Кейінгі онжылдықта біз шеринг (ортақ қолдану) экономиканың өркендеп жатқанын байқап отырмыз. Бүкіл әлемде асүй ыдыстары мен тұрмыстық техникадан бастап, автокөліктер мен коммерциялық жабдықтарға дейін кез келген затты жалға беруге дайын мыңдаған компания ашылып жатыр. Дегенмен көп жалға беру қызметтерінің, әсіресе кішігірім қызметтердің басты проблемасы – бизнес процестерін төмен деңгейде автоматтандыру. Бұл компаниялардың көбі қолмен жұмыс істейді. Электронды кестелерді, түрлі құралдарды, тіпті қағаз құжаттарды пайдаланады. Ал бұл жұмыс сапасы мен жылдамдығын төмендетеді.
Қазақстандық Yume.cloud платформасы жалға беру компанияларының барлық бизнес процесін автоматтандыруға көмектесуге ниетті. Стартаптың негізін қалаушы Біржан Шәкәрім платформаның артықшылығын, перспективасын, нақты істері мен болашаққа арналған жоспары туралы айтып берді.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Жалға беру компанияларына арналған үлкен платформа
– Айтыңызшы, Yume.cloud стартабының негізгі идеясы қандай?
– Yume.cloud – жалға беруші компаниялардың бизнес процесін автоматтандыратын әмбебап платформа. Біз жалға алуды жылдам әрі оңай ету арқылы кәсіптің электронды кестелермен, блокноттармен және қолмен жұмыс істеуін доғаруына көмектесеміз.
Платформа келісімшартты, есептер мен актілерді бір рет басу арқылы рәсімдеуге мүмкіндік береді. Құжаттарға SMS немесе Egov арқылы қол қоюға болады және барлық құжатты бір жерден бақылай аласыз. Yume.cloud сонымен қатар қойманы басқаруға, транзакциялардың есебін жүргізуге, тауарлардың кірісін талдауға және тіпті GPS арқылы олардың қай жерде екенін бақылауға мүмкіндік береді.
Онда клиенттерге ыңғайлы функциялар бар: адалдық жүйесін орнату, ұсыныстарды жекелендіру және онлайн брондау мүмкіндіктері бар веб-сайтты құру. Ал кәсіп үшін кірісті талдау, қосалқы жалдау мен жеткізуді жүйелеу қызметтері бар. Біз жұмысыңызды жеңілдететін әрі өсуге жаңа мүмкіндіктер ашатын құрал ұсынуға тырысамыз.
– Мұндай платформаның күшті аналитикалық құрамдасы болуы керек қой?
– Иә, аналитика – Yume.cloud бағдарламасының негізгі бөлігі. Кәсіп иелері бір жерден барлығын көріп отырады: аяқталған мәмілелер, транзакциялар, шығыс, кіріс болжамы және т.б. Деректер бір рет енгізіледі, содан кейінгі кәсіптің толық дерегін платформа өзі береді.
Әсіресе қоймадағы жұмыстың тиімділігін талдау құнды. Мысалы, 500 мың теңгеге сатып алынған жалға берілетін танымал зат өзін-өзі ақтап, 2 миллион теңге пайда әкелгенін білуге болады. Бұл жаңа нәрсе сатып алуға немесе аз пайдаланылған заттарды реттеуге көмектеседі.
Сонымен қатар кірістірілген мессенджер клиенттерге жүйеден тікелей хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Бұл клиенттермен жұмыс істеуді одан әрі ыңғайлы етеді.
– Платформа қалай жасалғанын айтып беріңізші? Өз командаңыздың күшімен жасадыңыз ба әлде қосымша мамандар алдыңыз ба?
– Басында төртеуіміз ғана болдық: мен, бағдарламашы, өнім менеджері және дизайнер. Біз барлығын өз күшімізбен жасадық. Идеяларды ойластырдық, гипотезаларды тексердік, алғашқы клиенттерді қостық, қателерді түзеп, үнемі жетілдіре бердік. Бұл өте ретсіз процесс болды, бірақ ол біздің өнімге не қажет екенін тез анықтауға көмектесті.
Қазір команда әлдеқайда кеңейді. Біздің керемет бағдарламашыларымыз бар. Сонымен қатар тұтынушылар табуға және олардың қалай жұмыс істейтінін көрсетуге көмектесетін сату және маркетинг саласының жігіттері бар. Қазір біз жылдамырақ әрі үйлесімді түрде қозғаламыз. Бізді өнімнің қалай өсіп, дамып жатқаны қатты қуаттандырады.
Өз өнімімізге клиент болдық
– Идея қалай пайда болды? Бұл саланың мәселелерін қалай білдіңіз?
– Идея жеке тәжірибеден туды. Мен кинотеатр жабдығын жалға беремін. Сол кезде команда бухгалтерлік есеп, аналитика және автоматтандыру мәселелеріне тап болды. Түрлі платформаны қолданып көрдік, бірақ олардың ешқайсысы біздің сұранысымызды толық қамти алмады. Содан біз жалға беру компанияларына арналған өте қолайлы бір қызметті жасаймыз деп шештік. Yume.cloud осылай пайда болды және өзіміз оның бірінші пайдаланушысы болдық.
Біздің артықшылығымыз – жалға беру нарығын және оның барлық мүмкіндігін жақсы түсінеміз. Бұл кәсіптің мәселелерін нақты шешуге және клиенттеріміздің өсуіне көмектесетін платформа құруымызға жәрдемдесті.
– Неліктен жалға беру нарығын таңдадыңыз?
– Жалдау және шеринг нарығы, әсіресе, затты иеленуден гөрі пайдалануды көбірек таңдайтын жастар арасында белсенді дамып келеді. Бұл саладағы жыл сайынғы өсім – шамамен 10-12%. Жаңадан қосылған кәсіп иелері бизнес процесін сөзсіз автоматтандырғысы келеді. Yume.cloud дәл осындай компанияларға жылдамырақ, ыңғайлырақ және тиімдірек жұмыс істеуге көмектесу үшін жасалды.
– Платформаның монетизация моделі қалай көрінеді?
– Бізде бәрі қарапайым және ашық. Негізгі кіріс көзі жазылымнан түседі. Пайдаланушылар функция жиынтығы мен пайдалану көлеміне байланысты ай сайын белгіленген сома төлеп отырады. Клиенттер шынымен қажет нәрсе үшін ғана төлейді.
Оған қоса, біз SMS қызметтері және басқа үшінші тарап платформалары сияқты интеграциядан ақша табамыз. Ал болашақта клиенттер төлемді тікелей жүйеде реттей алатындай эквайринг қызметін енгізуді жоспарлап отырмыз.
Кеңейетінімізге сенеміз
– Платформаның клиенттері бар ма?
– Иә, 2024 жылдың тамыз айынан бастап біз Yume.cloud-ты белсенді түрде танытып жатырмыз. Бізге түрлі саладағы компаниялар қосылды. Оның ішінде құрылыс құралдарын, шаңғы жабдықтарын, электрониканы және тіпті киімдерді, соның ішінде үйлену көйлектерін жалға беру қызметтері бар. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясынан алғашқы клиенттеріміз бар. Біз олардың автокөлікті жалға беру қызметін автоматтандырып отырмыз.
– Дәл қазір стартапқа инвестиция қажет пе?
– Yume.cloud тұрақты өсіп келеді. Қазір біздің міндетіміз – өнімді дамытуға және тұтынушылар базасын арттыруға назар аудару.
Seed-раунд-ты 2025 жылы ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Сол сәтке дайын болғымыз келеді. Атап айтқанда клиент санының айтарлықтай өсуі, тұрақты MRR және халықаралық нарықта сұраныстың болуы жағынан дайын болғымыз келеді. Бұл жаңа нарықтарға шығу үшін қаржы алуға мүмкіндік береді.
– Толықтай сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отырсыз ба? Қазақстан нарығы тар ма?
– Біз үшін Қазақстан – R&D алаңы. Мұнда идеяны тексереміз, платформаны жетілдіреміз және кәсіпті кеңейтуге дайындаламыз. Жергілікті нарық шағын, дегенмен ол гипотезаларды тиімді тексеруге және өнімді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Біздің басты назарымыз – MENA аймағы. Қазірдің өзінде БАӘ және Сауд Арабиясындағы клиенттермен ынтымақтаса бастадық. Ол жақтан үлкен перспектива көріп отырмыз. Мақсатымыз – халықаралық нарыққа шығу ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың нақты проблемасын шешу және платформамыздың құндылығын дәлелдеу. Егер біз жаһандық компанияға айналсақ, бұл жақсы бонус болады.
– Акселерация бағдарламаларынан өтіп көрдіңіз бе?
– Әзірше жоқ. Мен стартапқа дәстүрлі бизнестен келдім. Нарықтың проблемасын түсініп, дайын өніммен кірдім. Бірақ акселерация бағдарламаларының маңызын, әсіресе кеңею және халықаралық нарыққа шығу тұрғысынан жақсы түсінемін. Бұл – болашақта командамызға өте пайдалы болуы мүмкін тәжірибе.
Өз табысыңыз үшін бәсекелестердің тәжірибесін пайдаланыңыз
– Стартабыңыздың жергілікті және халықаралық нарықта бәсекелестері бар ма? Нарықтағы күреске төтеп бере аласыз ба?
– Қазақстанда тікелей бәсекелестеріміз жоқ. Өйткені мұнда жалға беру нарығы енді ғана дамып жатыр. Ал оны автоматтандыру өнімдері қазір жоқ.
Халықаралық нарықта бәсекелестік бар, бірақ олар көбіне көлікті жалға алу немесе жылжымайтын мүлік сияқты белгілі бір санаттарға бағытталған. Түрлі жалдау аймағын қамтитын бірнеше ғаламдық әмбебап платформалар бар.
Біз үшін бәсеке – нарық перспективасының көрсеткіші. Біз басқа өнімдердің күшті және әлсіз жақтарын мұқият зерттеп, интуитивті интерфейсі бар кең функциялы платформа жасадық. Клиенттеріміз Yume.cloud-пен жұмыс істеу салыстырмалы түрде ыңғайлырақ екенін жиі айтады.
– Стартабыңыздың 5-10 жылдан кейінгі болашағын қалай елестетесіз?
– 5-10 жылда біз бүкіл әлемде клиенттері бар жаһандық компания боламыз деп ойлаймын. Кәсіпті басқаруды жеңілдететін және оны тиімдірек ететін шешім ойлап табу арқылы жалға беру нарығын дамытуды жалғастырамыз.
Біздің мақсатымыз – процесті автоматтандыру, сервисті жақсарту және бірге өсетін, түрлі көлемдегі және салалардағы компаниялар таңдайтын платформа болу. Біз жалға беру нарығы тек дами беретініне сенімдіміз және осы өзгерістің ортасында болғымыз келеді.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстан стартаптары әлем нарығында бәсекеге түсе ала ма? Отандық жобалардың қандай артықшылығы бар?
– Әрине, түсе алады! Қазақстандағы стартаптардың бірнеше күшті жақтары бар. Біріншісі – икемділік. Біз шектеулі ресурспен жұмыс істеуге, тез бейімделуге және стандартты емес шешім табуға дағдыландық. Екіншіден, әзірлеудің салыстырмалы түрде арзан болуы аз шығынмен сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазір елімізде стартаптар үшін көп мүмкіндік бар: инвестициялар, акселерация бағдарламалары, Astana Hub сияқты платформалардан қолдау. Маған көп жобалардың басынан бастап халықаралық нарыққа бағытталған үрдісі ұнайды. Бұл стартаптардың жылдам өсуіне, идеясын әлем аудиториясында сынап көруге және бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі.
Біз де осы бағытта келе жатырмыз. Ауқымымызды кеңейтуге және жергілікті нарықтан шығуға дайындалып жүрміз. Қазақстан стартаптары әлем аренасында өзінің лайық орнын алуға қабілетті және бұған толық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.
Үлкен миссия
– Сіздің ойыңызша, Yume.cloud стартабының миссиясы қандай?
– Біздің міндетіміз – адамдар ресурсты ұтымды пайдаланатын шеринг экономиканың дамуына қолдау көрсету. Жалға алу артық өндірісті азайтуға, сирек қолданылатын заттарға жұмсалатын шығынды кемітуге және қалдықтардың мөлшерін азайту арқылы қоршаған ортаға оң әсер етуге мүмкіндік береді.
Осы кеңістіктегі компанияларға өсуге және кеңеюге көмектессек, бұл бизнеске ғана емес, жалпы қоғамға да сезілетін тұрақты өзгерістерге жол ашады.
– Стартабыңыз арқылы қандай арманыңызды жүзеге асырғыңыз келеді?
– Атауымыздағы Yume сөзі жапон тілінен аударғанда «арман» дегенді білдіреді. Демек біздің бүкіл жолымыз арманды орындауға бағытталған. Менің арманым – Yume.cloud-ты бүкіл әлемдегі жалға беру кәсібіне көмектесетін жаһандық платформаға айналдыру. Ал әлемдік компанияға айналсақ, бұл армандар орындалатынына күшті дәлел болады.
Мүмкін емес нәрсе жоқ
– Жұмысыңызда сізді не шабыттандырады?
– Басты шабыт алатын жерім – тау. Трекингті жақсы көремін, Непалда болдым, Эльбрусқа шықтым. Тау шыдамдылықты, жинақылықты және қиындықтарды жеңе білуді үйретеді. Бұл қасиеттер жұмыста көмектеседі.
Кітаптарға келсек, сүйікті шығармаларым – Айн Рэндтің «Атлант расправил плечи» кітабы және Джек Лондонның «Мартин Идені». Қайта-қайта көретін фильмім – «Интерстеллар».
Сонымен қатар маған өзімнің тәртібім көмектеседі. Денсаулығыма қарауға тырысамын және бастаған ісімді аяқтауым керек деген әдетті ұстанамын. Бұл маған кез келген тапсырманы тиімді орындауға көмектеседі.
– Сіз жалдамалы жұмысты да істеп, кейін кәсіпкер болдыңыз. Сізге кәсіпкер болған ұнай ма?
– Кәдімгі, қалыпты адамдар кәсіп жасамайды деген әзіл бар. Бизнесте проблемалар, міндеттер, форс-мажор жағдай мен қиын шешімдер үнемі болады. Тұрақты күндер жоқ деуге болады. Егер бәрі тым тыныш болса, жақында жаңа қиындық келеді дегенді білдіреді.
Бірақ бұл маған ұнайтын нәрсе: еркіндік, тәуелсіздік және жаңа нәрсе істеп көру мүмкіндігі. Сіздің артыңызда жұмыс істейтін қызметкерлер болғаны да маңызды. Қай жерде жүрсем де, не істесем де, тек тұтынуға емес, пайда әкелуге де тырысамын.
– Кәсіпкер мінезіңізді спорттың қай түрімен байланыстыра аласыз?
– Меніңше, тауға шығу. Достарым «Сен тауға шыққанда азабыңа өзің төлейсің» деп әзілдейді. Бұл расында жақсы аналогия. Шыңға жету үшін қиындықты, суықты және шаршауды еңсересіз. Шыңға шыққан сәтте барлық күш-жігеріңіз бекер жұмсалмағанын түсінесіз. Маған мақсатқа жету сезімі ұнайды, өзіне тән дофамині бар. Өзіңізге «Мен мұны істедім» деп айта аласыз. Тауға шығып, үйге қайтасыз да, бәрі мүмкін екенін түсінесіз.