Кейінгі жылдары әлем жаппай қашықтан жұмыс істеуге көшті. Жұмыс, сабақ, жиналыстар, сұхбаттар және тіпті емтихандар да онлайн режимде өте бастады. Алғашында білімді қалай тексереміз деген күрделі мәселе туындады. Студент тестілеу кезінде көшірсе ше? Көмекші бағдарламаларды пайдаланса немесе оның орнына үздік студент досы тапсырса ше? Студенттердің мұндай амалы қызық көрінгенімен, емтихандарын басқа біреу тапсырған дәрігерге ешкімнің барғысы келмесі анық.
Осы ретте емтихандар әділ өтуі үшін бүкіл әлемде тестілеуді онлайн түрде бақылауға мүмкіндік беретін прокторинг жүйелері (бақылау жүйелері) әзірлене бастады. Атап айтқанда, мұндай жүйелер емтихан алушының жеке басын растауға, компьютерде басқа бағдарлама пайдаланылмауын қадағалауға, екінші экранды қосуға және немқұрайлы әрі қу студенттер қолдана алатын басқа да амалдарды анықтауға қабілетті.
Astana Hub резиденті әрі OES стартабының негізін қалаушы Абай Етекбаев Er10.media редакциясына OES жүйесі емтихандар мен сұхбаттарды қалай ашық ететіні туралы айтып берді.
«Қазақстанның 100 стартап тарихы» – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
– Стартабыңыз қалай пайда болды және неліктен білім саласына келдіңіз?
– Біз IT бағдарламалар нарығында 2015 жылдан бері бармыз. Бастапқыда веб-сайттар мен қарапайым ақпарат жүйелерін жасаумен, онлайн жарнама және оны жүргізумен айналыстық. Бұл өнімдерді, әдетте, жеке коммерциялық ұйымдарға дайындадық. Бірте-бірте мемлекеттік органдарға арналған порталдар мен кешенді ақпарат жүйелерін әзірлеуге көштік.
Бірде Қазақстандағы ЖОО үшін онлайн оқытуға арналған LMS (Learning Management System) платформасын әзірлеген едік. Онда электронды бағалар кітапшасы, вебинар функциялары, сабақтар мен емтихандар кестесі бар. Бірақ ол әрі қарай алып кету күрделілігіне және тегін аналогтардың болуына байланысты танымал бола алмады.
– Неліктен прокторинг жүйесін дамытуды ойладыңыз? Бұл жеке тәжірибемен келді ме әлде нарықтың қажетін анықтағаныңыз ба?
– Шын мәнінде, біздің қазіргі және әлеуетті клиенттеріміз – оқу орындары. Олар бізден прокторинг жүйемізді үнемі сұрап отырды. Содан өнімнің сұранысқа ие екенін түсініп, осы салада өз күшімізді сынап көруді жөн көрдік.
Нарықты, бәсекелестікті және перспективаларды бағалап, күш-жігерімізді осы бағытқа шоғырландыра аламыз деп ойладық. Осылайша 2019 жылы прокторинг жүйесін құруды шештік. ТМД және әлемдік нарықтарды зерттедік, бәсекелестердің күшті және әлсіз жақтарын талдадық. Бірақ сол кезде бұл әлі де дамыту қажет идея болып қалды.
Алайда 2019 жылдың қысында клиенттердің бірі прокторинг қызметін сұрап, тапсырыс жасады. Жұмысқа бірден кірісіп, біраз уақыттан кейін клиентке жүйенің бірінші нұсқасын тапсырдық. Әрине, бұл бет-әлпетті анықтамайтын, хабарландыру мен басқа заманауи мүмкіндіктері жоқ тек алғашқы нұсқа болды. Видео нәтижесін кейінірек қарау үшін веб-камера, жұмыс үстелі және дыбыс жазу сияқты негізгі функциялар болды. Бірақ ең бастысы, біздің бағдарлама жұмыс істеп, өз функцияларын орындады. Содан кейін пандемия басталып, көп университет онлайн оқытуға көшті. Әрине, прокторинг жүйелері шұғыл қажет болды. Осы кезде біздің де уақытымыз келді.
– Нарықты қалай жаулай алдыңыз?
– Бастапқыда емтиханды бақылайтын бәсекелестерден айырмашылығымыз – нарыққа қолжетімді және тартымды бағамен шыға алғанымыз. Біз клиенттерге 450 мың теңге тұратын 10 ТB орынды дискті ұсындық. Салыстырмалы түрде айтсақ, университет бұл сомаға 30 мыңға дейін сессия өткізе алады, бір емтиханның орташа құны – 15 теңге. Салыстыру үшін: ресейлік бәсекелестер функционалдыққа байланысты бір емтихан үшін 100-200 рубльге дейін ақы алады. Ал біздің қызметіміз әлдеқайда арзан болды.
Осы баға саясатының арқасында «пандемияның» алғашқы толқынында біз 15 оқу орнымен жұмыс істеп, келісімшарттар жасадық. Нәтижесінде біз өнімнің толыққанды бірінші нұсқасын жасай отырып, «OES» жүйесін жетілдіре бастадық. Қазір платформаның төртінші нұсқасы қолданыста. Ал бесінші нұсқасы әзірленіп жатыр. Бұл жүйе 100% Қазақстанда жасалған деп айта аламын.
– Сіздің салаңызда бәсеке қаншалықты жоғары?
– Жалпы Қазақстан нарығында прокторинг саласында жұмыс істейтін үш негізгі компания бар: біздің OES, Oqylyq.kz және Platonus.
Клиенттер көбіне бізді таңдайды, өйткені платформамыз өте тұрақты және жақсы қолдауға ие. Бұған қоса, OES компьютерде веб-камерамен байланыс немесе экранға кіру мүмкіндігі сияқты техникалық ақауларды анықтай алады. Мұндай жағдайда жүйе адамға «компьютерді өшіріп, қосыңыз, камераға рұқсат беріңіз, антивирусты өшіріңіз» деген сияқты және тағы басқа шешімдер ұсынады.
– OES платформасының негізгі функциялары туралы айтып беріңізші?
– OES жасанды интеллектіні, сomputer vision және басқа модульдерді пайдаланып, емтихан кезінде пайдаланушының камерасын, микрофонын және экранын толығымен басқарады. Тексеруші пайдаланушы әрекеті анализделген егжей-тегжейлі есеп алады. Емтихан алушы осы деректерге қарап, студенттің емтиханды қаншалықты адал тапсырғанын түсінеді. Регламентті сақтай алмағаны туралы рейтинг те тұрады. Егер студент өрескел бұзушылықтар жасаса, тестілеу жойылуы мүмкін.
OES-те мына функциялар бар: бет-әлпетті 99% дәлдікпен тану, жабдықтың бұзылмағанын тексеру, бейтаныс адамдардың бар-жоғын анықтау, басты екі жаққа бұру және мәтінді көшіру және қою әрекеті, браузер мен жұмыс үстелін басқару, 2-мониторды анықтау және блоктау, пайдаланушының жоқ екенін білу және ауыстыру, тінтуірдің оң жақ батырмасын блоктау, шу деңгейін реттеу, антиспуфингті (бет орнына фото көрсету) анықтау және тағы басқа.
Сонымен қатар студент екінші камераны қосу үшін смартфон арқылы QR кодын сканерлей алады және оны екі жақты көрініс болатындай етіп бүйіріне орналастырады. Бұл шпаргалка пайдалануды болдырмайды.
Сонымен бірге жүйе прокторингтің асинхронды, автоматты және синхронды түрлеріне мүмкіндік береді. Себебі жағдайға байланысты тестілеу емтихан алушының қатысуымен немесе есеп пен бейнежазба арқылы автоматты режимде өтуі мүмкін. Жүйе өте икемді және көптеген мүмкіндіктерге ие.
– Студент прокторинг жүйесін алдай ала ма?
– Теориялық тұрғыдан әдістерін білсе және техникалық жағынан өте сауатты болса, кез келген прокторинг жүйесін алдауға болады. Сондықтан өнімді үнемі жетілдіріп отырамыз және жүйе кез келген күдікті әрекеттерді тіркеп, оны емтихан алушыға хабарлайды. Қазір TeamViewer және AnyDesk сияқты бағдарламалар арқылы басқа пайдаланушылардың қашықтан қосылуын басқаруға және блоктауға мүмкіндік беретін жаңарту дайындап жатырмыз. Ол екінші тінтуірдің немесе пернетақтаның қосылуын, желілік қосылуларды және пайдаланушы компьютерінің техникалық сипаттамаларын талдайды. Жүйе емтиханға әсер етуі мүмкін үшінші тарап бағдарламаларын өшіре алады. OES-тің бесінші нұсқасы емтихан мен сынақтар тапсыруға арналған толыққанды дүңгіршек болмақ.
– Сіздің жүйеңіз оқу орындарынан басқа жерде қолданыла ма?
– Иә, мысалы, HR мамандары үшін тамаша құрал бола алады. OES-ті пайдалана отырып, адам таңдай аласыз. Сонымен қатар ішкі және сыртқы аттестаттау, персоналды сертификаттау және бағалау өткізе аласыз. Жүйені HR саласында қолданатын клиенттер қазірдің өзінде бар.
– Сіздің стартабыңызды қалыптасқан бизнес деуге болады. Қандай жетістіктеріңізді атап кете аласыз?
– Бүгінде біз 30-дан астам клиентпен жұмыс істейміз. OES көмегімен 1 миллионға жуық емтихан өткізілді. Рекордымыз – бір уақытта 10 мың сессияны өткізгеніміз. Сонымен қатар біздің тағы бір өнім – OES вебинар жүйесі туралы айта кетейін. Оның көмегімен студенттермен онлайн сабақтар мен келіссөздер жүргізуге болады. Онда бейне және аудио байланыс, статустар, чат, сабақ жазу, экранды бөлісу, презентацияларды жүктеу, дауыс беру және маркер, қарындаш, ластик және тағы басқа түріндегі көмекші құралдар бар. Жүйе бір мезгілде шектеусіз 2000 қосылуға төтеп бере алады.
– Стартабыңыз дами бастағанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Оларды жеңе алдыңыз ба?
– Негізінен көбіне техникалық қиындықтар болды. Прокторинг жүйесі техникалық жағынан өте күрделі әрі біраз ресурсты қажет етеді. Пайдаланушыдан бейне және аудио қабылдау, деректерді жазу және талдау қажет. Ақауларға төзімді және сенімді жүйе құру ең қиын міндет болды.
– Болашаққа жоспарларыңыз қандай? Қандай нарықты бағындыруды жоспарлап отырсыз және кәсібіңізді қайда масштабтауды ниет еттіңіз?
– Иә, көршілес елдер – Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения және Қырғызстанға дейін кеңейту жоспарда бар. Әзірге біз әлеуетті нарық ретінде ТМД елдерін қарастырамыз.
– Стартабыңыздың басты миссиясы ретінде нені көресіз?
– Емтихандардың әділ өтуі өте маңызды. Соның арқасында лауазымды қызметке алаяқтықпен сынақтан өткен кездейсоқ адам емес, нағыз білікті маман орналасатынына кепілдік бере аламыз. Бұған қоса прокторинг жүйесі сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Салыстырмалы түрде айтсақ, мұғалім ақылы түрде оқушыға жақсы баға қоя алмайды. Менің ойымша, бүгінде прокторинг жүйелері өте маңызды рөл атқарады.
– Стартабыңыз бен білім саласының болашағын қалай елестетесіз?
– Меніңше, қазіргіден де көп процестер онлайн режимге көшеді. Емтихан, кездесу, сұхбат және тағы басқалары онлайн өте береді. Тиісінше, алаяқтықты болдырмау және көп процестің ашықтығын арттыру үшін прокторинг жүйелері әзірленіп, жетіле түседі. Көп функцияны автоматтандыратын жасанды интеллект белсенді түрде енгізіледі. Шын мәнінде, прокторинг жүйелері тұтынушылардың көп мәселесін шешеді. Бірақ бұны әлі бәрі түсіне қоймады.