Сайттың ресми мәліметі бойынша, 2023 жылы Алматы марафонына 14 мыңға жуық әуесқой жүгіруші қатысқан. Бұл шараның ауқымы мен нәтижесі қазақстандықтардың жүгіруге деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда жүгірушілер халықаралық деңгейде бақ сынағысы келсе, проблема туындауы мүмкін. Олар ұшаққа билет алып, жүгіру марафонына дайындалып, кете сала алмайды. Жүгірушілер ең әуелі әдетте қазақстандықтарға сатылмайтын слоттарды (жүгіру билеті) алудың жолдарын іздеуге мәжбүр. Содан кейін ғана сапарын жоспарлай алады. Осыдан біраз уақыт бұрын жағдай сипаттағанымыздай болып тұрды. Мұндай жағдайға әуесқой жүгіруші Жанат Тұрғымбаев «Үлкен алтылық» марафонына қатысарда тап болды. Содан ол жүгіру марафондарын қазақстандықтарға қолжетімді етуді ұйғарды. Мұндай мақсат оны халықаралық жарыстарға слот алатын және сапарды ұйымдастырып беретін 4LMNTS туристік агенттігін құруға жетеледі. «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасы аясында Жанат стартаптың алдында тұрған мәселелер, оның болашағы және жүгіру марафондары туралы айтып берді.
«Қазақстанның 100 стартап тарихы» – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Олар өзге қазақстандықтарға жол ашып, «біздің де қолымыздан келетінін» дәлелдеді.
– Сіз жүгіргенді ұнатасыз ба? Марафондар кәсіби сала ғой. Оның слоттарын сатуға қалай тәуекел еттіңіз?
– Иә, мен жүгіргенді жақсы көремін. Стартап туралы идея да сол жаттығып жүрген кезде келді. Бір досым екеуіміз жүгіріп келе жатып, «Үлкен алтылық» марафонына қатыссақ деп, әңгімелесіп келе жаттық. Ол Лондон, Токио, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Бостонда өтеді. Бұған дейін біз Алматы марафоны сияқты жергілікті жарыстарға қатысқан едік. Енді жаңа әрі үлкендерін байқап көргіміз келді.
Редакцияның ескертуі: «Үлкен алтылық» марафоны мэйджор марафондар деп те аталады. World Marathon Majors ең беделді жарыстар болып саналады және Лондонда, Токиода, Берлинде, Чикагода, Нью-Йоркте және Бостонда өтеді. Олардың әрқайсысына 30 мыңнан 54 мыңға дейін жүйрік қатыса алады. Мұнда спорт әуесқойларына ақшалай жүлдеден басқа тағы бір тосынсый бар. Барлық алты негізгі марафонды жүгіріп өткен адамға Six Star Finisher ресми атағы беріледі. Айта кетері, бір адам мұндай мәртебе мен медальді өмірінде екі-ақ рет ала алады.
Осы марафондарға қатысамыз деп слот іздей бастадық. Сол кезде күтпеген мәселеге тап болдық: слотты жай ғана сатып алу мүмкін емес екен. Олар тегін және қолжетімді болмады. Оны сатып алу үшін шетелдік туристік агенттіктерге хабарласу керек екен. Ал агенттіктер көбіне басқа елдердің азаматтарына сатпайды.
Дәл сол кезде отандастарымызға халықаралық марафондарға арналған слот сататын туристік агенттік құру идеясы келді. Мұндай қызметке үлкен сұраныс бар екенін түсіндік және республикамыздан және басқа ТМД елдерінен келген жүгірушілерге арманын орындауға – дүниежүзіндегі марафондарға қатысуға көмектесеміз деп шештік.
– Жанат, нарықта мұндай қызметке сұраныс жоғары екенін қалай түсіндіңіз?
– Жеке тәжірибемізден және басқа жүгірушілермен сөйлесіп, марафонға слот аларда біз ғана қиналмайтынымызды түсіндік. Өйткені Қазақстандағы жүздеген жүгірушілер де мұндай ірі іс-шараларға билеттерді (слот) оңай сатып ала алмады. Жүгірушілер қауымдастығымен және басқа спортшылармен тұрақты қарым-қатынас құру арқылы осы салада маңызды қажеттілік бар екенін түсіндік. Жүгірушілер қауымдастығындағы тәжірибеміз бен байланысымыз осы қажеттілікті анықтауға және растауға көмектесті. Бұл біздің стартап идеямыз көп адам үшін өзекті және пайдалы болатынына сенім берді.
– Стартабыңыздың мәні неде?
– Біздің стартаптың мәні кез келген адам халықаралық жүгіру марафонына қатысу үшін слот сатып ала алатын платформада. Біздің шешіміміз жүгірушілерге ірі марафондарға, кез келген басқа жүгіру шараларына билеттерді (слот) оңай әрі ыңғайлы сатып алуға мүмкіндік береді.
Билет сатып алудан бөлек, сақтандыру, виза алуға көмектесу және қонақүйді брондау сияқты қосымша қызметтер ұсынамыз. Клиенттеріміз ұйымдастыру мәселелеріне алаңдамай, назарын жарысқа дайындыққа аударуы үшін қызметтердің толық спектрін ұсынуға тырысамыз.
Біз туристік компания құру арқылы аймақшылдық мәселесін шештік. Әйтпесе, бұрын италиялықтар тек италиялықтарға, француздар француздарға сатып, қазақ жүйріктеріне ешкім слот сатпай, олар шетте қалып қоятын. Енді біздің жүгірушілер марафон билеттерін оңай сатып алып, әлемдегі ең жақсы жарыстарға қатыса алады және бізден кепілді қолдау ала алады.
– Стартап қазір қандай жұмыс істеп жатыр және жыл соңына дейін қай деңгейге жеткіңіз келеді?
– Қазір біздің стартап масштабтау кезеңінде. Қазірдің өзінде Орталық Азия нарықтарына слот сатуды бастадық және тұтынушылардың белсенділігін көріп отырмыз. Жыл соңына дейін мақсатымыз – осы нарықта берік орын алу және өз клиенттерімізге халықаралық марафондарға қатысуға көбірек мүмкіндік ұсына отырып, кәсібімізді кеңейту.
4LMNTS стартабының негізгі бәсекелестеріне ирландиялық Sport Tour International туристік компаниясы және American Marathon Tours кіреді. Жұмыс принципі ұқсас, бірақ нарықтардың айырмашылығы бар. Sport Tour International Еуропадағы жетекші туроператор және ол барлық негізгі марафон мен басқа да халықаралық жүгіру және велосипед жарыстарына баруға кепілдік береді. Marathon Tours сонымен қатар сапардың барлық кезеңінде қамқор болады, негізгі марафондарға жетуге көмектеседі.
«Біз бүкіл жүгіруші кезігетін проблемалар мен қиындықтарды түсінеміз»
– Бәсекелестеріңізден ерекшелігіңіз қандай?
– Басты айырмашылығымыз әрі артықшылығымыз - қызметтердің кешенді болуы және жүгірушілердің қажетін жіті түсінуіміз. Тек марафондарға арналған слот сатпаймыз, оған қоса сақтандыру, виза мен қонақүйлер брондау сияқты қосымша қызметтердің толық спектрін ұсынамыз. Бұл біздің клиенттерімізге назарын ұйымдастыруға емес, жарысқа дайындыққа аударуға мүмкіндік береді. Өзіміз марафондарға белсенді қатысамыз. Сондықтан дайындық пен қатысудың барлық нюансын білеміз. Бұл бізге клиенттеріміздің қажетін жақсырақ түсінуге және оларға оңтайлы шешім ұсынуға көмектеседі. Оған қоса біздің Қазақстан мен Орталық Азиядағы біраз марафонның слотын сатуға эксклюзивті құқығымыз бар. Бұл - клиенттерімізге айрықша мүмкіндік. Жүгірушілер кезігетін барлық қиындық пен проблеманы түсінеміз және халықаралық марафондарға қатысуды барлық клиентіміз үшін қолжетімді және ыңғайлы еткіміз келеді. Марафонға қатысты барлық ауыртпалықты қалай жеңуге болатынын білеміз.
– Стартабыңызды дамыту үшін қандай көлемде инвестиция қажет?
– Стартапты дамыту үшін бізге жылдам масштабтауға инвестиция қажет. Бұл қаражат нарықтағы орнымызды кеңейтуге, қызметтерімізді жақсартып, автоматтандыруға, сонымен қатар жаңа клиент тарту үшін маркетиң науқандарын ұйымдастыруға жұмсалады.
– Қандай себеп сізді алға жетеледі және стартабыңызды осынша деңгейге жеткізуге не итермеледі?
Қазақстанда әлемдік марафондарға қатыса алатын белсенді жүгірушілер қауымдастығы бар екенін дәлелдеуіміз керек еді. Марафон ұйымдастырушыларымен байланыс орнатып, еліміздің әлеуетіне сендіру үшін уақыт пен күш қажет болды. Бұл қиындықтарды шыдам, табандылық және стратегиялық көзқарас арқылы сәтті еңсердік. Ұзақ мерзімді серіктестік орнаттық, қызметтерімізді жетілдірдік. Клиенттерге жоғары сапалы қызмет пен дербестендірілген тәсіл ұсына отырып, нарықтағы позициямызды нығайту үшін жұмыс істей береміз.
– Жанат, алдағы жоспарларыңызды бөлісіңізші? Қандай нарықтарды бағындырасыз және кәсібіңізді қай елдерде ауқымды түрде кеңейтуді көздеп отырсыз?
– Болашақтағы жоспарларымызға Орталық Азия, ТМД елдері және Түркия нарығындағы қызметімізді белсенді түрде кеңейту кіреді. Бұл аймақтарда позициямызды нығайтуға көмектесетін және клиенттерімізге халықаралық жарыстарға қатысуға көбірек мүмкіндік беретін келісімдер бар. Халықаралық деңгейге шықсақ, бұл әлбетте тамаша болар еді. Біздің өте өршіл жоспарларымыз бар
Бәрі салауатты өмір салты үшін!
– Стартабыңыздан кім көп пайда көреді?
– Біздің стартап бірінші кезекте өз денсаулығын ойлайтын және белсенді саяхаттағысы келетін адамдарға пайдалы. Бұл физикалық саулықты нығайтады және белсенді өмір салтын ұстануға шабыттандырады, әлеуметтік әл-ауқатқа ықпал етеді.
– Стартабыңыздың басты миссиясы ретінде нені көресіз?
– Біздің миссиямыз – әлемдік жүгіру марафондарына қатысуды Орталық Азия мен басқа да аймақтардың тұрғындарына қолжетімді және ыңғайлы ету. Адамдарды белсенді өмір салтын ұстануға, физикалық саулықты нығайтуға және спорт жетістіктері арқылы көкжиегін кеңейтуге шабыттандырғымыз келеді.
– Стартабыңыз бен салаңыздың болашағын қалай елестетесіз? Технология қалай дамиды?
– Жарыстарға дайындық туралы жеке ұсыныстар айтатын платформа әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Оған мыналар кіреді:
- жаттығу жоспары,
- тамақтану және жүгіруді таңдау жөнінде кеңестер,
- Жүгірушінің деректеріне негізделген тексерулер бойынша ұсыныстар. Мысалы, жүрек соғысын өлшеу, жүрек жұмысы және анализдер.
Сонымен қатар жүгірушілер қауымдастығының мүшелері арасында белсенді қарым-қатынас пен тәжірибе алмасу алаңын жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл жүгірушілерге басқа қатысушылардан қолдау мен шабыт алуға көмектеседі. Нәтижесінде олардың спорттағы көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.
– Сіздіңше, Қазақстанда стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасалған ба?
– Иә, Қазақстанда стартап қозғалысын дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Кейінгі жылдары акселератор, хакатон және инкубаторлар сияқты стартаптарды қолдау инфрақұрылымдары айтарлықтай өскені байқалды. Astana Hub және Most Hub сияқты бастамалар стартаптарды қолдап, ынталандыруда маңызды роль атқарады. Олар жобаларға ресурс алуға, оқуға жағдай жасап, менторлықпен қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде инновация мен кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасайды. Бұл Қазақстандағы жаңа идеялар мен технологиялардың дамуына да үлес қосады.