Бүгінде Қазақстанда дамуында түрлі ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған 600 000-нан астам отбасы бар. Олардың барлығы мемлекеттен қаржылай және медицина көмегін алады. Дегенмен тәжірибе ата-аналарға көп жағдайда біраз мәселелер туралы жан-жақты, сауатты және ғылымға негізделген ақпарат жетіспейтінін көрсетіп отыр. Баланың даму ерекшеліктерін қалай анықтауға болады, қандай медицина процедураларынан өту керек, оларды қалай тәрбиелеп, ересек өмірге қалай бейімдеу керек? Ozim Platform қолданбасы ата-аналардың осы және басқа да көптеген сұрақтарына жауап береді. Ozim Platform стартабының негізін қалаушы (Astana Hub резиденті) Әсем Тәжиева Er10.media сайтына Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік стартаптың бірі қалай пайда болғаны және оның ата-аналарға қалай көмектесетіні туралы айтып берді.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл - Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
– Стартабыңыз қалай пайда болды? Жеке тәжірибе, интуиция немесе нарықты зерттеу, қайсысы көмектесті?
– Ozim Platform стартабы жеке тәжірибе мен кәсіби қызығушылықтың қосындысынан пайда болды. Назарбаев Университетінде оқып жүргенде инклюзия мәселелерімен айналыстым және осы тақырыпқа қатысты ғылыми жобаларға қатыстым. Содан кейін менің шала туған қызым болды. Менеджер ретінде зерттеген мәселелеріме ана болғанда өзім тап болдым. IT білімім болғандықтан, мұндай жағдайдағы ата-аналар үшін барлық сұраққа жауап беретін ақпарат платформалары бар деп ойладым. Бірақ ештеңе жоқ екен. Бала дүниеге келді, оның ерекше қажеттілігі бар, бірақ әрі қарайғы әрекеттердің нақты алгоритмін ешкім айта алмайды. Содан кейін маған осы нарықты толтыру идеясы келді. Өзім сияқты ойлайтын адамдар тобын жинап, жұмысқа кірістім. Біз стартап құруға ғылыми тұрғыдан қарадық. Бастапқыда Қазақстанның түрлі аймағында бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін және ата-аналарға мұндай алаң қаншалықты қажет екенін түсіну үшін фокус-топтармен сұхбат жүргіздік. Зерттей келе бұл Қазақстан мен көршілес елдер үшін өте өткір және өзекті мәселе екенін түсіндім.
Сондықтан мен стартап бастап, пікірлес адамдарды іздедім. Бастапқыда менің командам академиктерден тұрды. Ал тәлімгерім инклюзивті әрі білім беру саласында маманданған профессор болды.
– Ozim платформасының негізгі идеясы қандай? Ерекше балалары бар отбасыларға қалай көмектесесіз?
– Стартаптың идеясы – ерекше қажеттігі бар балалардың ата-аналарына пайдалы ақпарат беру. Оның негізі ғылыми негізделген мәліметтер мен фактілер болды. Алаяқтар ерекше балалары бар отбасыларды алдап, керемет түрде сауығып кететініне уәде беріп, басқа адамдардың қайғысы мен мәселесінен көп ақша табатынын білгенде біраз таңғалдық.
Біз даму мен оңалтудың заманауи және ғылыми дәлелденген әдістерін айтамыз. Сонымен бірге «алтын дәрі» немесе басқа «сиқыршы мен алаяқтар» ғажайып жасай алмайтынын түсіндіреміз. Ерекше балаға күтім жасау кезінде ең бастысы – сенімді деректермен қарулану, тәжірибелі және кәсіби медицина қызметкерлерінің нұсқауларын орындау.
Стартапты қаржыландыру үшін біз Назарбаев Университетінің Әлеуметтік даму қорының әлеуметтік жобалар байқауына өтініш беріп, грант ұтып алдық.
Бастапқыда ақпараттың мүмкіндігінше қолжетімд әрі оңай жерде болуын қаладым. Содан кейін мобильді қолданба жасау идеясы пайда болды. Сауалнама барлық отбасының компьютері болмаса да, смартфоны бар екенін көрсетті.
Қолданбамыздың тағы бір ерекшелігі, барлық ақпарат екі тілде – қазақша және орысша өте қолжетімді және түсінікті түрде беріледі. Біздің ғалымдар күрделі ғылыми ақпаратты әр адамға түсінікті ету үшін барынша өңдейді.
– Қолданбадағы ақпараттар қандай нұсқада ұсынылған?
– Негізгі ақпарат мақалалар мен видеолар түрінде берілген. Біздің роликтеріміз үш нұсқада жарияланады: толық метражды 3-5 минут, бір жарым минут және 30 секунд. Біз бұл форматты пайдаланушыларымыздың сұранысы негізінде жасадық.
– Қолданбаға қандай ақпараттар жариялайсыздар, осыны толығырақ айтып беріңізші?
– Жалпы қолданбада 9 бөлім бар. Біз оны сауалнамада айтылған ата-аналардың қажеттігі мен тілектері негізінде құрастырдық. Бастапқыда медицина мен диагноздарды түсіндіретін бөлім болды. Бірақ кейін бұл бөлім тек ерекше балаларға емес, барлық балаға қатысты болуы мүмкін екенін түсіндік.
Одан кейін видеосабақтар бөлімі бар. Біз сабақтарды сарапшыларды қатыстырып түсіреміз. Содан кейін оларды қолданбаға және YouTube-ке жариялаймыз.
Ата-аналармен ақылдаса отырып, «Кітапхана» бөлімін жасадық. Ол жерден смартфонға пайдалы кітаптарды жүктеп алып, қажет болған жағдайда басып шығаруға және оқуға болады.
Содан кейін баланың дамуына қатысты барлық форум, конференция, лекция, жәрмеңке мен кездесулер туралы ақпараттар жиналған «Афиша» бөлімін жасадық.
Қолданбамызда «Ойындар» бөлімі де бар. Онда балалармен бірге білімге қатысты қандай ойындар ойнауға болатыны туралы видеосабақтар жарияланған.
Келесі бөлім «Сервис». Бұл жерде балалардың білім алуы мен оларды емдеу мекемелерін топтастырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Қолданбада ата-аналар түрлі тақырып бойынша сөйлесе алатын «Форум» бөлімі де бар. Бір ғажабы, адамдар бір-біріне сөзбен де, іспен де қиындықтарды жеңуге көмектесіп, танысып, дос болып жатады.
Сонымен қатар «Құқық» бөліміне үлкен мән береміз. Онда заңгерлердің көмегімен ерекше балалары бар отбасылардың қандай құқығы бар, олар қандай қолдауға ие және тағы басқа туралы ақпарат жариялаймыз. Көп ата-ананың заң тұрғысынан сауатсыз екені, құқығын жақсы білмейтіні белгілі болды. Бұл жағдайды шынымен өзгерткіміз келеді.
Басқа отбасылар қалай өмір сүріп жатқанын білу
– Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың қажеттіліктері де басқаша ма?
- Иә, шынымен олардың қажеттілігі басқаша. Қолданбаны дайындап жатқанда ол жердегі ең танымал бөлім «Мемлекеттік қызметтер» болады деп ойладық. Бірақ ата-аналарды басқа отбасылардың тәжірибесі көбірек қызықтырады екен: ерекше балалары бар адамдардың қалай өмір сүретіні, олардың проблемаларын қалай шешетіні, қалай емделетіні, өмірі қалай жақсарғаны, балалары өскенде не істейтіні. Оларға басқа отбасылардың, ата-аналар мен балалардың шынайы оқиғалары қажет болды. Содан ата-аналар өз тәжірибесін айтып кете алатын «Блогтар» бөлімі пайда болды. Бұл ең танымал және жиі қаралатын бөлімдердің бірі деуге болады.
– Қолданбаның барлық балаға арналған функциясы бар дедіңіз? Солай ма?
– Иә, қолданбаның екінші шығарылымында біз әр балаға пайдалы болатын «Дамуды бақылау» функциясын қостық. Ата-анаға нәрестені тіркеп, тестілеуден өтуіне болады. Соның негізінде ықтимал проблемаларды анықтай алады. Ал өмірде қалай? Бала дүниеге келеді, дәрігерлерге қаратқанда патология анықталмайды. Бәрі жақсы сияқты. Сосын бала өсе береді, ал ата-аналарға дәрігерлерге баратындай аса себеп жоқ. Сонымен уақыт өте береді. Бірақ бұл уақытта дамуында проблемалар пайда болуы мүмкін. Егер оны уақытында анықтаса, түзетілуі жеңіл.
Біз қосымшада ата-аналар алғашқы жылдары баланың қалыпты дамып жатқанын тексеруі үшін сауалнаманы жиі толтыру тәсілін жасадық. Бұл өте пайдалы құрал. Ол кез келген «дабылдар» мен патологияларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Кейін тез шара қабылдап, емдеуге болады.
Ата-аналар білуі керек ең маңызды нәрсе – балаңызға неғұрлым ертерек күтім жасай бастасаңыз, табысты емдеу мен оңалту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Біз қолданбаға ата-аналар мақалалар оқып, пікір қалдыру арқылы белгілі бір марапат ұпайларын алатын функцияны қостық. Содан кейін оны серіктестеріміздің немесе демеушілеріміздің қандай да бір қызметіне, ойыншыққа айырбастауға болады.
Миллион аудитория
– Бүгінде қолданбаның қанша қолданушысы бар?
– Бір қызығы, біз қосымшаны жарнамалауға күш салмадық. Өзі-ақ ауыздан ауызға тарап кетті. Шалғай ауылдардан және көршілес елдерден – Ресей Федерациясынан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Беларусьтен, Тәжікстаннан, тіпті Біріккен Араб Әмірліктерінен келгендер біздің пайдаланушымыз болғанда таңғалдық. Қазір біздің 5 000 белсенді пайдаланушымыз бар. Көбіне адамдар ақпарат іздейді де, бізді тауып алады.
– Қазақстанда ерекше балалары бар отбасылар көп пе? Сіздің әлеуетті аудиторияңыз үлкен бе?
– Бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттігі бар балалар тұратын 600 000-ға жуық отбасы тұрады. Ал тек Орталық Азия аймағын алсақ, мұндай отбасылардың саны 5 миллионға жуықтайды. Бұл статистика ресми мүгедектігі бар адам ретінде тіркелгендерді ғана ескереді. Негізінде осындай отбасылардың қанша екенін елестетіп көріңіз?
– Шынымен өте маңызды әрі үлкен жұмыс істеп жатырсыздар. Ал мемлекеттік органдармен ынтымақтасу жоспарда бар ма?
– Иә, жақында біз бұл мәселені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркісібі министрлігімен талқылап, жобаны үкіметке ұсындық. Біздің платформа мемлекеттік қызмет көрсету аясындағы экожүйелердің біріне айналады деп шамалап шешіп қойдық. eGov Mobile арқылы ата-аналарға «осындай пайдалы қолданба бар» деген хабарландыру барып тұрса екен деймін.
– Айтыңызшы, стартаптың монетизация жүйесі қандай?
– Бастапқыда біз серіктестік аясында жұмыс істедік. Мысалы, сенімді компаниялар мен брендтерді ұсындық, олар бізге интеграция үшін белгілі бір сома төледі. Содан кейін бағдарламаның бір бөлігі ретінде Freemium үлгісін қолданып көрейік дедік. Онда негізгі ақпарат тегін ұсынылып, кейбір қосымша нәрселер, мысалы, «Баланың дамуын бақылау құралы» жазылым арқылы қолжетімді болды.
– Сіздің стартабыңызға инвестиция қажет пе?
– Меніңше, әр стартапқа инвестиция қажет. Бірақ мен әзірше жоспарды тым жоғары қойып отырған жоқпын. Әрі қарай қайда баратынымызды ойластыру үшін қысқа үзіліс алуға ниеттеніп отырмын. Жақында Америка Құрама Штаттарына бардым және олардың ерекше балалары бар отбасыларға көмектесу жүйесі қалай жұмыс істейтінін зерттедім. Шынын айту керек, ол жақта бәрі өте жақсы реттелген. Медицина көмегі мен қолдаудың нақты алгоритмі бар. Өкінішке қарай, бұл сала біздің елде дамымаған. Меніңше, бізге АҚШ-қа өз стартабымызбен барудың қажеті жоқ, бірақ біз олардың үлгілерін мемлекеттік қолдау арқылы Ozim Platform стартабы арқылы Қазақстанға енгізуіміз керек.
Бұл туралы неге қазір айтып отырмын? Қазақстанда осындай алгоритмдерді құру, оларды Ozim платформасына енгізу және платформамызды кеңейту үшін бізге инвестиция қажет. Меніңше, бұлай дамудың бастапқы сомасы $200 мың немесе одан да көп болады.
Миссиямыз – сау ұлт қалыптастыру
– Стартаптың миссиясын қалай сипаттар едіңіз?
– Қазақстандықтар дені сау ұлт болуы керек дегенді жиі естиміз. Ал денсаулықты күту бала кезден басталады. Мен қазіргі заманғы медицина мен ғылымның барлық мүмкіндігі балаларға қызмет еткенін қалаймын.
– Әлеуметтік стартапты дамыту қиын болды ма?
– Көп қиындығы болды. Бастапқыда бізді стартап ретінде мұлдем қабылдаған жоқ. Өйткені көптің пікірінше, стартап үлкен пайда әкелуі керек және оның әлеуметтік рөлі ешкімді қызықтырмайды. Ол 2020 жыл еді. Бірақ 2024 жылға қарай бәрі қалай өзгергенін қараңыз. Енді барлық стартап белгілі бір деңгейде әсер беріп, әлеуметтік маңызға ие болғысы келеді. Содан импакт-қаржыландыру және импакт-қорлар пайда болды. Шетелде бұрыннан танымал болған бұл үрдіс Қазақстанда енді қарқын алып келеді. Бақытымызға орай, қазір барлығы Ozim платформасына мүлдем басқаша қарайды.
– Стартабыңыздың 5 жылдан кейінгі болашағын қалай елестетесіз?
– Стартабымыз мемлекеттік қызметтердің экожүйесінде болады. Бұл біздің минимум жоспарымыз. Сонымен қатар Ozim платформасы өз зертханасы мен зерттеулері бар ғылыми жоба болуы керек деп ойлаймын. Сол кезде оның нәтижелерін медицина мен білім беру салаларында жүзеге асырамыз.