Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

Пәтерді жалға алу үшін көптеген хабарландыру оқып, пәтер иесімен келісіп, оның алаяқ емес екеніне көз жеткізіп, содан кейін кепілге ақша қалдыру керек. Мұның бәріне көп уақыт, күш пен жүйке кетеді. Livin стартабының негізін қалаған Ержан Әмірханов интроверт бола отырып, үйден шықпай-ақ әрі артық әңгімелеспей-ақ батырманы бірнеше рет басу арқылы қысқа мерзімге пәтер жалдауға болатын сервис жасаймын деп бел буған... Оның қолынан келді де! Стартап командасы ER10 Media-ға жалған жарнамалардан толықтай дерлік қалай құтылғанын және жалға алу процесін толығымен қалай автоматтандырғанын айтып берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл — ER10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

Мына адамдар сұхбат берді: Александра Цой — жоба менеджері, Ильзат Камилов — маркетолог, Сламбек Әміров — даму бойынша директор. 

Бизнес-бэкграундпен жалға беру әлеміне жол салу

— Стартап жасағанға дейін немен айналыстыңыздар?

Сламбек: Фаундер Ержан Әмірханов екеуміз көптен бері жұмыс істеп келеміз. Бизнесті құрылыс, мейрамхана секторынан бастадық. Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу және ірі іс-шаралар өткізу бойынша тәжірибеміз де көп. 

— Командаңыз туралы айтып беріңізші.

Сламбек: Командамызда 15 адам бар, олар үш бөлімде істейді:

  1. Әзірлеу бөлімі. 
  2. Бизнесті дамыту бөлімі. 
  3. Маркетинг бөлімі. 

—Livin қолданбасы қалай жасалып шықты?

Сламбек: Стартап оның негізін қалаған адамның жеке мәселесінен шықты. Ержан пәтер жалдамақшы болып, жарнамасы бар танымал сайттардан контактілер табатын. Алайда нешетүрлі қиындыққа тап болатын: телефонмен сөйлесу керек, пәтерді жай көргені үшін ақы төлеуі керек, алаяқтық жарнамалар бар, кепілге ақша қалдыруы қажет. Ақырында, Ержан интроверт болғандықтан, оған бұл процестің бәрінен өту қиынға соққан. Өзі ғана емес, басқалар да осындай жайға тап болуы мүмкін ғой деп ойлаған. Сөйтіп, Livin идеясы пайда болды.

2022 жылы стартап әзірлей бастадық, 2023 жыл соңына қарай сайт жасадық. 2024 жылы қолданбаны шығарып, мамыр айында іске қостық. Жеті ай ішінде бізге 28 мыңнан астам қолданушы тіркелді, ал iOS пен Android жүйелерінен қолданушылар Livin қолданбасын 60 мыңнан аса рет жүктеп алды. 400-ден астам рет жалға пәтер берілді. Бұл 800 күннен астам уақытқа сәйкес келеді — бір брондау орта есеппен екі күнге созылады.

Пәтер іздеген әр кезеңде көмек беру

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

— Шешіміңіз неден тұрады?

Сламбек: Ең алдымен қолданушыларды алаяқтардан қорғау үшін қазақстандық сервис жасап шықтық. Пәтер иелері мен қонақтары телефон нөмірі мен электрон пошта арқылы толық тексеруден өтеді. Жақын арада жеке куәлік пен пәтер құжаттарын жүктеп салу функциясын қосамыз. Қонақтың фотосуреттегі пәтер шынымен сол екенін тексеруге және пәтердің жағдайын көруге уақыты болуы үшін иесіне төлем қонақ сол пәтерге жайғасқаннан кейін келесі күні түседі. Мәселе туындаса, қолданушы ақшаны 24 сағат ішінде қайтара алады. Бұл алаяқтықты болдырмауға көмектеседі: қаражат иесіне алдын ала аударылмайды.

Біз пәтер жалға беретіндерді Livin Plus бағдарламасы арқылы оқытамыз. Онда бронды қалай дұрыс қабылдау, үй жинау, смарт-құлыптар орнату және т.б. туралы айтып береміз. Нұсқаулар Telegram арнасында қарапайым түрде берілген.

— Басқа қаладан келгендерге пәтерді бір тәулік ішінде тексеру процесі қалай көмектеседі?

Александра: Бізде басқа қалалардан келген қонақтар тіркелген кездер болды, еш қиындық туған жоқ. Қолданушылар бәрін талқылау үшін пәтер иесімен алдын ала чат арқылы сөйлеседі. Қандай да бір ақау бола қалса, мамандарымыз тез арада араласып, тіпті басқа баспана табуға да көмектеседі.

“Нарықта жоқ баға қою тиімді емес”

— Кейбір пәтер иелері бағаны шарықтатып жібереді. Мұны қалай қадағалайсыздар?

Александра: Қонақ бағаның сапаға сай келмейтінін байқаса, алғашқы 24 сағат ішінде қолдау қызметіне хабарлап, басқа пәтерге көше алады. Біз жағдайды қолға алып, пәтер шынымен де көрсетілген талаптарға сай келмесе, меншік иесіне айыппұл саламыз.

Сламбек: Нарықта жоқ баға қою тиімді емес. Әр ауданда орташа құн диапазоны бар. Мәселен, қала орталығындағы пәтерге тәулігіне 60 мың теңге деген жоғары баға қойылса, түбі бұл пәтерді ешкім жалдамайды. Бағаны иесі емес, нарық анықтайды. Сайтымызда аудан бойынша бағалар картасы бар, онда айырмашылық 5 мың теңгеден аспайды. Қазір жаңа жыл қарсаңында сұраныс жоғары болғандықтан баға өсіп жатыр, біз бұл процеске ықпал ете алмаймыз.

Александра: Иә, қолданушылар оңтайлы нұсқа таңдау үшін ұсыныстарды баға бойынша сүзіп шыға алады.

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

Ильзат: Пәтер иесі бағаны шарықтатып жіберсе, ол топ-қа кіре алмай қалады. Өйткені ресурстарымызда жарнама жоқ: тек нақты тіркеуге негізделген рейтингтер бар. Пікірлерге қарай пәтер тізім бойынша көтерілуі немесе түсуі мүмкін.

— Сүзгілеу қалай істейтінін айтып беріңіздерші.

Александра: Бізде сүзгілеу параметрлері және аудандар бойынша баға тізімі бар. 

Тұрғын үйді іздеу ыңғайлы болуы үшін қолданушылар интерактив картаны пайдалана алады. Бұл карта көрсетілген сүзгілерді ескере отырып, қажет аймақта қолайлы нұсқаларды жылдам әрі оңай тауып береді. Бұл интуитив және көрнекі тәсіл арқылы таңдауға көмектеседі, уақыт үнемдейді әрі іздеу процесін жеңілдетеді. Сервисімізде бағадан бастап тіркеу уақытына дейін тұрғын үйді дәл іздейтін көптеген сүзгі бар.

— Пәтер рейтингі қалай есептеледі? 

Александра: Мынадай критерий бойынша автоматты түрде есептеледі:

  • Пәтер иесі бос күндерді жоспарлауы.
  • Хабарламаға жауап беру жылдамдығы.
  • Қонақтар пікірі. 

Сайтымызға рейтингтермен қатар жарнамаларды сұрыптау алгоритмін жүктедік. 

— Жалға берушіге хабарландыру жариялау үшін не істеу қажет?

Сламбек: Хабарландыру жариялау теп-тегін. Пәтер иесінің жалға беретін үйі мен оның сапалы фотосуреттері болуы керек. Ол Airbnb-де пәтерін жалға берсе, брондауды синхрондау үшін күнтізбе ұсынуы керек. Пәтер басқа сайттарда жалға алынған болса, онда ол күн біздің сервистерімізде автоматты түрде бұғатталады.

Біз пәтер иесінен 3%, қонақтан 12% комиссия аламыз. Төлем транзакция аяқталғаннан кейін түседі.

Қауіпсіздік, жайлылық және оң тәжірибе

— Кірісіңіз шығынды өтей ме?

Сламбек: Біз стартапты 7 ай бұрын ғана іске қостық. Қазіргі табысымыз өмір сүруге және өнімді алға жылжытуға жетеді. Бизнестен келгендіктен, кейбір шығынды өз ақшамызбен жабамыз. Әрине, инвесторлармен жұмыс істегіміз келеді. 2025 жылдың үшінші тоқсанында шығынсыз болуға жетіп, содан кейін табысқа өтуіміз керек. 

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

— Сіздерге қандай инвестиция керек?

Сламбек: Екі жаққа да тиімді шарттары бар бизнесмендер мен венчурлық қорлардан инвестиция тартуға мүдделіміз. Алынған қаражатты брондау санын көбейтуге, маркетинг қызметін дамытуға және Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты жақын елдердің нарығына шығуға жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Еңбекақы мен маркетингтен басқа шығын аз болғандықтан және сыртқы жабдық пайдаланбайтындықтан, бізге шетелге шығуға ештеңе кедергі емес. Бұл үшін басқа елге барып, өнімді іске қосып, жұмыс істеу керек.

— Кеңею үшін неліктен Орталық Азия елдерін таңдап отырсыздар?

Сламбек: Нарығында цифрландыру үлесі жоғары елдерде дамудың мәні бар деп санаймыз. Жақында Силикон алқабына барып келдік те, АҚШ бұл жағынан Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан артта қалғанын білдік. Қазақстанда банк картасын бір минутта ашуға болады, АҚШ-та бұл бірнеше аптаға созылады. Цифрланған мемлекеттік дерек арқасында біз пәтерді жалға алатын адамды да, пәтер иесін де анықтап, оларды тексере аламыз. Өйткені сервисіміз қауіпсіздікті, жайлылықты және оң тәжірибені көздейді.

“Пәтерді ұзақмерзімге жалдау ісін такси шақыру сияқты жеңілдетеміз”

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

— Бәсекелестерден айырмаңыз қандай?

Александра: Біз алаяқтықты дереу тоқтатамыз. Әр қолданушы модерациядан өтеді. Алдағы уақытта адамдарды биометрия арқылы тексеру үшін қонақтар мен пәтер иелерін тексеруді автоматтандыруды жоспарлап отырмыз.

Сламбек: Қашан да қызметімізді жақсартуға тырысамыз және пәтерді ұзақмерзімді жалға алуды бірінші болып толығымен цифрландырамыз. Адамдар уақытты босқа құртқысы келмейді. Біз пәтерді ұзақмерзімді жалға алу ісін такси шақыруғандай жеңілдетеміз әрі қолданушыларды екі айлық депозиттен босатамыз. Үй иесі төлемді уақтылы алып отырады, ал оның пәтері толықтай сақтандырылады.

Ильзат: Каталог ретінде әрекет ететін және пәтерді қолмен іздеу керек танымал платформалардан айырмашылығы сол, бізде бәрі автоматтандырылған. Адамдар бір қолданбада жалға алуға қатысты барлық процестен өтеді. Пәтер іздеуге көп уақыт құртудың қажеті жоқ, пәтер иелеріне қоңырау шалып, бәрін келісіп отырудың да қажеті жоқ. 

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

— 2025 жылы жалға беру нарығында не болатынын болжап бере аласыз ба? 

Александра: Қазір көптеген кәсіпорын онлайн режимде істейді, жалға берілетін тұрғын үй нарығында да солай болады деп отырмыз. Біздікіндей бәрін бір қолданбада жасауға болатын сервис басқа елдерде әлі жоқ. 2025 жылы адамдар пәтерді Livin арқылы  жаппай жалға ала бастайды деп ойлаймын. Өйткені сервис қарапайым, жылдам және қауіпсіз.

Ильзат: Өскелең ұрпақ жылжымайтын мүлікті азырақ сатып алады – бұл қаржы жағынан қиындап барады, сондықтан жалға алу үрдісі келіп жатыр. Бұл сізге басқа елде тұруға және ипотекаға байланбауға мүмкіндік береді.

Сламбек: 2025 жылы адамдар жеңілдетілген ипотека бағдарламалары мен риэлтор қызметтерінен бас тартуы мүмкін. Ипотека адамды ұзақ жыл байлап қояды, ал оның артық төлемі бастапқы сомадан үш есе көп болуы мүмкін. 

Нәтиже сауатты стратегия құрғанға байланысты шығады”

— Қазір қолданбада қай тілдер бар, тағы қандай тілдер қоспақшысыздар? 

Александра: Қолданба мен сайт қазір үш тілде істейді: қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Жаңа нарыққа шыққанда, сол аймақтардың тілін қосып отырамыз. 

Livin стартабы тұрғын үйді жалға беруге қатысты стандарт орнатуға ниетті

— Стартапты қандай да бір спорт түріне ұқсатсаңыз, ол спорттың қай түрі болар еді?

Сламбек: Футбол. Бұл ойында 11 ойыншы, бір жаттықтырушы бар және әрекет-амал көп. Қорғаушылар алаяқтардың шабуылына тойтарыс береді, шабуылдаушылар клиент әкеледі, ал жаттықтырушы процесті үйлестіреді. Футбол — ең танымал спорт түрі, біз Livin-ді де солай танымал еткіміз келеді.

Ильзат: Стартап та футбол сияқты: нәтиже сауатты стратегия құрғанға байланысты шығады. 

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *