Kid Security деген қазақстандық стартаптың негізін қалаған Асат Ашаманов өзінің командасы шынымен де ыңғайлы әрі функционалды, оңай орнатылып, бапталатын, ең бастысы, балаларға ұнайтын ата-анаға баласын бақылауға арналған қолданбаны әзірледі деп есептейді. Қолданбаның қалай жасалғанын, оның мүмкіндікдері мен халықаралық нарыққа шығудағы перспективасын Асат Ашаманов Er10.media басылымына айтып берді.
Әр ата-ана баласының қауіпсіз өмір сүргенін қалайды. Бірақ өкінішке қарай, біздің заманда балалар өмірде де, виртуал әлемде де мәселелер мен қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Бала қауіпсіздігі деңгейін арттыруға көмектесетін заманауи шешімнің бірі – ересектерге GPS арқылы баласының қайда жүргенін көруге, оған қоса желіде қаншалық белсенді екенін қадағалауға мүмкіндік беретін қолданба.
Бүгінде цифрлы дүкенде ата-анаға балаларын бақылауға арналған қолданбаның түрі көп. Оның ішінде түрлі функционалға ие Apple және Google-дыкі де бар, бірақ әдетте оларды орнату қиын, ал балаларға, әсіресе, жасөспірімдерге ересектердің оларды “төбесінен бақылап отыратыны” ұнамайды.
Қазақстандық жобалардың қалай дамып жатқанын біздің “Қазақстандағы 100 стартап тарихы” айдарымыздан бақылай аласыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлесіп жасаған жобасы. Біз қазақстандық стартаптардың жетістіктерін айтамыз және ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлердің қатарында Astana Hub қатысушылары, оған қоса басқа инновация және технология өнімдері мен жүйелері бар. Барлық мақала үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарияланады.
Идеяның шығу тарихы: қаз фермасынан бастап жоғары технологиялы шешімге дейін
– Стартап идеясы қалай келді?
– Бұл стартап идеясы достарымызбен бірге табысты кәсіп бастап, отбасымыз үшін ақша табу деген ниетіміздің арқасында пайда болды. Бірақ ата-анаға балаларын бақылауға арналған қолданбасын бірден ойлап таппадық. Бірде достарымызбен чатта қандай кәсіппен айналысуға болатынын талқылап отырдық. Сол кезде қаз фермасын ашуды ойладық. Шамамен жарты жыл біз осы жобамен айналыстық – үй-жай таптық, инкубатор, түрлі құрал-жабдық, қаз жұмыртқаларын сатып алдық. Нәтижесінде мың құс жұмыртқа жарып шықты, бірақ өкінішке қарай, оның тең жартысы өліп қалды. Соңында біз қалған қазды жаппай сатып жібердік те, қаржы жағынан “нөл” болып шықтық. Бұл кәсіп біз үшін жақсы тәжірибе болды, бірақ біз тиісті білімсіз, біліктіліксіз және жақсы инфрақұрылымсыз өнеркәсіп жүргізу өте қиын әрі тәуекелі көп іс екенін түсіндік. Біз достарымызбен бірге өзіміздің кәсіпкерлік күшімізді қолдану үшін жаңа бағытты іздей бастадық. Тәжірибе жинаған соң, әуелі нарықты, оның кемшіліктерін, трендтерін талдаудан бастадық. Дәл сол кезде ата-аналарға балаларының қайда екенін білуге және айналасындағыны естуге мүмкіндік беретін балаларға арналған GPS-сағаттар кеңінен танылған болатын. Біздің команда GPS-сағаттардың бөлшек саудасымен айналысуды жөн көрді. Біз аз уақыттың ішінде қолданбаның әлсіз және толық жасалып бітпегенін түсіндік. Сол себепті әзірлеушілерді тауып, солардың көмегі арқылы өзіміздің GPS-сағатты шығарамыз деп шештік. Біз алдын ала орнатылған қытай бағдарлама құралын жоғары сападағы, жақсартылған өнімімізге ауыстырдық. Сағатқа қатысты кәсібімізді екі жыл дөңгелетіп жүргіздік. Біз үлкен жүйелердің қатарына қосылып, B2B форматында жұмыс істей бастадық. Мұнда да көп жетістікке жеттік, сатуды, үлкен жүйелермен сөйлесуді, келіссөз жүргізуді үйрендік және кәсіпкерге қажет жақсы тәжірибе жинадық. Бірақ, біз бір сәтте нарық үлкен болмаған соң, оның шыңына жеткенімізді түсіндік. Содан біз бір бәсекелесімізге кәсібімізді саттық та, жаңа жобамен айналысамыз деп шештік.
– Стартаптың мәні неде? Ол қандай мәселені шешуге көмектеседі?
– Kid Security – бұл баланың кішкентайларға арналған сағатқа қызығы кетіп, ата-ананың оған алғашқы смартфонын сатып алып берген оқиғасы. Әдетте бұл жағдай бастауыш сыныпта басталады. Дәл осы сәтте ересектерде екі таңдау бар – Apple және Google-дың “туған” қолданбасын орнату немесе Kid Security сияқты басқа қолданбалардың көмегіне жүгіну.
Google-дың өзінде жоқ “фишка”
– Сіздердің қолданба Apple немесе Google өнімдерімен салыстырғанда қандай артықшылық пен мүмкіндікке ие?
– Стартапты іске қосқанда жеке өзім Google-дың Family Link қолданбасын пайдаланып, онымен жақынырақ таныстым. Оны алғаш орнатқанда 30 немесе 40 минутым кетіп қалды. Бәрі өте қиын болды. Сол кезде мен мұны әйелімнің, анамның немесе қарындасымның қалай орнататынын елестеттім де, қандай мәселеге тап болатынын түсіндім. Кейін біз зерттеу жүргізіп, Google-дың өзінің негізгі кәсібіне ден қойғанын, экожүйесіндегі осындай тегін өнімдерге аса мән бермейтінін анықтадық. Сол себепті компанияның оны одан әрі жақсартуға ниеті жоқ.
Сол кезде 2 минутта орнатылатын өнім жасау идеясы келді. Кейін біз оқып, акселарацион бағдарламасын үйренген соң, бізге бәсекелестердің өнімінен 10 есе мықты өнім жасау керек екенімізді айтты. Сонда ғана стартап жетістікке жетеді. Біз осы мақсатты алға қойып, өнімімізді жетілдірдік. Осылай, біз бәсекелестерімізді басып озатын нүктелерді іздедік.
Кейін біз нарықтың тағы бір мәселесін анықтадық. Жасөспірімдер өзін ата-аналары бақылау бағдарламасы арқылы қадағалағанын қаламайтын болып шықты. Сол кезде біз win-win эффектісін берген, балаға да, ата-анаға да тиімді болатын бірегей “фишкамызды” ойлап таптық. Осылай, біз балаларды қолданбаға қызықтыру үшін оларға арналған ерекше фнукция шығардық. Біз мотивация жүйесін іске қостық. Қолданба арқылы ата-аналар пайдалы іспен айналысқан балаларына “тиындар” жібереді. Төсек жинадың, жақсы баға алдың, тісіңді жудың – тиын ал. Сосын бала ата-анасымен келіскен мөлшердегі тиынды жинаса, ата-ана балаға бір сыйлық алып береді. Осы жүйенің арқасында 20-30%-ға көп қолданушымызды сақтап қалдық. Ата-ана да, бала да риза.
Бірақ бұл да бізге аз көрінді. Біз ата-анаға баласын бақылауға арналған қолданбалардың функционалы шектеулі екеніне назар аудардық. Мәселен, біреуі тек тұрған мекенжайды көрсетеді, енді бірі тек желідегі өмірін бақылауға көмектеседі. Біз цифрлық қауіпсіздік пен физикалық қызметін бір қолданбаға біріктіруді жөн көрдік. Біріншісі, тұрған орнын, желідегі тарихын немесе баланың айналысындағы дыбысты естуге мүмкіндік береді. Екіншісі, белгілі бір уақыттан кейін ойын мен әлеуметтік желіні өшіреді. Біз осының бәрін бір қолданбаға қостық.
Осылай, біздің өнімнің өзін танытатын және тұтынушылардың назарын аудартатын 3 негізгі ерекшелігі бар.
– Қолданба тек Қазақстанда істей ме, әлде бүкіл дүниежүзінде істей ме?
– Бүкіл дүниежүзі бойынша. Біз бүгінде оны 50-ге жуық елде іске қостық.
– Қазір стартап қай кезеңде?
– Біз ерте кезеңнен өттік, енді өсетін және дамытатын кезеңіндеміз.
– Қолданбаның қанша қолданушысы бар?
– Қолданбаны 3 миллионнан астам рет жүктеді және 220 мыңнан астам адам белсенді түрде қолданады. Ол базалық функциясы тегін, ал премиум-мүмкіндіктері жазылғандарға ашылатын Freemium үлгісі бойынша істейді. Оған қоса қолданушы қолданбаның барлық қызметін толық қолданып көре алуы үшін 7 күн тегін пайдалануға мүмкіндік береміз.
“Қымбат” кадр мен басқарудағы қателер
– Стартап дамытқанда ең қиыны не болды?
– Кез келген ІТ-стартаптың басынан өтетін ең қиын нәрсе – қымбат кадр. Кәсібилігі жоғары ІТ-мамандар 3 мыңнан бастап 5 мың долларға дейін жалақы сұрайды. Стартабын енді бастағандар үшін бұл қомақты сома, сол үшін мұндай кадрды жұмысқа алуға шамасы жетпей жатады. Сондықтан мидлдарды жұмысқа алуға тура келеді. Олар өз қызметін орта деңгейде атқарады. Стартап дамыған сайын бастапқы архитектура ұлғайған жүктемеге сай келмейтіні белгілі болды. Міне, дәл осы нәрсе Kid Security-дің басынан өтті.
Біздің тұтынушылар базамыз қарқынды өсіп келе жатты, бірақ бір мезетте қолданушы саны көп болғаны салдарынан техникалық мәселелер туындай бастады. 9 ай бұрын біз тұтынушы санын шектеп, жүйе архитектурасын қайта жөндеп, көп адамның қолданғанын “көтере алатындай етіп” жүйенің ақауларын түзедік. Біз командамызға senior деңгейіндегі мықты IT-мамандарды алып, өнімімізді жаңарттық. Қазір біз бұл фазаны аяқтадық, енді тұтынушы санын арттыруды қайта көздеп отырмыз.
Мен тап болған тағы бір мәселе – басқарудағы қателер. Мен компанияның қаржысына, сатылымына, маркетиңіне жауап бердім. Алғашындағы менің қатем – басқа мамандарға сенбей, барлығын өз бақылауымда ұстағым келгенінде. Акселаторда маған үнемі хабарда болуым керек екенін үйретті. Содан мен компаниядағы әр процесті қадағалап отырдым. Бұл маған да, стартапқа да кедергі келтірді. Кейін мен білікті мамандарға сеніп тапсыруды үйрендім. Бірақ мұнда да мен асыра сілтеп жібердім. Шаршаған шығармын немесе басқа факторлар әсер етті, бірақ бақылауды жоғалтып алғанымның кесірінен компания тұтынушылар төлемейтін нарықтарға ақша жұмсап, 100 000 доллар жоғалтты. Бұл да мен үшін құнды тәжірибе болды және тепе-теңдікті, алтын ортаны сақтауға үйретті.
Енді біз ақшаны саналы түрде жұмсаймыз. Оған қоса біз жарнама бюджетінің 5-10%-ын қауіп-қатері көп болжамдарды тестілеуге жаратамыз. Олсыз да даму мүмкін емес. Кім біледі, арасынан бір идея “атып кететін” шығар.
Иә, біз біраз қате жібердік, бірақ ол болмаса, тәжірибе жинай алмайтын едік.
– Стартаптарыңызды дамыту үшін қанша инвестиция керек?
– Біз қазір стартабымызды дамытудың, өсірудің жаңа кезеңіне дайындалып жатырмыз. Меніңше, алдағы жарты жыл инвестор іздейміз. 500 000 доллардан 1 миллион долларға дейін инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз.
Халықаралық амбиция мен болашаққа жоспар
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? Жаңа нарыққа шығасыздар ма?
– Біз зерттеу жүргізіп, жазылымнан түсетін ақшаның 50%-ы АҚШ-тан екенін түсіндік. 30%-ы Еуропадан, қалған 20%-ға жуық қаржы басқа елдерден түседі. Бұрын Қазақстан және ТМД нарығында дамыдық, қазір кәсібімізді кеңейту және дамыту үшін ауқымды үлкейтіп, АҚШ, Еуропа нарығына шығу керек екенімізді түсіндік. Қолданушымыздың 70%-ы осы өңірлерден болғанын қалаймыз.
– Яғни халықаралық нарыққа белсенді түрде шығуды көздеп отырсыздар ғой, иә?
– Иә, біз жаңа бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
– Сіздіңше, сіздердің стартаптарыңыз пайдасын тигізіп жатыр ма?
– Мен бұған сенімдімін. Мен Kid Security қолданбасының негізін қалаған адаммын әрі оның пайдаланушысымын. Бұл өнімнің арқасында мен кез келген уақытта баламның қайда екенін білемін, оның физикалық және цифрлы қауіпсіздігін бақылай аламын. Оған қоса мен баламның телефон арқылы қанша уақыт ойын ойнай алатынын да қадағалап, реттеп қоямын. Мәселен, күніне бір жарым сағат ойнайды. Мен мұны ойлап, алаңдап отырмаймын да – бағдарлама осы уақыттан соң автомат түрде ойынды, әлеуметтік желіні өшіреді.
– Қазақстанда стартап дамыту оңай ма?
- Меніңше, иә. Салық преференциялары, акселерация бағдарламалары, оқыту және гранттар бар. Бірақ мұнда бәрі адамға байланысты. Сіз белсенді болып, мемлекеттің бергенін қолдана білуіңіз керек. Шетел стартаперлерімен сөйлескенімізде олар таңғалып, өз елінде мұндай жағдай жоқ екенін айтты.
– Балалар және смартфондар – әрі қарай не болады? Өсіп келе жатқан буын толықтай виртуал әлемге кетіп қалмай ма?
– Қазір баланың қолынан смартфонын алып қоя алмаймыз, себебі олардың өмірінің бір бөлігі сонда өтіп жатыр. Кезінде біз аулада жүгіріп, “атысып” ойнасақ, қазіргі балалар желі арқылы сөйлесіп, ойнайды. Біз смартфонды тартып алу керек демейміз, бірақ ақылға қонымды белгілі бір шектеу қойып, өсіп келе жатқан ұрпақ желіден пайдалы білім алғаны, онда оларға төнетін қауіптің аз болғаны маңызды деп санаймыз. Болашақта балаларды қорғауға көмектесетін жасанды интеллектіні енгізу керек деп ойлаймын.