Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

Компаниялар өздеріне қажет қызметкерді іздеуге көп уақыт жұмсайды. Оған қоса кадрларды таңдаушы (рекрутер) шынымен де тиімді ме, жоқ па, оны да түсіну үшін жұмысын дұрыс бағалай алмай жатады. Бекұзақ Амангелді, Анастасия Денис және Аружан Балғынбаева осы мәселемен бетпе-бет келіп, Қазақстанда HR қызметі автоматтандырылмағанын түсініп, tapHR стартабының негізін қалаған. Бұл жоба қызметкерлерді іріктеу процесін жеңілдетіп, жылдамдатады. tapHR командасы ER10 Media редакциясына стартаптың қалай дамып жатқаны және Қазақстандағы HR-дың негізгі проблемалары туралы «Қазақстанның 100 стартап тарихы» айдары аясында әңгімелеп берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

«Кадр таңдаушы шынымен жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па, соны білмедік»

— Өзіңіздің бэкграундыңыз туралы айтып беріңізші?

Бекұзақ: Мен – tapHR компаниясының негізін қалаушы және CEO-сымын. Бірінші мамандығым бойынша компьютер инженерімін, екінші білімім инженер-менеджерлік. Назарбаев университетін бітірдім. Сонымен қатар жеті жыл бойы сауда және электронды коммерция саласында жұмыс істедім, онда бастапқы деңгейден басшылық лауазымдарға дейін көтерілдім. Команданы басқарып, стратегиялық жоспарлар құрдым және бизнесті автоматтандыру технологияларын енгіздім. Бұл процестерге инженерлік білім көп көмектеседі. Бұрынғы компаниямда мен қызметкерлердің көп уақытын алатын күнделікті тапсырмаларды орындап, автоматтандыруды ұнататынмын. Мысалы, электронды коммерцияда күнде бағаны бақылап, оны бәсекелестердің бағасымен салыстыру қажет. Бірақ адам факторына байланысты қызметкерлер бәсекелестерді күнде бақылай бермейді. Сол кезде мен бағдарлама жазып, оны дерекқорымызбен үйлестіріп, бағаны бақылай алдым. Жүйені бәсекелестер мен комиссияларды талдайтын, логистиканы есептейтін және деректерді дерекқорға жүктейтін етіп, процестерді автоматтандырдым. Осындай тапсырмаларды автоматтандыру арқылы технологияның көмегімен бизнес процестерді айтарлықтай жақсартуға және тиімді етуге болатынын көрдім.

Аружан: Мен tapHR-де стратегиялық менеджермін. Назарбаев университетінде математика мамандығын оқыдым, бірақ магистратурада инженер-менеджмент мамандығы бойынша оқуымды жалғастырдым. Құрылыс компанияларында қаржы ассистенті болып жұмыс істедім. Ең маңызды тәжірибе сонда жиналды. Astana Hub-тың кейс чемпионаттарына белсенді түрде қатыстым. Соның бірінде Алматы қаласының экологиясын жақсартуға арналған бағдарламамен менің командам бірінші орын алды. Бұл бізге GCIP (Global Cleantech Innovation Program) халықаралық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берді. Осы жетістіктердің барлығы маған стратегиялық дағдыларды дамытуға көмектесті. Енді сол тәжірибені стратегиялық менеджер ретінде қазіргі жобаларда сәтті қолданып жүрмін.

Анастастия: Мен де Назарбаев университетін инженер-электрик және компьютер инженері мамандығы бойынша бітірдім. Ритейл және сауда саласында жоба менеджері ретінде тәжірибем бар. Сол жерде жұмыс істегеннен кейін мен білімімді инженер-менеджмент саласында жалғастыруды жөн көрдім. Бұл жобаларды басқарудағы кәсіби дағдыларымды кеңейтуге көмектесті. Бизнес-процестерді зерттей отырып, мен өз білімімді тәжірибеде, соның ішінде стартапта қолдана бастадым. Сонымен қатар мен UX/UI дизайнері ретінде белсенді түрде дамып жатырмын және бұл дағдыларды tapHR-дегі жұмысымда қолданамын.

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

— Неліктен HR-ды таңдадыңыз? Өз тәжірибеңізде осы нарықтағы проблемалармен кезіктіңіз бе?

Бекұзақ: Компанияда жұмыс істеп жүргенде адам іздеу, оны жұмысқа алу процесі ұзаққа созылатынын байқадым. Бос орын туралы хабарламамыз ұзақ тұратын және қызметкерлерді табу да жиі созылып кететін. Сонымен қатар компаниядағы жалдау процесі оны қай рекрутер басқаратынына байланысты айтарлықтай құбылып тұратын. Бір рекрутер көп кандидат тартады да, екіншісінде аз болады. Тіпті, рекрутер шынымен жұмыс істеп жатыр ма, бос жұмыс орны жарияланды ма, жоқ па, соны білмей қалатынбыз. Процестің бұлай жүруі жақсы үміткерлерді жіберіп алуға әкелді. Содан кейін мен рекрутеріміздің жұмыс күнін зерттемек болдым. Сол күні tapHR платформасын құру идеясы келді.


Зерттей бастағанда кадр таңдаушысы жұмысын қаншалықты қолмен істейтінін байқадым. Бос орын туралы хабарлама ашық әрі түрлі хабарландыру тақталарына жарияланады, кандидаттар сұхбатқа келу уақытын қағазға жазады. Түйіндемелер компьютерде сақталады, рекрутер файлдардың атын қолмен өзгертіп, ұйымдастырады. Қандай да бір құжат керек болып қалса, керек папканы іздеп, уақыт құртады. Осы салада автоматтандырудың жоқтығы бізді барлық мәселені шеше алатын tapHR платформасын құруға шабыттандырды.

Анастасия: Кейіннен Бекұзақ Аружан екеумізге осы туралы ойларын айтып берді. Айтпақшы, біз өзіміз жұмысқа орналасқан кезде де осыған ұқсас нәрсеге тап болдық. Сондықтан HR саласында тиімді шешім шығарайық дедік. Әуелі нарыққа талдау жасадық, осы саладағы бәсекелестерді анықтап, cusst-dev жасадық және компаниялардың директорлары мен мамандарымен сөйлестік. Олар қандай қиындықтарға тап болатынын білдік. Осы жинағанымызды пайдалана отырып, біз өз өніміміздің түпкілікті идеясына жеттік – қызметкерлерді іріктеу процесін ұйымдасқан және ашық ететін бірыңғай платформа керек. Хабарландыру, кезеңдер арасындағы автоматты ауысу, тестілеу, үміткерлермен байланыс, есеп, кандидаттар базасы – бәрін бір жерде біріктіргіміз келді.

Барлық кезең ашық өтеді

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

— Сіз атап өткен функциялар бәрі ашық болуына қалай көмектеседі?

Аружан: Қысқасы, tapHR маман таңдау процесінің барлық кезеңін толық ашық ете алады. Платформа тұтынушыларға, яғни компания директорларына және рекрутерлерге үміткерлердің статусын оңай бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, қазір жұмыс қай кезеңде, не істелді және бос орынды толтыру үшін қанша уақыт қажет деген сияқты процестерді бақылайды. Осылайша барлығы процестен хабардар болады және бұл кез келген өзгеріске тез жауап беруге көмектеседі. Сонымен қатар біз бос орындардың толу уақыты мен түрлі арналардың тиімділігі туралы статистика көрсететін аналитикалық есеп береміз. Бұл жалдау процесіндегі кемшіліктерді анықтап, оны жылдам қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл барлық қатысушы не болып жатқанын көріп, негізделген шешім қабылдай алады дегенді білдіреді.

Бекұзақ: Сонымен бірге біздің платформа Қазақстан бойынша бірнеше филиалы бар компаниялар үшін өте қолайлы. Мысалы, негізгі рекрутер, HR орталық кеңседе отырса және басқа филиалдар бос орынды толтыруға өтініш бергенде тиімді. Филиалдардың менеджерлері бос орынға қанша үміткер бар екенін платформадан бірден көре алады. Филиалдар түрлі қалаларда болғандықтан, байланысып отыру өте маңызды. Ал біз оны қамтамасыз ете аламыз. TapHR басқа филиалдардың менеджерлеріне бос орындардың толтырылып жатқанын, іріктеу кезеңінен өтіп жатқан үміткерлердің белгілі бір санын көруге мүмкіндік береді.

— Бұл жұмысқа қандай технологиялар көмектеседі?

Анастасия: Біз бүкіл процесті талдауға түрлі салалардағы сарапшылар әзірлеген сынақтарды қамтитын тестілеу жүйесін қолданамыз. Олардың көмегімен үміткерлерді, олардың білім деңгейін бағалаймыз. Сонымен қатар іріктеу процесін автоматтандырамыз. Ол түрлі мамандыққа, өнімдерді білуге, технологиялық бағдарламаларға, бағдарламалау тілдеріне, тіпті мамандыққа қажет адами қасиеттерге арналған сынақтар болуы мүмкін. Үміткерлерге бағытқа байланысты дайын тесттер ұсынылады және жауаптары автоматты түрде tapHR платформасында сақталады. Жалдаушылар әр үміткердің жұмысын тексеріп, жұмысқа алу кезеңін жылдамдата алады. Ондағы деректерді директорларға және тұтынушыларға оңай бөлісуге болады, бұл ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар tapHR жалдаушыларға арнайы есептер мен аналитика ұсына алады. Бұл анализ жұмысшы табу процесінің күшті және әлсіз жақтары туралы хабар береді.

Бәсеке емес, синергия

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

— Сізді HeadHunter және басқа да job-бордтармен бәсекелес деп айта аламыз ба?

Аружан: Біз олармен бәсекелеспейміз, өйткені біздің платформа job-борд емес. Керісінше, tapHR компанияларға аталған сайттардағы тәжірибесін оңтайландыруға көмектеседі. Осы интеграцияның арқасында компанияларға HeadHunter және LinkedIn-мен тікелей байланысудың қажеті жоқ. Себебі енді барлық бос орын бір уақытта жарияланады және кандидаттардың дерегін бір жерден басқаруға болады. Вакансия жарияланған соң оған келген әр жауап платформада автоматты түрде жиналып отырады.

— Платформаны таныту кезінде қиындықтар болды ма?

Бекұзақ: HR индустриясы енді енді цифрландырылып жатыр. Сондықтан барлық компания платформаның негізгі мәнін, не үшін қажет екенін түсіне бермейді. Әдетте олардың бірінші қоятын сұрағы: «Жұмысқа қабылдау процесін не үшін автоматтандыру керек?» Цифрландыру Қазақстанның көп салаларына, атап айтқанда қаржы саласына берік енгенімен, адамдар ол HR-ға қажет болады деп ойламайды. Сол кезде біз клиенттердің мәселелерін талдап, олардың мысалы арқылы қалай көмектесе алатынымызды көрсетеміз. Осыдан кейін ғана олар платформаның артықшылығын түсініп, осы жақа ауысуға келіседі. Astana Hub демо күнінде біз ірі компаниялардың назарын HR-ға аудара алдық: Forbes тізіміндегі компаниялар мен басқалары бізге жүгінді. Бұл ірі бизнес ойыншылары автоматтандырылған HR қызметіне мұқтаж екенін дәлелдейді.

— Бәсекелестеріңіз бар ма?

Бекұзақ: ТМД елдері мен әлем нарығында бәсекелестеріміз бар. TapHR-дың олардан негізгі айырмашылығы – күрделілігі мен бейімделгіштігінде. Біз компанияға құралдар жиынтығын ғана емес, қалыптасқан экожүйені ұсынамыз. Біздің платформада қазірдің өзінде мына функциялар бар:

  • LinkedIn-мен интеграция;
  • Үміткерлер өзіне ыңғайлы уақыт таңдап, жалдаушымен жеке байланыспай тіркелуге, сұхбаттарды автоматты түрде жоспарлай алуға мүмкіндік;
  • Кандидаттарды басқаруға арналған CRM жүйесі;
  • Жаппай таңдауға арналған құралдар.


Айтпақшы, бұл – біздің тағы бір артықшылығымыз. Себебі біз адамдарды мақсатты түрде де, жаппай да жалдай аламыз. Бұл функциялардың барлығы бір интерфейсте жұмыс істейді. Бұл tapHR-ді рекрутерлер мен HR мамандары үшін әмбебап құрал етеді. Жалпы платформаның икемді конфигурациясы бар. Оны әр компанияның қажетіне қарай бейімдеуге дайынбыз.


Көп мүмкіндік, бір жазылым, нөл қосымша төлем

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

 — Стартаптың монетизация моделі қандай?

Бекұзақ: Біздің платформаға бір жылға жазылым бар. Оның құны компаниядағы кадр таңдаушылардың санына байланысты. Бұл ретте, бір рет төлеу арқылы клиент tapHR-да бар барлық функцияны пайдалана алады. Басқа ештеңеге қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ.

— Платформаны әуелі сынап көруге бола ма?

Бекұзақ: Иә, tapHR платформасын 14 күн сынап, қолданып көруге болады. Осылайша компания біздің мүмкіндіктерімізді байқап, ұнайтын-ұнамайтынын анықтайды.

— Сіздің аудиторияңыз кімдер?

Бекұзақ: Біздің қызмет тек B2B мен шағын және орта бизнеске арналған. Компаниядағы HR өзгерсе де, оның платформадағы жазылымы қалады. Ал біз жаңа қызметкерге жаңа аккаунт ашып береміз. Әдетте, рекрутер қызметкер ауысқанда компаниялар бүкіл деректер мен сауалнамаларды тасымалдаудан қиналады. Дегенмен біздің жүйе бұл процесті жеңілдетіп қойған. Барлық үміткер мен бос орындарды жаңа рекрутерге оңай береміз, мұндай мүмкіндік қарастырылған. Өйткені бәрі бір жерде болғаны ыңғайлы. Бірақ tapHR шешімдері қарапайым жеке тұлға ретінде тіркелмеген адамдар үшін жарамсыз.

Сынақ бәрінде болады. Әсіресе сенім сынағы

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

— Сіздің платформаңызда жазылған компанияларды тексеретін жүйе бар ма?

Анастасия: Бізде B2B сегменті бар және біз негізінен орта және ірі компанияларды автоматтандырамыз. Сондықтан барлық клиент мұқият тексеріледі.
Кәсіпорынмен байланысып, оның қаншалықты сенімді екенін бағалағаннан кейін еңбек шарты жасалады. Келісімдер бізге клиенттермен жұмыс істеу үшін барлық қажет құқықтық стандартты сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан біз tapHR-мен серіктес болудың қауіпсіздігі мен ашықтығына компанияларға да, өтініш берушілерге де кепілдік береміз.

— Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін компаниямен жұмыс қалай жалғасады?

Бекұзақ: Келісімшарт жасалғаннан кейін компания бір жылдық абоненттік төлемді төлеп, оқуды бастайды. Біз вебинар өткіземіз, менеджер мен басқа рекрутерлер үшін аккаунттар мен кабинеттер ашамыз. Әрі қарай басқарушы рекрутер аккаунты арқылы барлық қызметпен интеграцияны бастаймыз: Google күнтізбесі, ZOOM, LinkedIn, HeadHunter және тағы басқасы. Барлығы шамамен бір аптада біріктіріледі. Болашақта рекрутер сұрақтар туындаған жағдайда білім қорына немесе менеджерімізге хабарласа алады. Әдетте компанияның процеске толық қосылып, біздің платформаға ауысуы үшін екі-үш апта жеткілікті.

— Стартапқа инвестиция алдыңыз ба?

Бекұзақ: Қазір платформа өз қаражатына жұмыс істейді. Ашылғалы барлық кезеңде шамамен 100 мың доллар жұмсадық. Біз платформамызды кеңейту үшін биыл жыл соңына дейін немесе келесі жылдың басында инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Шамамен 300 000 доллар көлеміндегі сома керек болады.

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

— Алдағы 3-5 жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Аружан: Біз ТМД нарығына қосылып, кеңейгіміз келеді. Сонымен бірге MENA нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл нарық Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы қамтиды. Бұл нарық ерекше қызықтырып тұр, өйткені біздің талдауымыз бойынша, бұл аймақтардағы HR индустриясы енді ғана дами бастады. Онда tapHR сияқты өз шешімін жүзеге асыруға және көшбасшылық ұстанымын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін платформалар аз. Басты мақсатымыз – әлем бойынша компанияларға ең жақсы үміткерлерді тезірек және тиімдірек табуға көмектесетін HR-ды автоматтандыруда көшбасшы болу. Тұтынушылардың қажетін толық қанағаттандыру үшін платформамызды дамыта береміз. Оған жаңа мүмкіндіктерді енгізуді жалғастыруға дайынбыз.

Бәріне сай келетін бір шешім


— Сіздің жүйеңіз түрлі елдердің пайдаланушыларына қолайлы деп ойлайсыз ба?

Бекұзақ: TapHR платформасы әмбебап. Тек нарыққа шықпас бұрын біз сол елдердің job-бордтарын енгізуіміз керек. Қалғанының бәрі әмбебап: әр компания үміткерлерді жұмысқа қабылдау кезеңдерін өзіне сәйкестендіріп бейімдей алады.

— Бұл барлық жерде HR мәселелері ұқсас дегенді білдіре ме?

Бекұзақ: Иә, әрине. ТМД мен Таяу Шығыста HR саласы енді ғана дамып келеді. Әлемдік нарықта ол біршама дамыған, бірақ серпіліс кейінгі бес жылда байқалды. Жалпы біз алысқа барған жоқпыз: әлем нарығын қуып жетіп, инновацияда көшбасшы болғымыз келеді.

— Миссияңыз қандай? Бұл жолды не үшін таңдадыңыз?

Бекұзақ: Жалпы алғанда, жұмысқа қабылдау процесін жеңілдетіп, тездеткіміз келді. Біз компаниялардағы күнделікті тапсырмаларды автоматтандырғымыз келеді. Ұзақ іріктеу процесі жалдаушының ғана емес, өтініш бергеннен кейін не болатынын түсінбей күтетін үміткерлердің де өмірін қиындататынын көріп жүрміз. Сондықтан біз компаниялар әкімшілік мәселелермен айналыспай немесе негізгі қызметкерлерді жалдауды күтпей, өз бизнесін дамытуға көңіл бөлуі үшін HR қызметін тиімдірек және ашық етуге тырысамыз.

Қашықтықты және өзіңнің жалқаулығыңды жеңу

TapHR стартабы сізге қызметкер іздеуге көмектеседі, сонда кәсібіңізге көп ден қоя аласыз

— Өз жолыңызды қандай спорт түрімен байланыстырасыз?

Анастасия: Біз стартабымызды жүгіруге ұқсатамыз. Бірақ спринтке емес, марафонға. Өйткені тек жылдамдық маңызды болатын спринттен марафонның айырмашылығы, төзімді, жоспарды және ұзақ уақыт бойы бір қарқынды сақтап тұруды талап етеді. Негізінде марафон стартапқа қатты ұқсайды. Өйткені онда жеңіске бірден жетпейсің. Әрдайым өз күш-жігеріңізді жоспарлап, барлық кезеңде жұмыс істеп, қиын болатын кезде бас тартпауыңыз керек. Жаңа нарыққа екінші тыныс міндетті түрде ашылады. InDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский өз кітабында жүгіру шыдам мен табандылықты үйрететінін айтып келіп, марафонды қашықтықты ғана емес, өзіңді де жеңу деп сипаттады. Меніңше, біздің команда дәл осындай. Біз бәріміз ұзақ жолға дайынбыз және өнімімізді жақсарту үшін, жаңа биіктерге жету үшін күн сайын жұмыс істейміз.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Теги статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *