Қазіргі білім беру жүйесінің проблемалары белгілі. Олар кез келген елде шамамен бірдей. Кемшіліктердің тізімі шынымен де үлкен. Негізгі білім әрқашан сапалы бола бермейді, әңгімені осыдан бастайық. Ал жекеменшік мектепте немесе беделді университетте оқуға кез келген адамның мүмкіндігі бола бермейді. Стандартты бағдарламалар көп жағдайда қажетсіз немесе ескірген білімді береді. Мұндай проблемалар «сандықшасына» білікті мұғалімдердің тапшылығын және бос қағазбастылықты, оқу сағаттарының тапшылығын, оқулықтарды әзірлеушілер мен мұғалімдердің кері байланысы жоқ екенін, сыныптардың толып кетуін, ауыл мектептеріндегі проблемаларды және тағы басқаларды қосуға болады.
Сонымен қатар мектеп пен университетте адамның бүкіл өмірінің негізі қаланады. Онда студент кәсіби және шығармашыл қырын ашып, табысты мансап құруды үйреніп, өз отбасына жайлы өмір жасауға мүмкіндік алады.
Дегенмен Astana Hub қатысушысы, Қазақстандағы BeyimTech стартабының негізін қалаушы Нұрсұлтан Дүйсебаев білім беру саласының көп мәселесін заманауи технологиялардың көмегімен шешуге мүмкіндік бар дейді. Ол Er10.media сайтына жасанды интеллект, қосымшалар мен edutainment әлемнің білім нарығын қалай өзгертетінін айтып берді.
«Қазақстанның 100 стартап тарихы» – Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
– BeyimTech стартабының ерекшелігі мен миссиясы қандай?
– 2021 жылы зерттеуді бастаған кезде жасанды интеллектке сүйендік. Осының арқасында өнімдеріміз нейрон желілерінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, әр оқушыға жеке білім ұсына алды. Мысалы, қазір қалай? Сыныпта бір мұғалім болады, барлығының оқулықтары бірдей, стандартты бағдарламасы бар. Мұғалімнің барлығына бірдей назар аударуға уақыты жоқ. Біздің есептеуіміз бойынша, бір мұғалім 12 оқушыға жеке көңіл бөле алады. Сонда 18 адам маманның қарауынсыз қалады деген сөз. Ал осы оқушылардың үлгерімі білім алудағы олқылықтардың салдарынан нашарлай түседі. Жағдайды түзету үшін ата-аналар көбіне қосымша репетиторлар жалдайды, ал бұл баланың онсыз да көп жүктемесін арттырады. Сонымен қатар жиі күйзеліске түсіп, нәтижесі әрдайым оң болмауы мүмкін. Керісінше жағдайлар да бар. Ата-аналар репетитор жалдай алмайды, баласының үлгерімін қадағаламайды. Салдарынан жұмыссыздық немесе жалақысы аз жұмыс орындарына орналасу жағдайлары жалғаса береді.
Тағы бір мәселе – барлық оқулықтың стандартты екені, яғни балалардың жеке ерекшеліктері ескерілмейді. Ал авторлар, мұғалімдер мен студенттер іс жүзінде бір-бірімен кері байланыспайды.
– Стартап идеясы сізге қалай келгенін айтып беріңізші. Неден бастадыңыз?
– Пандемия кезінде Қазақстанда «OnlineMektep» платформасы жасалды. Ол Назарбаев зияткерлік мектептері мен Bilim Media Group компаниясының бірлескен өнімі еді. Платформаны 2,5 миллионға жуық оқушы мен 200 мың мұғалім қолданды. Пандемия аяқталғаннан кейін бүкіл әлемде онлайн оқу күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналды. Сол кезде цифрлық платформа деген бүкіл білім беру жүйесіне шынымен пайда әкелетін, берік білім беретін, сонымен қатар оқушы мен мұғалімге көмектесетіндей болуы керек қой деген сұрақ туды. Біз OnlineMektep жұмыс істейтінін көрдік, бірақ бұл – стандартты ақпараты ғана бар, «қолмен жылжыта беруге болатын электронды оқулық». Біз бұл ескірген формат екенін түсіндік.
Дәл 2021 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында BeyimTech зерттеу жобасы құрылды. Біз «болашақта онлайн оқудың идеал платформасы қандай болуы керек?» деп ойландық. Содан онлайн оқытуды терең әрі кең ауқымда зерттей бастадық. Біздің команда Blackboard, Duolingo, Moodle және Canvas сияқты 40-тан астам білім беру қызметтерін талдап, әдістеме мен білім беру бағдарламаларын зерттеп, кеңес алу үшін шетелдік мамандарды Қазақстанға әкелді. Бір жарым жылға жуық уақыт зерттедік. Сол уақытта болашақ платформаның көрінісін көре алдық. Содан кейін біз 20 мектеппен тікелей жұмыс істей бастадық. Ол жерге эксперимент ретінде бірнеше білім беру қызметтерін енгіздік. Электронды платформалар оқу үдерісін қалай жақсарта алатынын талдадық. Осылайша, 3 жылдық терең ғылыми зерттеулердің арқасында біз онлайн оқыту әдістемесін жасадық.
Осыдан кейін алынған мәліметтер негізінде біз өзіміздің білім беру платформамызды жасауға дайын екенімізді түсіндік. Осылайша BeyimTech стартап командасын құрып, инвестиция іздей бастадық.
– Қазақстандық және жаһандық бәсекелестерден қандай айырмашылықтарыңыз бар?
– Біз әуелі Қазақстанда, кейін әлемде озық білім кеңістігін құрғымыз келеді. EdTech платформасы дүниежүзіндегі ең жақсы білім беру қызметтерінің бірі болады деп жоспарлап отырмыз. Қазір бірнеше өнімнен тұратын SuperApp жасап жатырмыз. Солардың бірі – Beyim AI. Бұл – оқуға арналған әлеуметтік желі. Мұнда студент негізгі бағдарламадан түрлі білім алып, қосымша материалдар ала алады. Beyim Synaq деген екінші өніміміз емтиханға дайындалуға көмектеседі.
Жалпы біздің қолданбамыз білім беру тұжырымдамасын қайта қарастырып жатыр. Біз оны жеке, оқушының қажетіне бейімделген және балаға, мұғалімге, ата-анаға дұрыс ұсыныстар бере алатындай етіп жасауды жоспарлап отырмыз.
Осы ретте стартаптардың көбі бір нақты мәселені шешетінін атап өткен жөн. Ал біз мектептегі үздіксіз оқудың нағыз экожүйесіне айналатын білім беру супер қолданбасын жасап жатырмыз. Kaspi.kz сияқты қолданба болады, тек біздікі білім береді.
– Өзіңіздің артықшылығыңыз неде деп ойлайсыз?
– Ерекшелігіміз Назарбаев зияткерлік мектебімен жұмыс істеу мүмкіндігіміз деп ойлаймын. Бұл жай мектептер емес. Олардың шын мәнінде үздік мұғалімдері, озық оқыту әдістері, орасан зор ресурсы мен халықаралық мойындалған параллельді білім беру жүйесі бар. НЗМ жоғары сапалы контентті үлкен көлемде шығарып жатыр. Оны қолданбамызға енгізуге мүмкіндігіміз бар. Оның үстіне, біз әдістемелер мен әзірлемелерді сынап көре аламыз. Бұл тұрғыдан алғанда біз ерекше жағдайға ие болып отырмыз. Үш жыл бойы өз гипотезасын әзірлеп, оны мыңдаған пайдаланушымен бірге сынап көріп, олардан кері байланысты жылдам ала алған стартаптар аз. Осы жағынан біз ұтып тұрмыз.
– Сіздің монетизация үлгіңіз қандай?
– Қазір монетизация үлгілерін сынап көріп жатырмыз. Нақты бір қорытындыға келген жоқпыз. Ең ықтимал модельдердің бірі - freemium. Негізгі білім тегін болады, кейбір қосымша мүмкіндіктер ақылы ұсынылады. Бұл модель өніміміздің жоғары сапасын барынша көп тұтынушыға көрсетуге мүмкіндік береді. Менің ойымша, бір жылдан кейін миллионнан астам пайдаланушы осы жолмен келеді. Сонымен қатар біздің B2B және B2C бойынша коммерциялық ұсыныстарымыз да бар. Білім беру мекемелерін платформамызға қосуға дайынбыз.
– Қазір стартап қай сатыда тұр?
– Біздің өнім қазір MVP сатысында тұр. Beyim.ai мамыр айында іске қосылды. Ол қазірдің өзінде НЗМ-де эксперимент және жаңа зерттеу деректерін алу үшін қолданылып жатыр. Қолданбаны бүкіл Қазақстан бойынша 25 мың оқушы мен 2 мың мұғалім пайдаланады. Ал Beyim Synaq қолданбасын ақпан айында іске қостық. Ол 25 мыңға жуық рет жүктелді және 11 мың пайдаланушы бар.
– Айтыңызшы, жобаны дамыту үшін сізге инвестиция қажет пе?
– Иә, біз қазір жобаны масштабтау үшін инвестиция алуға дайынбыз. Әрине, инвесторлардың қатысуы келіссөздерге байланысты болады. Дегенмен менің ойымша, орташа чек 400 мың доллар болуы мүмкін.
– Қандай нарықтарды бағындыруды жоспарлап отырсыз және қай елдерде ауқымды түрде кеңеюді көздеп отырсыз?
– Шетелдік әріптестермен байланысымыз бар. Біз олармен B2B шешімдерін енгізуді жоспарлап отырмыз. БАӘ-ге, атап айтқанда Дубай қаласына қарап, осы елдің қажетін зерттеп, түрлі ашылуларға барамыз. Лондондағы көрмеде де Қазақстанды таныстырдық, онда да қызық келіссөздер жүргізілді, сұраныстар болды. Ұлыбритания біздің Еуропадағы бірінші нарығымыз болуы мүмкін. Оңтүстік Кореяда өткен білім конференциясына да осы елдің Білім министрлігінің шақыруымен қатыстық.
– Яғни, басқа елдермен келісімдер мен қызығушылықтар бар?
– Иә, бастапқыда біз жобаны кез келген елде және әлем бойынша жұмыс істей алатын инновациялық білім беру платформасы ретінде әзірледік. Сондықтан біз АҚШ-тан сарапшыларды әкелдік, Arizona State University біздің стратегиялық серіктесіміз болды. Олар бізге оқыту әдістемесін құруға көмектесті.
– Халықаралық компания болуды жоспарлап отырсыз ғой?
– Әрине, бұған әлі алыс. Бірақ әр стартап соған ұмтылады. Бірінші мақсат – Top-100 жаһандық білім беру платформасына ену.
– Стартапыңыз бен салаңыздың болашағын қалай елестетесіз? Технология қалай дамиды?
– 2021 жылы стартапты бастағанда өнімге жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгіздік. Үш жылда бұл технологияда нағыз бум жаңалықтар болды. Ол қолжетімді бола түсті және жетілді. Мен білім беру саласы мен біздің өніміміздің болашағы жасанды интеллектпен тығыз байланыста болады деп ойлаймын.
Біздің платформаны LinkedIn немесе Instagram сияқты мұғалімдерге арналған жаһандық кәсіби әлеуметтік желі ретінде көремін. Бірақ ол edutainment форматында жұмыс істейді. Жалпы EdTech туралы айтсақ, ол да жасанды интеллектке және үлкен жекелендіруге бет бұрады. Адам қолданбаны ашып, жеке бағдарлама бойынша оқи береді. Ал бағдарлама реттелген және қойылған мақсаттарға сай жасалады. Балалар стандартты оқулықтардың орнына өзіне қажет және ерекшелігіне сай жеке бағдарламамен оқиды. Мақсат – әр балаға қажет уақытта сапалы білім ұсыну.
– Қазақстанда стартап индустриясын дамытуға қолайлы жағдай жасалған ба? Осы жөнінде не ойлайсыз?
– BeyimTech – менің төртінші стартапым. Мен Қазақстанда ғана емес, Силикон алқабында да стартап бастап көрдім. Жалпы жағдайды динамикада салыстыра аламын. Әрине, инновациялық салаларды дамыту жағынан АҚШ пен Еуропа елдерінен қалып қоямыз. Онда өте ірі инвесторлар мен қорлар бар. Бірақ кейінгі 10 жылда қазақстандық стартаптар саласындағы жағдай айтарлықтай жақсарды. Көп жұмыс атқарылды. Акселерация бағдарламалары пайда болды, Astana Hub тарапынан қолдау бар, CEVF, Digital Bridge және тағы басқа сияқты үлкен конференциялар өткізіліп жатыр. Алматы мен Астанада көп стартаптар мен үлкен кәсіби қауымдастық бар. Енді аймақтарға назар аударып, өңірлердегі балаларды дамыту үшін ғылыми және қаржылай базамен қамтамасыз ету керек деп ойлаймын.