Жинағымыздағы қаражатты ұлғайту үшін не таңдаймыз – банк депозиті әлде қор нарығы? Кейінгі бір жылда бағалы қағаздарға ақша салған қазақстандықтардың саны екі еседен астам, 3,2%-дан 7,6%-ға дейін өскен.Көрсеткіш жақсарғанына қарамастан, бұл – өте қарапайым нәтиже. Өйткені АҚШ пен Батыс Еуропада бөлшек инвесторлардың үлесі 70%-ға жетеді. Қазақстандықтар бұрынғыша банк депозиттеріне көбірек сенеді. Халықтың 55%-ға жуығы қаржысын сонда сақтайды.
TypiPay стартабы отандастарымыздың қаржы сауатын арттырып, ақылмен инвестициялауды және алаяқтардың уәделеріне сенбеуді үйретуді көздеп отыр. Стартап командасы қор және криптовалюта нарығының қауіпсіз симуляторын жасады. Онда өз ақшаңызды тәуекел етпей-ақ іс жүзінде инвестицияға салуды үйренуге болады. TypiPay негізін қалаушы Батыржан Есмұхамбетов ER10 Media редакциясына жобаның дамуы, оның трансформациясы, миссиясы мен жоспарлары туралы айтты.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Бұралаң жолдарға ұзақ сапар
— TypiPay-дың даму кезеңдері туралы айтып беріңізші? Білуімше, жоба бастапқы кезден айтарлықтай өзгерді, оған қоса басқа елдерде де жұмыс істей алды.
— Стартабымыздың нарыққа шыққанына жеті жыл болды. 2017 жылы біз қаржы платформасының элементтері бар әлеуметтік желі жасайық дегенбіз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арасында бірінші орында WhatsApp, Telegram, WeChat немесе Snap сияқты ең көп таралған 10 қызмет тұрғанын түсіну керек. Олар әлемдегі барлық дерлік коммуникацияны жүзеге асырып отыр.
Біз сөйлесу және идентификация ғана емес, сонымен қатар чат арқылы комиссиясыз ақша аударымдарын жасауға, виртуалды дебет картасын бірден алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желі жасағымыз келді.
Біздің қызметіміздің тағы бір ерекшелігі — адамның статусын көрсету. Контактілеріңіздің осы сәтте не істеп жатқанын, мысалы, көлік жүргізіп келе жатыр, жұмыстан соң демалып жатыр деген сияқты ақпаратты көре аласыз. Адамдар үнемі жазып отыруды немесе хабарласуды қаламайды. Бірақ олар досының немесе сүйіктісінің не істеп жатқанын білсе, әрдайым қуанып қалады деген өзіміздің гипотезамыз болды. Бұл — энергия тұтынусыз пассивті байланыс.
Біз қаржылық құрамдас және әртүрлі «трюктар» арқылы нарықтың бір бөлігін көшбасшылардан тартып алып, аудиторияны, әсіресе жастарды тарта аламыз деп ойладық. 2018 жылы 148 елде іске қосылдық.
2018-2019 жылдары әлемді араладық. Стартабымызға бірнеше миллион қолданушы тіркелді. Дегенмен шынын айту керек, қолданушылардың әдеттерін өзгерте алмадық. Адамдар бірінші орындағы мессенджерлерді барынша пайдалануды жалғастырып жатыр. Олар біздің қолданбаны орнатып, оны біраз уақыт пайдаланып, кейін өшіріп тастады.
— Бұл жағдайды қалай еңсердіңіз?
— 2019 жылы біз бағытымызды бірден FinTech-ке бұрдық. Жеке сәйкестендірусіз, телефон нөміріне байланғандебет карталарын ашу қызметін іске қостық. Бұл — шектеулі лимиті бар электронды әмиянның бір түрі. Клиент жеке дерегін неғұрлым көп енгізсе, соғұрлым оның мүмкіндіктері көбірек болады. Сол кезде біздің команда Ресей нарығын жаулауды ұйғарды. Өйткені ол жақта қаржы саласына қатысты заңнама қолайлы және аноним дебет карталарды шығару мүмкіндігі болды. Біз серіктес ретінде Мәскеу өнеркәсіп банкін таңдадық. 100 мыңнан астам карта ашып, нәтижелі жұмыс істедік. Біздің қызметіміздің танымал болғаны сонша, банк серверлері сұрау ағынын орындай алмады.
Сонымен қатар Қазақстанда RBK Bank-пен серіктестік орнатып, клиенттерге біздің сервис арқылы банк карталарын қашықтан ашуға мүмкіндік беріп, бірге жұмыс істедік. Бір кездері ашық және пайдаланылған карталардың санын 40 мыңға дейін арттырдық. Тіпті кейбір компанияларды жалақы жобаларына қоса алдық. Сонда адамдар TypiPay-дың ішіне кіріп, RBK Bank қызметтерін ала алды.
Алайда бұл оқиға да мәресіне жетті. 2022 жылы белгілі себептерге байланысты күш-жігерімізді ішкі нарыққа шоғырландыра отырып, Ресей нарығынан кетуге мәжбүр болдық. Ал Қазақстанда қаржы реттеушісі, өкінішке қарай, жағдайды нашарлатып жіберді. Біз сияқты FinTech компанияларының жарғы капиталы әлдеқайда көп болуы керек деп шешілді. Бұл нарыққа кері әсерін тигізді. Өйткені шағын стартаптардың мұндай талапты қанағаттандыруға жеткілікті, артық капиталы жоқ. Сондықтан бұл жобадан бас тартуға тура келді.
— Cондықтан стартапқа қайтадан өзгеріс енгізуіңізге тура келді ме?
— Иә, біз оқыту саласын таңдадық та, EdTech платформасына айналдық. Зерттеу жүргізіп, қазақстандықтардың 93%-ында онлайн банкинг бар екенін түсіндік. Бірақ инвестиция жағынан біз әлдеқайда артта қалып отырмыз. Былтыр қазақстандықтардың 3%-ында ғана инвестициялық және брокерлік есепшот болған. Біз осы сала болашақта өсу нүктесі болатынын түсіндік.
Қор және криптовалюта нарықтарының симуляторын іске қосып, брокерлік компания мен крипто биржасының серіктесі болдық.
Fun-режимдегі оқыту
— Жаңартылған платформаңыздың өзгешелігі қандай?
— Платформамыздың арқасында адам брокерлік немесе криптовалюталық виртуалды шот аша алады. Сол жерден жаттығып, ақшасымен тәуекел етпестен, бәрін өз көзімен көре алады. Пайдаланушыға ондаған видео көріп, жүздеген мақала оқу қажет емес. Қолданушы бізбен бірге бәрін ойын форматында, жеңіл әрі тез үйрене алады. Бір рет басу арқылы Apple немесе IBM виртуалды бағалы қағаздарын сатып ала алады, өзін жаһандық корпорацияның бір бөлігінің иесі ретінде сезіне алады және акциялардың оған қандай пайда әкелетінін көреді. Пайдаланушының қайда тұрып, қай жерде жұмыс істейтіні маңызды емес, қандай болса да, ол инвестициялауға қызығушылық танытады.
Сонымен қатар пайдаланушылар басқа пайдаланушыларға акция немесе криптовалюта сияқты виртуалды активтерді бере алады. Пайдаланушылардың осындай әлеуметтік байланысы арқылы платформамыздың өсуіне көмектеседі.
Бүгінде TypiPay — әлеуметтік желі, білім беру платформасы, қор және криптовалюта нарықтарының симуляторы.
— Саланы өзгерту қаншалықты сәтті болды?
— Бүгінде 40 мыңға жуық қолданушы біздің симуляторымызда бір немесе бірнеше виртуалды транзакцияларды жүзеге асырды деп айта аламын. Бұл көрсеткішке небәрі 8-9 айда жеттік. Мұны кейбір экономика немесе қаржы университетімен салыстыра аласыз. Біздің бағалауымызша, онда түлектердің тек 10%-ының ғана практикалық инвестициялық тәжірибесі бар. Елестетіп көріңізші, кейбір ірі университеттерденмыңдаған экономист шығады, бірақ қор немесе криптовалюта нарығында тек 100 адам ғана осындай тәжірибеге ие.
— Сіз өз платформаңызды қалай монетизациялайсыз?
— Платформаның өзі 1000 доллар көлеміндегі қаржыны симулятор арқылы сынап көруге тегін мүмкіндік береді. Бірақ адамның инвестициялауда нақты талғамы болса және үлкен сомалармен ойнағысы келсе, онда ол мың теңге салып, виртуалды 10 000 доллар ала алады. Әрине, бұл симулятор көбірек мүмкіндіктер береді және онда ойнау қызығырақ. Өнімнің конверсиясы 4% деп айта аламын. Бұл әр жүз адамның төртеуі қолданбаға нақты ақша салуға дайын дегенді білдіреді.
Жалпы түсетін сома бізге 16 адамнан тұратын команданы қамтамасыз етіп тұруға және жобаны әзірлеуге жеткілікті. Қазір жылды 240 мың доллар кіріспен аяқтап жатырмыз, бірақ келесі жылы да бірнеше есе өсуді жоспарлап отырмыз.
Бүгін мен болашақ
— Қазіргі кезеңде стартапқа инвестиция қажет пе?
— Бүгінде біз — өзін-өзі қамтамасыз ететін компаниямыз. Бірақ жалпы әлеуетті инвесторлардың ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз.
— Қолданушыларыңыз нағыз инвестор болғанын қалайсыз ба?
— Иә, келесі қадам — брокерлік компаниялармен және криптобиржалармен ынтымақтастық. Саналы түрде инвестициялауды үйренген пайдаланушылар брокерлік шот ашып, өздерінің нақты ақшаcын бағалы қағаздар мен криптовалютаға сала бастайды.
— Қазақстанда дамуды жоспарлап отырсыз ба әлде сыртқы нарықты бағындыруға дайынсыз ба?
— Қазақстан нарығы айтарлықтай шағын екенін бәрі біледі. Бірақ бұл жер гипотезаларды тексеріп, өнімді жасап көруге, оны сынақтан өткізуге өте ыңғайлы. Сондықтан толыққанды өнім жасағаннан кейін, әрине, сыртқы нарыққа шығу керек. TypiPay қолданбасы қазірдің өзінде Үндістанда, АҚШ-та және Бразилияда іске қосылды. Біз осы жылды үш ірі нарыққа шығуымызбен аяқтаймыз. Ал келесі жылы бүкіл планета төңірегінде кеңеюді жоспарлап отырмыз.
— Үлкен ойыншы немесе халықаралық компания болғыңыз келе ме?
— Ондай жоспар жоқ деу қате болар еді. Меніңше, екі жылда жаттығудан соң серіктестік бағдарламасы арқылы нақты биржаларда жұмыс істеуге ауыса алатын миллиондаған пайдаланушыдан құралған адал аудитория жинай аламыз. Бүгінде кез келген дерлік биржа әр тартылған клиент үшін өмір бойы пайданың 40%-ын төлеуге дайын.
— Жаңа нарыққа шығу қиын ба?
— Негізі әр елдің менталитеті әртүрлі. Егер АҚШ-та халықтың 70%-ға жуығы инвестиция салумен айналысса, біздің елде бұл бірнеше пайыз ғана. Сондықтан түрлі тәсіл керек. Екінші жағынан, мұндай жан-жақты және күрделі зерттеу өнімді жақсартуға ғана көмектеседі.
— Сыртқы нарыққа сәтті шығып жатырсыз ба?
— Біз жақында ғана кеңейе бастадық. Әлі керемет жетістікпен мақтана алмаймыз, бірақ пайдаланушылар арасында қызығушылық бар және конверсия өсіп жатыр деп айта аламын.
— TypiPay-дың функциялығы қалай дамиды? Жаңа мүмкіндіктер енгізіле ме?
— Кішігірім құпиямызды айтайын. Платформаға сүйене отырып, TypiPay memecoin-ын шығаруды жоспарлап отырмыз. Толық мәліметті кейінірек айтамыз.
Абыройлы миссия
— Стартаптың миссиясын қалай елестетесіз?
— Біздің міндетіміз — халықтың қаржы сауатын арттыру. Біздің жоба – жылдам білім беруді көздейді. Мұнда адам тәжірибеге баса назар аудара отырып, оңай жолмен білім алады. Мұндай білім әл-ауқатты арттыруға және отбасыға қосымша табыс табуға, түрлі алаяққа жем болмауға көмектеседі.
Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 30 жергілікті және 3-4 ірі қаржы пирамидасы пайда болады. Оның үстіне, жыл сайын миллионға жуық адам қандай да бір жолмен алаяқтардың құрығына түседі. Негізінен бұл — қаржы сауаты жоқ болуының салдары. Кейбір адам әлі де ай сайын 50-100% пайда табуға болады деп ойлайды. Ал инвестициялық тәжірибе мұндай болмайтынын көрсетеді. Адам тіпті Apple, SpaceX немесе Toyota сияқты табысты алыптардың жыл сайын бірнеше пайызға өсіп жатқанын көреді және бұл жақсы көрсеткіш болып саналады.
Алдағы 10 жылдағы жоспарлар 100 миллион адамды қор нарығында жұмыс істеуге үйрету. Бұл абыройлы мақсат пен миссия деп /ойлаймын.
— Сіз жалдамалы қызметкер болып та жұмыс істедіңіз, ал бүгін кәсіпкерсіз. Қай тәжірибе көбірек ұнайды?
— Иә, шетелдік және отандық компанияларда жауапты қызметтерде жұмыс істедім. Менеджмент пен коммуникация негіздерін меңгерген кезде бұл жақсы тәжірибе болды. Мұның бәрі кәсіпкерлік қызметте жәнекоманда құрғанда өте маңызды болып шықты.
Бірақ мен кәсіпкерлікті көбірек ұнатамын. Өйткені қазір еркінмін және өз мақсаттарымды нық қоя аламын. Екінші жағынан, кәсіпкер болу — командаңыз үшін үлкен жауапкершілік ала алу. Бізде 16 адам жұмыс істейді, әрқайсысы өз отбасына айлық апарады, яғни көп адамның жағдайы менің әрекетіме байланысты.
Кәсіпкер осы іске жауапкершілікпен және саналы түрде келуге дайын болуы керек деп есептеймін.
— Жұмысқа шабытты қайдан аласыз?
— Мені біздің платформаны қолданушылар, олардың пікірлері мен жетістіктері шабыттандырады. Пайдаланушылардың қалай өсіп жатқанын, адамдардың ой-өрісі қалай кеңейгенін көріп қуанамын. Бүгінде біз еліміздегі экономикалық университеттерге қарағанда, пәндік практикалық білімді көп беретінімізді көріп отырмын. Бұл «бәрін дұрыс істеп жатырмыз» деген сенімімізді нығайтады.
— Кәсіпкер мінезіңізді қай спорт түрімен байланыстырар едіңіз?
— Меніңше, жаяу жүру! Көбірек жаяу жүру керек. Күніне 10 шақырым. Жаяу жүру – ойлау процесінің негізі. Серуендегенде үнемі жарқын ойлар келеді!