Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ


Қазақстанда геология мен энергетикада жаһандық революция басталуы мүмкін. Бұл әзіл де, асыра сілтеу де емес. NeuronOil стартап командасы әзірлеген аналитикалық жүйе мұнай-газ секторындағы бұрғылау және геологиялық-техникалық шараларды таңдау табыстылығын 60%-дан 95%-ға дейін арттыруға көмектеседі. Ал бұл осы салада ондаған миллиард доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ мұның өзі энергиядағы нақты төңкеріс ықтималдығымен салыстырғанда әлсіз. NeuronOil компаниясының жетілдірілген алгоритмі мен формуласы теориялық тұрғыдан ғасырлар бойы өркениетіміздің негізгі энергетикалық ресурсына айналуы мүмкін табиғи сутекті іздеуді бастауға мүмкіндік жасайды. Қазақстандық қарапайым заңгер, NeuronOil компаниясының негізін қалаушы Асылан Жұмағалиев ER10 Media редакциясына бизнестегі жолы, мұнай-газ саласының консерватизмі және алғашқы шетелдік жобалары туралы айтып берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл — ER10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

Металл жинаудан басталған кәсіп

— Асылан, кәсіпке қалай келгеніңізді айтыңызшы? Бұл кездейсоқ болды ма әлде кәсіпкер болуды армандап, мақсатыңызға қарай бет бұрдыңыз ба?

— Бәлкім кездейсоқ болған шығар. Көп уақыт мемлекеттік және жеке секторда жұмыс істедім. Оның ішінде әртүрлі қызметтер атқардым, компания менеджері болып та көрдім. Бірақ бір күні Жаңаөзенде тұрған кезімде әріптестеріммен кен орындарын аралап жүріп, жүздеген мың тонна металл сынығы үйіліп жатқанын көріп қалдым. «Неге мұны ешкім жинап сатпайды» деп ойладым. Сөйтсем металл сынықтарының барлығы радиоактивті қақпен ластанған екен. «Оны неге тазаламасқа?» деп сұрағанымда тазалау мүмкін емес екенін айтты. Жетекші институттар 40 жыл бойы әртүрлі тазалау әдісін әзірлеген, бірақ ешкім табысқа жете алмапты. Өйткені заң талаптары бойынша, радиоактивті металды көмуге болмайды. Оны радиациядан тазарту керек. Сонда ғана оны көме алады. Ал металл сынықтарын экономикалық айналымға қайтару керек. Бірақ оны тазалайтын технология жоқ, сондықтан компаниялар жыл сайын көлемді экологиялық айыппұлдарды төлеуге үйреніп қалған.

Сонда сіз осы мәселені шешуге бел будыңыз ба?

— Қолымнан келгенін жасап көрейін дедім. Әдебиеттерді оқып, мәселені мұқият зерттеп, тіпті бір кездері аумақты залалсыздандыруға жетекшілік еткен Чернобыль басқармасының бұрынғы басшысын Украинадан Қазақстанға әкелдім. Бір апта бойы мәселені зерттеп, қоқыс алаңдарын қарап, көмектесе алмайтынын жеткізді. Тым көп ластанған. Металл сынықтары 3-4 см радиоактивті шкала қабатымен жабылған. Ол ешқандай құралмен немесе тазалау әдістерімен кетпеген. 

Бір кезде әжемнің ыдыстарды қақтан қалай тазалағаны есіме түсті. Ол шәйнектерді отқа қыздыратын. Сосын қасықпен қағып, қақты түсіретін. Металл сынықтарын қыздырып көру керек болды. Бірақ қалай? Өнеркәсіп пешін далаға орнату өте қымбат болды. Бірақ мен шешімін таптым. Сургутта (Ресей) жүргенде жергілікті мұнайшылардың ұшақ турбиналары арқылы құбырларды мұздатылған мұнаймен қалай жылытатынын көрген едім. Содан компанияларға осы идеяма көмектесуін ұсындым. Бірақ жауапты адамдар бір жарым жыл бойы «Мұны ең ақылды азаматтар 40 жыл бойы істей алмады, ал сен қайда барасың? Қолыңнан келмейді» деді. Бірақ сонда да мен оларды көндіре алдым. Олар маған «Міне, 10 тонна металл. Ауысым кезінде тазалай алмасаңыз, қайтып келмеңіз» деді. Турбинаны, жабдықтарды, жұмысшыларды тауып алдым. Біз қондырғыны жинап, металл сынықтарын қыздыру арқылы эксперимент бастадық. Ақырында жұмысты аяқтай алдық. Бұл менің қарыз ақшаға ашқан бірінші кәсібім болды. Тапсырыстар түсіп, компания тез өсе бастады. Келісім-шарттардың құны миллиард теңгеден асады деп болжанды, бірақ бұл кейбір адамдарға ұнамады. Мені бұл нарықтан қуып шықты. Дегенмен кәсіптің арқасында жақсы ақша тауып, NeuronOil стартабын іске қостым.

Бұл өмірде ештеңе бекер емес

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

— NeuronOil стартабының идеясы қалай туды? Тағы да кездейсоқ па?

— Иә, бұл идея да кездейсоқ келді. Ақтауда геологпен бір дастархан басында отырған едім. Оған жұмысындағылар хабарласып, көңілін түсірді. Мен одан не болғанын сұрай бастадым. Ол «барлау ұңғымасы бос болып шықты» деп жауап берді. Содан әңгімелесе бастадық. Мұнай-газ саласындағы барлаудың қолданыстағы технологиялармен табыстылығы 50-60% екені белгілі болды. Кәсіпорын 10 ұңғыма бұрғылайды, оның 5-6-сында мұнай немесе газ болса, бұл тамаша нәтиже болып саналады. Ол жерден табылған ресурстар геологиялық барлау шығынын өтейді. Ал «құрғақ» ұңғымаларды бұрғылау шығын ретінде есептеледі. Бұл дегеніміз – желге кеткен миллиондаған доллар ақша. Cол кезде әлгі геологпен пікір таластырдық. Себебі бұл маған қисынсыз болып көрінді. Мұнай компанияларының ақшасы жеткілікті ғой, олар шығынды азайту үшін жақсы технологияларды дамыта алмай ма? Сөйтсем бәрі «қалыптасқан» стандартпен келісіп, ешкім ештеңені өзгертуге тырыспаған екен.


— Сіз бұл мәселені шеше аламын деп ойладыңыз ба?

— Неге шешпеске деп ойладым. Мен осы мәселе жөнінде ақпарат қарап, әдебиеттерді оқи бастадым. Қолданыстағы технологиялар мен тренажерларды зерттедім. Геологтар аумақтарды беті бір гектар болатын текшелерге бөледі екен. Осылайша, олар осындай үлкен аумақтан бір ұңғыманы кездейсоқ бұрғылайды деуге болады. Мен бұл технологияны жақсартуға болатынын түсіндім. Кейін бір мақаладан теориялық тұрғыдан есептеу бірлігін текше ретінде емес, ұңғыма байланысы ретінде алуға болатынын оқыдым. Есептеулерді басқа жолмен жасауға болатынын түсінгенім мені мәселені одан әрі түсінуге итермеледі. Шынында да, егер бір технология өзінің шегіне жетсе, онда жаңа нәрсені қолдану керек.

— Ал сіз мәселеге басқа жағынан қарап көргіңіз келді, солай ма? Бірақ сіздің арнайы біліміңіз болмады ғой?

— Әрине, мен заңгер ретінде формулалар мен есептеулерден ештеңе түсінбедім. Кәсіби геологты достарым арқылы тауып, оған ұңғымаларды қосу туралы мақаланы көрсеттім. Оның алғашқы реакциясы өте күмәнді болды. Бірақ мен оны басқа технологияларды қолдану мүмкіндігін зерттеуге көндірдім. Екі айдан кейін ол жаңа есептеу әдісінің жұмыс істейтінін айтып, таңғалды. Біздің NeuronOil стартабымыз осылай басталды.

Мақсат – геологиялық барлаудың дәлдігін арттыру

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

— Сіздің өніміңіздің негізгі идеясы қандай?

— Біз тарихи, геологиялық және басқа да деректерге сүйене отырып, бұрғылау және геологиялық-техникалық шараларды таңдау дәлдігін 95%-ға дейін арттыруға болатын алгоритм мен формулаларды әзірледік. Әр ұңғыманы бұрғылау 1 мен 15 миллион доллар аралығында тұратынын ескерсек, компаниялар қанша ақша үнемдей алатынын елестетіп көріңіз. 

Редакция ескертпесі. Көмірсутектерді барлаудың әлемдік нарығы 2023 жылдың соңына қарай 60 миллиард долларға бағаланды.

— Технологияңыз неге сонша дәл? Мұның сыры неде?

— Жоғары дәлдікке басқа есептеу бірлігі – текше емес, ұңғыма болғандықтан қол жеткіздік. Шартты түрде виртуалды бұрғылау қондырғысын кен орнының кез келген нүктесіне «орналастырып», сол жерде көмірсутек табу ықтималдығын есептей аламыз. Сұйықтың пайызын есептеп, су мен майдың көлемін бағалай аламыз.

— Есептеу үшін мәліметтерді қайдан аласыз?

— Әр жер қойнауын пайдаланушының арнайы деректері болады: күнделікті өндіру деректері, ай сайынғы жедел есептер, сынамаларды алу және т.б. Осы деректерді алгоритммен біріктіру арқылы белгілі бір жерде ресурс бар-жоғын болжай аламыз.


— Салыстырмалы түрде айтсақ, Атырау облысының бір ашық алқабына барып, сол жерде көмірсутек бар деп айта аласыз ба?

— Дәл бұлай емес. Біздің технология игерілген, brownfields (қараусыз қалған жерлер) деп аталатын кен орындарында тиімді. Талдауды жеңілдететін тарихи деректер көп. Сонымен қатар мүлдем жаңа, greenfields (жасыл аймақ) аумақтарда жұмыс істеуге болады. Біз болжам жасай аламыз, барлау бұрғылауын жүргізе аламыз. Шыққан нәтижені өз үлгімізді максималды тиімді етуге қолдана аламыз.

Сонымен қатар біз су тасу жүйесін оңтайландырамыз. Біздің алгоритмдер сорғыларды бір-біріне кедергі жасамайтындай етіп оңтайландырады, тіпті көмектесе алады. Соның арқасында су тапшылығын 12%-ға дейін азайта аламыз. Бір ұңғымадан 98% су, 2% ғана мұнай өндірілді. Судың қысқаруын 86%-ға дейін азайта алдық. Тиісінше, егер бұрын айдау сорғылары бір тонна сұйықтықты шығарғанда 20 литр мұнай болса, қазір бұл көрсеткіш 140 литрге дейін көтерілді. Мұны сорғыларды қайта конфигурациялау арқылы жасадық.


— Сонда сіздің стартабыңыз дұрыс алгоритмдерден құралған ба?

— Иә, машиналық оқыту. Иә, мен арнайы алгоритмдерді жасайтын және үйрететін команда жинадым.

Әрі қарай тек өсеміз

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

— Қазір стартабыңыз қай кезеңде тұр?

— Біз нарыққа кірдік және келісім-шарттар жасап жатырмыз. Бірақ бірден айтайын, технологиялық стартаптардың қызметін сату қиын. Оның үстіне мұнай-газ саласының өзі өте консервативті. Компанияға келіп, 95% табыс барлаудың сәтті жүргізілуінен болады десең, олар бұған сенбейді. Пилот жобаларды дәлелдеп, іске қосу үшін көп уақыт қажет. Мұның бәрі біраз уақытты талап етеді. Енді міне, алғашқы келісім-шарттарымызға, өзімізді қамтамасыз етуге қол жеткізіп жатырмыз. Әрі қарай тек өсе береміз.

— Қазір қандай жобаларды жүзеге асырып жатырсыз?

— Біз қазір Аргентинада пилот жоба іске қосып жатырмыз. Бірақ бұл – өте күрделі жоба. Онда 125 мұнай қабатынан тұратын кен орны бар. Мұндай жағдайды бірінші рет кездестіріп отырмыз. Қазақстанда тағы бір жоба бар. Екі әлеуетті клиентпен пилот жобаны іске қосуды талқылап жатырмыз. Иранмен байланысқанбыз, бірақ тұрақсыз жағдайға байланысты ол әзірше тоқтап тұр.

— Сіздің бәсекелестеріңіз бар ма?

— Әлемдік деңгейде біз Schlumberger, Halliburton және т.б. сияқты ірі мұнай сервистік компанияларымен бәсекелесеміз. Негізінде, барлық компания табысын 50-60% деңгейінде қамтамасыз ететін өз шешімдерін пайдаланады.

— Яғни, өніміңіз жетілдірілген?

— Техникалық тұрғыдан алғанда, иә.

— Ірі компаниялар сіздің технологияңызды сатып алғысы келмей ме?

— Нарықтың сенімсіздігінен шаршаған кезім болды, тіпті технологияны Schlumberger-ге сатқым келді, бірақ олар бас тартты. Олар менің өнімімді күшті деді, бірақ олар компанияның тек нарықтағы үлесін сатып алады екен. Бір менеджер егер Қазақстан нарығының 5%-ын алсақ, маған ұсыныспен келетінін айтты. Егер әлемдік нарықтың 5%-ына жете алсақ, олар біз бас тарта алмайтын ұсыныспен келеді.

— Халықаралық компания болу жоспарыңызда бар ма?

— Иә, әрине. Аргентина нарығына шығып, өзімізді танытуды көздегеніміз бекер емес. Біз өз технологиямызға сенімдіміз. Көмірсутекті барлау бизнесі қазірдің өзінде жұмыс істеп, табыс тауып отыр. Енді жаңа жобаға назар аударатын кез келді.

Сутегі болашағы

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

— Менің білуімше, сіз «жасыл» энергетикада бұдан да перспективалы өнім дайындап жатырсыз?

— Біз қазір табиғи сутекті барлау технологиясын әзірлеп жатырмыз. Бұл жерде де кездейсоқтықтың үлесі бар. Бір компанияның пилот жобасын жасап жатқанымызда басқа топ мұнай және газ кен орындарын гелийді барлау жобасын көрсетті. Біз сол командамен достасып кеттік те, серіктес боламыз деп шештік.


— Неліктен табиғи сутегі? 

— Малиде бір танымал жағдай болды. 80-жылдары сол жерден су іздеп, құдық қазған. Сол кезде қолына темекі ұстаған бір жұмысшы құдыққа жақындағанда тарсыл болған. Компания бұдан қорқып, жұмысты тоқтатып қойған. 2011 жылы жергілікті кәсіпкер оны қайта ашып, үлгісін алған. Сонда үлгінің құрамында 98% сутегі бар екені белгілі болды. Бұрын бұл мүмкін емес деп есептелген. Сондықтан оны ешкім іздемеген еді. Бірақ табиғи сутегінің кен орындары бар екен. Қазір бүкіл әлемдегі стартаптар табиғи сутекті іздей бастады. Мысалы, АҚШ, Австралия, Франция және басқа жерлерде. Тіпті Билл Гейтс бір жобаға 90 миллион доллар инвестициялаған. Бірақ олардың барлығы кен орындарын ескі технологияларды пайдалана отырып іздейді: сейсмикалық, электр барлау, геохимия және т.б. қолдану. Біздің алгоритмдеріміз, формулаларымыз және гелийді барлау мүмкіндіктеріміз табиғи сутегінің көзін әлдеқайда жылдам әрі тиімді табуға көмектеседі деп ойладым.

Редакция ескертпесі. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер бетінде шамамен 5 триллион метрикалық тонна геологиялық сутегі болуы мүмкін. Қазба отынының бірнеше пайызы ғана 200 жылға болжанған сұранысты қанағаттандыруға жеткілікті. Бүгінде 40-тан астам ірі компания геологиялық сутегі кен орындарын белсенді түрде іздеп жатыр. Кейінгі 3 жылда олардың саны 4 есе өсті.

— Сонда сіздің сутегіге бағытталуыңыз әзірше эксперимент болып санала ма?

— Эксперимент деп айтпас едім. Біздің технология жұмыс істейтініне сенімдіміз. Біз оны әлі тәжірибе жүзінде тексерген жоқпыз. Қазір Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігімен және ірі университеттермен байланысып жатырмыз. Бірлесіп далалық сынақтар жүргізіп, Қазақстандағы табиғи сутекті табуға тырысамыз.

— Стартабыңызға инвестиция қажет пе?

— Сутегі жобасына егіс жұмыстарын жүргізу үшін инвестиция қажет болар еді. Өкінішке қарай, Қазақстанда инвестиция салуға дайын адамдар жоқ деп ойлаймын. Өйткені бір кен орнындағы далалық сынақ шамамен 5 миллион доллар тұрады. Бұл тек алгоритмдерді сынау және аяқтау шығыны. Сондықтан қазір мемлекеттік органдармен келісімге келуге тырысып жатырмыз. Әзірше түсіністік пен қызығушылық байқалады, бірақ қаражат табыла ма, жоқ па, белгісіз.

Энергетикадағы сутегі революциясы Қазақстанда бастала ма?

NeuronOil: Қазақстандық заңгер геология мен энергетикада төңкеріс жасамақ

— Стартаптың миссиясын қалай түсіндірер едіңіз?

— Менің әр жобам нарықты өзгертуге ғана емес, нарыққа құрал болуға арналған. Ал сутегімен мен өзгергім келмейді, бірақ нарықта төңкеріс жасағым келеді. Өйткені табиғи сутегі – энергияның ең арзан әрі таза көзі. Сутегін жаққанда тек таза су шығады. Бүгінде өндірілген сутегінің бір келісінің құны 7 долларға тең. Табиғи ресурсты өндіру кезінде оның құны 1-1,2 доллар болады. Бүкіл әлемнің энергетикалық секторында төңкеріс жасайтын сутегінің өнеркәсіптік өндірісі осында, Қазақстанда болғанын қалаймын.


— Бизнес шешімдер қабылдауға шабытты қайдан аласыз? Қандай кітаптар оқисыз, қандай фильмдер көресіз?

— Бір тақырыпқа қызықсам, соған қатысты барлық әдебиетті оқи бастаймын. Олар – негізінен ғылыми мақалалар. Бизнес пен психология туралы кітаптарды оқымаймын.


— Іскерлік дағдыларыңызды қалай жетілдіресіз?

— Astana Hub-та Google for Startups акселерациясын аяқтадым. Бұл акселераторға дейін мен стартаптар әлемінен алыс едім. Тіпті өз ақшаңмен емес, инвесторлардың ақшасымен қалай бизнес бастауға болатынын түсінбедім. Акселерация кезінде стартаптар әлеміне терең бойлап, көп пайдалы нәрселерді үйрендім.


— Мінезіңізді қай спорт түрімен байланыстырар едіңіз?

— Дәл айту қиын. Көкпар кезінде ат үстінде шахмат ойнау шығар. Мен бір тақырыпқа әрдайым терең бойлаймын, әр әрекетімді ойластырамын. Бірақ содан кейін жоспарымды тез орындаймын және мүлдем тоқтамаймын.


— Кәсіпте мақсаткерлік көмектесе ме?

— Әрине. Гипотезаны тексеру үшін бір жарым жыл бойы радиоактивті металл сынықтарын сұрағанымда, бәрі маған «Тоқта, саған ешкім сенбейді» деді. Мен NeuronOil стартабын жеті жыл бойы жүргізіп келемін. Команданы жалдау, алгоритмдерді әзірлеу үшін 1 миллион доллар инвестицияладым. Коммерцияға енді ғана қолым жетіп жатыр. Осы уақытта бірнеше рет кері шегінуім мүмкін еді. Менің барлық жобаларымдағы басты қиындық – мұнай-газ нарығының шектен тыс консерватизмі. Ондағылар жаңа идеяларды қабылдауға құлықсыз. Бұл нарықтан нағыз сенімді көргім-ақ келеді.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *