Маркетплейстегі сатушылар бірнеше қиындыққа кезігеді: кейбіреуі миллиондаған сомаға тауар сатып алып, кейін оны сата алмай қалады. Ал енді бірі электронды коммерцияны негізгі жұмысымен біріктіре алмайды. Маркетплейстерде жеті жыл тәжірибе жинаған Дәулет Батырбек бұл саланы терең меңгерген. Осы уақытта ол Marvel-дың ресми ритейлоры болған және Джефф Безосқа Amazon проблемалары туралы жазған. Сондықтан Дәулет «от тасығыш» Прометей боламын деп бекініп, Prometei стартабының негізін қалады. Бұл стартап – сатушыларды жеткізушілермен және маркетплейстермен байланыстыратын B2B агрегатор. Дәулет ER10 Media-ға берген эксклюзивті сұхбатында электронды коммерция мәселелерінің шешімі туралы айтты.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Маркетплейстерде ақша көбірек
— Prometei-ді құрмас бұрын немен айналыстыңыз?
— Мен жеті жыл бойы маркетплейстер арқылы тауар саттым. Prometei-ге дейін Amazon, eBay, Shopify арқылы АҚШ-та белсенді сауда жасадым. Қытайдан Калифорнияға тауар жеткізіп, Америкада саттым.
— Сізге маркетплейстер несімен ұнайды?
— Маркетплейстерден бұрын мен «Алып кететін кофе» форматында кофеханалар аштым. Бұл күшті жұмыс істейтін бизнес болды. Содан барлық кофехананы сатып, жақсы ақша тауып, тендерлерге қатыса бастадым. Солар табыстырақ болып шықты. Кейін мен төрт адамдық командасымен 5 миллион доллар айналымы бар маркетплейсте сауда жасап жүрген қытайлық жігітті кездестіріп қалдым да, бұл одан да тиімдірек екенін түсіндім. Содан бұл саланы белсенді түрде зерттей бастадым. Сөйтсем маркетплейс тауарды өз бетінше жеткізеді екен. Бірақ ол үшін тауарды қоймаға алдын ала жөнелту керек. Өкінішке қарай, ол кезде қазақстандықтар Amazon арқылы ресми түрде сата алмайтын еді. Тіпті осы тұсын түзету үшін Джефф Безосқа Instagram арқылы хат жазғанмын. Сонда да заңды тұлға ретінде маған маркетплейстер арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік болды.
— Сонда сіздің Prometei стартабыңыз маркетплейстерге бәсекелес емес, көмекші болып тұр ма?
— Иә, дұрыс. Стартап маркетплейстерде сататын сатушылар – селлерлерге (seller) және осы қызметтерге тауар жеткізетіндерге көмектеседі.
Әуелі сатасыз, сосын барып сатып аласыз
— Маркетплейстегі сатушылар көбіне қандай мәселелерге тап болады?
— Біріншіден, ірі инвестиция мәселесі. Мысалы, Қытайдан, Түркиядан немесе Үндістаннан тауарға тапсырыс беру үшін 7-10 мың доллар қажет. Бұл – жеткізушілер талап ететін ең аз сатып алу. Әйгілі брендтердің кейбір жергілікті электроника дистрибьюторлары ең аз дегенде 25 миллион теңгенің тауарын сатып алады. Жаңадан бастаған кәсіпкер осы жеткізушілерге барса, сатып алуға ақшасы жетпеуі мүмкін.
Екіншіден, сатушының уақыты мен күші жетпей қалатын кездер болады. Адам Қытайдан тауар алғанда оған көп ақша жұмсап, сатылатынын білмей, үйінде сақтайды. Бірақ өнімге 10 мың доллар салғаныңыз факт. Енді маркетплейстер туралы ақылы оқып, тауарға штрих-код желімдеп, буып-түйіп, кезегің келгенде қоймаға жеткізу керек. Бірақ адам өзі мысалы жалдамалы жұмыста жүрсе, мұның бәріне қалай уақыт табады?
— Стартабыңыз бұл мәселелерді қалай шешеді?
— Prometei сервисі тауарға ақша салудан бастап соңғы сатып алушыға жеткізуге дейін бүкіл процесті жеңілдетеді. Платформаға жазылған пайдаланушыға мыңдаған жеткізуші мен дайын фотолары және сипаттамасы бар жарты миллион өнім қолжетімді болады. Кәсіпкерлерге қомақты қаржы салудың қажеті жоқ. Prometei платформасы арқылы тіпті бір дана тауарды көтерме бағада сатып ала аласыз. Өнімдерді таңдағанда оларды интернет-дүкеніңізге өз бағаңызбен жүктейсіз. Тапсырыс алғаннан кейін оны бізге жариялайсыз: әуелі сатып аласыз, сосын сатасыз. Бұл – дропшиппиң принципі. Тауар арқылы тәуекел етпейсіз, біздің курьерлер тауарды алып, орап, сатып алушыға жеткізеді. Осылайша, маркетплейс арқылы сатып, басқа уақытта өзге жұмыстарыңызбен айналыса аласыз.
— Ал сіз қалай ақша табасыз?
— Біз (Prometei командасы) платформалық шешімдер арқылы ақша табамыз. Жабдықтаушылардан басқа, жазылымдардан да табыс табамыз. Сонымен қатар автоматтандыру құралдарына көмектесеміз. Әдетте, бір өнім нарыққа қолмен 40 минутта қосылады. Ал біздің қызметіміз бірнеше секундта 1000-5000 өнімді қоса алады.
«Адамдарға от сыйлайық дедік»
— Prometei-ді құру идеясы қашан, қай сәтте ойыңызға келді?
— Америкада сатып жүргенде әртүрлі әдісті қолданып көрдім. Өз брендтерімді жасап, оларды Қытайға жібердім, бір базардан екіншісіне қайта саттым (бұл онлайн арбитраж деп аталады) және тіпті ресми дистрибьюторлармен жұмыс істедім. Мысалы, Marvel, Hasbro және DC Comics брендтерінің ресми сатушысы болдым және Amazon-дағы ойыншық санатының өнімдерін сатуға құқығым болды. Түрлі үлгіні қолданып көргеннен кейін мен дропшиппиң тамаша тәсіл екенін түсіндім. Мұнда тез өсуге және барлық процесті автоматтандыруға болады. Қазақстанда тәжірибе жасай бастағаннан кейін Satu.kz, OZON және басқаларына техникалық серіктес болдым. Бір кезде SDU Business School және басқа да бизнес академиялар мені сарапшы ретінде сөйлеуге шақыра бастады.
Сол кезде Instagram-дағы блогым органикалық түрде танылды және адамдар тауарды жекізу жөнінде бірдей сұрақтарын қоя берді. Ол кезде менің өнімдерді жаңартып-қосу процесін автоматтандыру үшін жасаған платформам болды. Мен соны неге басқа адамдарға көмектесу үшін пайдаланбаймын деген идея келді. Жеткізушілердің санын көбейтіп, жеткізуді өз мойныма аламын, менеджерлермен жұмыс істеп, алдын ала оқытудан кейін пайдаланушыларға жазылу платформасын ұсынамын деп шештім. Мен бүкіл операциялық жүйені өз қолыма алдым және стартапты Prometei деп атадым. Өйткені Прометей Зевстен отты ұрлап, оны адамдарға берді.
— Сіздің командаңыз бар ма?
— Иә. Стартаптың тең негізін қалаушыcы – Нұрбол Шыныбай. Ол маркетингке жауапты. Сонымен бірге IT мамандары, инхуас әзірлеушілері және трекер бөлімінен тұратын толық команда бар. Бұл командада өз дүкендерін маркетплейстерде сәтті басқаратын адамдар бар. Олар қолдау қызметін ұсынады: сарапшылар әр нарыққа әр қадамда қолдау көрсетеді. Олар сатуды қалай арттыруға болатынын, SEO оңтайландыруын және тағы басқа туралы кеңес береді. Оған қоса, әрине, жеткізушілермен жұмыс істеуге B2B сату бөлімі бар.
Үлкен масштаб үлкен тәртіпті қажет етеді
— Өнімнің лицензиясын қалай тексересіз? Оның сапасы жоғары екеніне қалай көз жеткізесіз?
— Біздің платформамызда өнімдер тек ресми жеткізушілерден келеді және оны түрлі жолмен тексеруге болады. Мысалы, сәйкестік пен сапа сертификаты, шот-фактуралар сияқты критерийлер бар. Осындай элементтерге және құжаттарына қарап-ақ жеткізушінің тауарды шынында Қазақстанның аумағына әкелгеніне және таратумен ресми түрде айналысатынына көз жеткізуге болады. Әрине, көп сатушының қандай да бір өнімді лицензиясыз әкеліп, оны қайта сатсам деген жөнсіз ойы болады. Бірақ мұндай тәсіл қысқа мерзімді. Себебі адам осы сәтте ақша тапқанымен авторлық құқық иесі шағым түсірсе, дүкенінен айырылуы мүмкін. Бастапқыда кең ауқымда жұмыс істеуге дайындалдым, сондықтан мен тек ресми жеткізушілермен жұмыс істеймін деп шешкенмін.
— Сіз платформаңызға бренд емес, бірақ авторлық өнімдерді қосасыз ба? Мысалы, қолдан жасалған, түпнұсқа дизайны бар және тағы басқа.
— Жоқ, біз бұл санатта жұмыс істеуге талпынбадық. Біздің платформада тек нарықтарда жақсы сатылатын өнімдер бар. Яғни, жеткізушілерді қоспас бұрын аналитика жасаймыз, олар өз бағытын талдайды. Мұндай адамдарды санат менеджерлері деп атайды. Мысалы, олар блендер сатса, онда блендер тақырыбын терең меңгерген. Олар блендердің қандай түрі бар екенін, қайсысы трендте екенін және шетелдік сатып алушылар қайсысын жиі сатып алатынын біледі. Бізде 200-ден астам бренд пен жарты миллион өнім бар. Косметика мен ойыншықтардан кітаптарға, бақша құралдарынан аксессуарларға дейін.
— Қай өнім немесе бағыт ең танымал?
— Үнемі сұранысқа ие, маусымнан тыс тауарлар бар. Мысалы, кептіргіштер, фендер, швабралар, ас үйге арналған заттар. Жазда маусымдық тауарларды сату өте тиімді: бассейндер мен оларға арналған аксессуарлар, жүзуге арналған көзілдірік. Енді көктемге дейін бұл тауарлар өте аз сатылады. Тамыз айында жаңа жылдық саудаға дайындық басталады.
— Сіздің платформаңызда негізінен шетелдік компаниялар бар ма әлде қазақстандық па?
— Тауарлар негізінен шетелде жасалған, бірақ олар қазірдің өзінде Қазақстанда. Бір күнде қабылдап, жөнелтеміз. Жақында біздің клиенттер Prometei платформасы арқылы қытайлық жеткізушілерді көру мүмкіндігіне ие болады. Тауардан табыс табуды жоспарлап отырған жоқпыз. Біз адамдарға жеткізушілерді табуға және барлық операциялық процесті ұйымдастыруға көмектесетін агрегатор болғымыз келеді. Агрегаторда тіпті кедендік рәсімдеуі бар, толық аяқталған жеткізуді қамтамасыз ететін логистикалық компаниялар болады. Опция жақында қосылады, қазір жұмыс істеп жатырмыз. Миллиондаған тауар күтіңіз!
— Қазір қайда, қандай нарықта жұмыс істеп жатырсыз?
— Қазір біздің клиенттеріміз тек қазақстандықтар. Бірақ қатаң іріктеуден өткен стартабымыз Astana Hub компаниясының Google for Startups жеделдету бағдарламасы аясында Өзбекстан мен Қырғызстанға жету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл елдер Wildberries және Ozon-да ресми түрде бар, ал Өзбекстанда Uzum базары қарқын алып келеді. Kaspi Bank-тің Өзбекстан нарығына шығу және Umo төлем жүйесін алу ниетінің өзі – маңызды көрсеткіш. Өзбекстанда электронды коммерцияның енуі Қазақстанға қарағанда аз, бірақ нарықтың болашағы зор. Біз есептеп, анализ жасап, болжап көрдік. Барлық көрсеткішіне қарағанда қызық нарық. Енді соған көмектесетін серіктестер таптық.
Көз ілеспес жылдамдық
— Инвестиция іздеп жүрсіз бе?
— Біздің жобаға 2,5 жыл болды. Құрылғаннан бері инвестиция тартылмаған. Өсу тек табысты болудың арқасында келді. Дегенмен қазір біз өте жылдам өсу керек екенімізді түсініп, инвестиция тартуды жөн көрдік. IT стартаптарда жылдамдық өте маңызды. Сондықтан біз қазір инвестиция раундын аштық, көп қорлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Кейбірінен комминтмент алып үлгердік.
— Қанша инвестиция алу ойыңызда бар?
— Біз мұны инвесторлармен тікелей талқылап жатырмыз. Бірақ «смарт-мани» белгісі инвестор үшін үлкен плюс болатынын нақты айта аламын. Мұндай инвестор, әсіресе, кеңеюге көмектеседі. Біз Индонезияны қарастырып жатырмыз, өйткені оның 200 миллионнан астам халқы бар және күшті электронды коммерцияға ие. Оларда бір монополист жоқ, барлығы бір-бірімен бәсекелеседі. Біздің шешіміміз осы жағдайға тамаша сай келеді. Дегенмен Индонезия нарығына бір жылдан кейін шыққымыз келеді. Өйткені Қазақстанда потенциалымыздың бес пайызына да жеткен жоқпыз. Қазір банктермен сынақтарды жоспарлап жатырмыз.
— Қанша уақытта кеңейеміз деп үміттенесіз?
— Өзбекстан мен Қытай алдағы жылдың жоспарында. Біз өршіл мақсаттарды жақсы көреміз.
Назар салсаң болғаны
— Бәсекелестеріңіз кім және олардан қандай айырмашылығыңыз бар?
— Prometei шешімдері күрделі болуымен ерекшеленеді. Тек сатылыммен талдау жасайтын бәсекелестер бар. Сонымен бірге жеткізушілермен жұмыс істейтіндер де бар. Негізінде әркім жеке саламен айналысады. Дегенмен ең жақын бәсекелесіміз Wix сатып алған Modalyst. Қазір олардың нарықтық капитализациясы 6 миллиард доллар болды. Бұл компанияға үлкен құрметпен қараймыз. Көп жұмыс істелгенін бәріміз көріп отырмыз. Қазақстанда біздің бизнес үлгімізбен бәсекелес жоқ. Олар болды, бірақ жабылды.
— Жабылғандар сіз жасамаған қандай қателерді жіберді деп ойлайсыз?
— Мен олардың қандай қателер жібергенін білмеймін. Бірақ меніңше, бұл олардың басты ісі емес еді. Мысалы, мен өзімнің барлық интернет дүкендерімді жауып, сатып жібердім. Түскен қаражатты Prometei-ді дамытуға жұмсадым. Мен осылайша бірінші инвестор болдым.
— Тәуекел жасапсыз. Бастапқы кезеңде қаржы мәселелеріне қалай төтеп бердіңіз?
— Әзірлеуге, дайындалуға біраз уақыт кетті. Бірақ шыққаннан кейін бірінші айда пайда көрдік. Табысты болуым жақсы дайындық пен интернет дүкендер жөнінде алдын ала тәжірибемнің болғанынан шығар. Енді осы идеяны көпшілікке тарата алатын механика ойлап табу ғана қалды.
Сені не мазаласа, күш сонда
— Дайындық кезеңі туралы толығырақ айтып берсеңіз?
— Біріншіден, кастдев. Адамдар сұрап, қызыға бастады. Сынақ кезеңінен адамдардың бұған қызығушылығы бар екенін байқадық. Қандай мәселені шешетінімді нақты білдім. Көбі келіп, курстарға бір жарым миллион теңге жұмсағанын, бірақ нәтиже жоқ екенін айтты. Бұл адамдар бір уақытта жұмыс істеп әрі курс оқып, маркетплейстер арқылы ақша тапқысы келетіні белгілі болды. Олар бизнес құру оңай деп ойлайды. Бірақ оның негізгі жұмысы болғандықтан, мынаған жеткілікті уақыт бөлмейді. Әрине, мұндай жағдайда айтарлықтай нәтиже болуы екіталай. Сатылуы мүмкін, бірақ миллиондар табу, әй қайдам. Бұл мәселені анықтауға көмектесті, содан кейін сынап көре бастадым. Сынақ өз кезегінде гипотезаны растап, сатуға мүмкіндік берді. Содан кейін біз жобаның шығуына дайындалып, маркетингпен айналыстық. Өйткені IT тұрғысынан бәрі дайын болды.
— Сіздің миссияңыз қандай?
— Біз онлайн сауданы инновациялы өнімдер мен қызметтер арқылы қолжетімді етеміз.
— Өзіңізді қандай спорт түрімен байланыстырасыз?
— Ойыма ең бірінші Олимпиаданың ашылуы келді. Бір адам қолына алауды алып, жүріп өтеді. Прометей сияқты. Сонымен бірге стартап маған алыс қашыққа жүгіру сияқты спорттық тәртіпті еске түсіреді. Электронды коммерция қарқынды дамып келеді және біз бизнеске неғұрлым тереңірек кіріссек, соғұрлым бұрын білмеген бағыттарды аша аламыз.