шештік. Келесі жылдың басында Ғылым қорының грантына құжат тапсырамыз. Ол жерден 300 миллион теңгеге дейін қаржы алуға болады. Бізге жобамыз грант алуға толық мүмкіндігі бар екенін айтты. Мұндай грант қаражат табуды ойламай, осы жобаға назар аударуға мүмкіндік берер еді.

– Ai CARD-ты қандай нарықтарда көргіңіз келеді?

– Cerebra-ның негізін қалаушы Досжан Жүсіповті білемін. Ол жобаны өз еліңде сынап көрмейінше, кәсіп моделін бір жолға қоймайынша, сыртқы нарыққа шығуға тырыспауға кеңес берді. Сәйкесінше, әуелі технологияны Қазақстанда сынап, ЖИ моделін үйрету үшін дерек жинап, нәтиже алу керек. Меніңше, бұған 2 жылдай уақыт керек. Грант алып, осы жұмысты атқарамыз деп үміттенеміз.

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

Басқа нарыққа шығу тұрғысынан айтсам, жоғары білікті медицина қызметкерлері жетіспейтін MENA, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка сияқты дамушы нарықтарға бағыт аламыз. Ai CARD диагностикалық дәлдікті арттырып, медицина көмегінің сапасын жоғарылатудың маңызды құралы болады. Дамыған нарықтарда дәрігерлердің мүмкіндіктері мен тәжірибесі жоғары. Сондықтан ол жақта ЖИ көмегіне мұқтаждық аз.

Болашақта біздің Ai CARD жобамыз дәрігерлерге көмектесіп, көп адамның өмірін сақтап қала алады деп сенемін. Бұл – ең маңызды нәрсе. Бізді осы тілек жетелейді.

Қоғамға пайдалы болғымыз келеді

– Сіз үшін стартабыңыздың пайда әкелгені маңызды ма?

– Иә, қандай да бір жаһандық миссия мен міндет болса, әрекетің көп адамға пайдалы болса, бұл қатты ынталандырады. Күш береді және ұжымды үнемі біріктіреді.

– Акселератор бағдарламалар көмектесті ме?

– Иә, біз Astana Hub-тың екі акселератор бағдарламасынан өттік. Мұндай мүмкіндік біздің командамызды айтарлықтай жақсартты. Білім беру жобасымен Startup Garage-ға өттік. Ал медицина жобасымен AI'preneurs бағдарламасынан өттік.


– Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

– Мемлекеттік қызметтен бастадым. Министрлікте және ұлттық компанияларда жұмыс істеп, кейін жеке секторға ауыстым. Біраз уақыттан кейін құрылтайшыларымды кездестірдім. Біз өзіміздің IT компаниямызды құрайық дедік.


– Жұмысыңызда сізді не шабыттандырады? Қандай да кітаптар, фильмдер бар ма? 

– Менің дүниетанымымды өзгерткен кітап Джим Коллинздің «Good to great» (Жақсылықтан ұлылыққа) кітабы. Онда «кімнің» «неден» үстем екені айтылады. Яғни, команда бірінші орында тұрады. Егер ол күшті болса, табысқа жетеді және кез келген тапсырманы орындайды. Тиісінше, мені командам шабыттандырады. Сонымен қатар, әрине, отбасым да мотивация. Мен 24/7 «ресурсты» қажет ететін кәсіпке құмар болсам да, отбасым бәрінен жоғары тұрады. Ол – мотиватор, қуат пен шабыт көзі.

iU test және Ai CARD: бір команда жасаған екі әлеуметтік стартап қоғамдық мәселелерді шешеді

– Кәсіпкер ретінде мінезіңізді қай спорт түрімен салыстырар едіңіз?

– Көп жыл бокспен айналыстым. Менің тіпті КМС дәрежем бар. Спортта ең бірінші үйренетін нәрсе – тәртіп. Бұл дағды бизнесте де көп көмектеседі. Егер тәртіп болмаса, қаншалық дарынды әрі кәсіби болғаныңыз маңызды емес. Онсыз ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. 

Сонымен қатар шахматты жақсы көремін. Дәл қазір Тимур Турловпен онлайн ойнап жүрміз.


– Сізге кәсіпкер болған ұнай ма? 

– Шынымды айтсам, компаниялар жақсы төледі. Бірақ процеске ешқалай әсер ете алмағаныма байланысты іштей наразы болдым. Бюрократияның кесірінен ойымдағыны жүзеге асыра алмадым. Ал кәсіпкерлік – потенциалыңды ашып, әлемді жақсырақ етуге мүмкіндік беретін орта.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *