Стоматологиялық емханалар әдетте жабдық пен шығын тауарларын сатып алуға көп уақыт жұмсайды. Ал Қазақстан нарығында жеткізушілер көп болмаса да, қоңырау шалуға, кеңес беруге, өтініш жіберуге, құжат жеткізіп, өңдеуге көп уақыт кетеді. zoob.kz стартабының негізін қалағандар стоматологиялық маркетплейс жасап шықты. Онда бірнеше рет бассаң болды, тауарларға тапсырыс беру процесі жүреді.
zoob.kz негізін қалағандардың бірі Мәди Ағатаев Er10.media редакциясына жаңа маркетплейс бизнес шығынын қалай азайтатынын, логистиканы және құжат айналымын қалай жеңілдететінін, сонымен қатар контрафактілік және тіпті қауіпті тауарларды нарықтан ығыстырып тастауға қалай көмектесетінін айтып берді.
«Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл — ER10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
Алға ұмтылатын кәсіпкер
– Мәди, бизнеске қалай келдіңіз?
– Шынымды айтсам, кәсіппен айналысқаныма бір жылдай уақыт болды. Ол уаққа дейін қызметкер болып жұмыс істедім. Медицина саласында 10 жыл істедім, оның 7 жылы стоматологияда өтті. Стоматологиялық жабдық жеткізетін оңтүстіккореялық компанияда жұмыс істедім.
2023 жылы жұмысымды тастап, бірнеше ай демалдым. Демалыста бизнесімнің идеясын ойластырдым. 2023 жылғы қарашада серіктестеріммен бірге zoob.kz стартабын бастадым.
– Стартап жасау идеясы қалай келді? 10 жыл қызметкер болғаннан кейін кәсіпке бет бұруға үлкен бір себеп болған шығар?
– Стоматологиялық жабдықтар мен шығын материалдарын сатып алу жүйесін жақсы білемін, өйткені осы салада 7 жыл істедім. Осы уақыт ішінде нарықта не қиын екенін, оның мәселесін көрдім, зерттедім. Сөйтіп, ойыма стоматологиялық емханадар мен провайдерлерге өзара әрекеттесуді жеңілдетуге және жылдамдатуға көмектесу идеясы келді. Іске қоспас бұрын, бұл идеяны құрылтайшылармен ұзақ уақыт талқыладық. Ақыры маркетплейсіміз бар мәселенің шешімі болады деген қорытындыға келдік. Ортақ көзқарасқа келе отырып, zoob.kz үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге кірістік.
– Кофаундерлер кім? Достарыңыз ба, әлде әріптестеріңіз бе?
– Бірінші құрылтайшы Еркін Тоқмағамбетов екеуіміз бірге оқыдық. Ал жобаның екінші тең құрылтайшысы, серіктесі әрі инвесторы – Ordamed-тің негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Ділімбетов.
– Еркін Ділімбетовпен бұрыннан таныс па едіңіз?
– Жоқ. Жұмысымды тастап, досым екеуіміз стартапты істей бастағанда Еркін Ділімбетовке хабарласып, жобамды ұсындым. Бірнеше ай бойы хабарласып, сөйлестік, содан кейін бірігіп маркетплейс жасаймыз деп шештік.
– Бизнесмен рөлінде өзіңізді қалай сезінесіз? Кәсіпкер болған ұнап жатыр ма?
– Иә, ұнайды. 10 жыл жұмыс істегенде компания мен бастықтың ережелеріне тәуелді боласың, ал қазір еркін әрекет етемін. Ойыма бірдеңе келсе, оны серіктестеріммен талқылаған соң жүзеге асыра аламын. Ірі компанияларда әр шешімді келісу үшін бірнеше апта кетуі мүмкін. Иә, қазір өмірімде тұрақтылық аз, бірақ ұмтылу мен перспектива көп!
Стоматологиялық емханаларға арналған Amazon
– Ақырындап стартап идеясына ойыстық. Идеяның мәні қандай, нарықтағы қандай проблемаларды шешеді?
– Барлық стоматологиялық жабдық, мамандандырылған медициналық препарат және шығын материалдарын жеткізетіндердің басын бір жерге – zoob.kz маркетплейсінде қосықымыз келеді.
– Бұл шынымен қажет пе?
– Жалпы, Қазақстанда стоматологиялық емханаларға зат жеткізетіндер көп емес. Нарықта шамамен 100-150 компания бар. Бұл күнделікті сұраныс пен электроника нарығындағы жеткізушілер санымен салыстыруға келмейді. Стоматология саласында бәрі бір-бірін таниды, бәрі бұрыннан серіктес болып келе жатыр. Алайда біршама өзекті проблема бар. Ең өзектісі – қажет нәрсені тез және бір жерден сатып алу мүмкін емес екені. Шағын стоматологиялық емхананың шамамен сатып алу схемасын айтайын. Маман жеткізушілердің сайттарын қарап шығып, оларға қоңырау шалып, прайс жіберуді сұрайды. Содан кейін тауарлардың құнын салыстырып, өнімдерді таңдайды, бар-жоғын тексереді, тапсырыс береді де, ақысын төлейді. Әр жеткізуші әртүрлі тауарды жеткізеді. Содан кейін барлық құжатты бітіріп, есебін өткізуі керек.
Ірі емханада мұндай процедура бірнеше күнге созылуы мүмкін. Шағын стоматологиялық кабинет сатып алуға аз уақыт жұмсайды, бірақ әлгі қызметкер өнімді іздеуден бастап оны алуға дейін өте ұзақ әрі ыңғайсыз процестен бәрібір өтуі керек.
– Нарыққа қатысатындарға қалай көмектеспекшісіз?
– Идеямыз – барлық жеткізушіні бір жерде біріктіру. Сатып алатын мамандар біздің маркетплейсімізге кіріп, өнім таңдай алады, тауардың қоймада бар-жоғын көре алады, олардың құнын жылдам салыстырып, көлеміне қарай жеңілдік алады да, сатып алады. Соған сай, клиенттердің құжат айырбастап, ақша есептесетін бір адам болады. Сонымен қатар, қағазбастылықтан және құжаттарға қол қойылмау немесе жоғалу сияқты жиі болатын жағдайдан арылу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қолдану мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Бұл салық басқармасында қиындыққа әкеледі.
zoob.kz – стоматологиялық нарыққа арналған Amazon немесе Wildberries аналогы. Біз сатып алу процесін жеңілдетеміз, сөйтіп кез келген қатысушының уақыты мен ақшасын үнемдейміз.
Кеңеюге бастар жол
– Стартапты дамытуға қатысты жақын арадағы жоспарыңыз қандай?
– Келер жылы Қазақстанда белсенді түрде дамимыз. Стоматологиялық өнімдер мен жабдықтарды жеткізетіндердің бәрін тартуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта саладағы ең ірі жеткізушілер сәтті қосылды, олар: «Астра Дент», «Луч», «Гелий», Medicom, Delta Farm, Proteco Asia. Бұл тізім әлі ұзарады.
Оған қоса, ЭЦҚ, компания ішінде жеткізу және бизнесті басқаруды платформаға толығымен көшіру сияқты мүмкіндіктерді енгізуді жоспарлап отырмыз.
Келесі кезекте Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ресей нарығын тереңірек зерттеп, оған да шығу мүмкіндігін қарастырып көрейік.
– Стартапқа инвестиция керек пе?
– Біз бутстрэппинг арқасында өсіп жатырмыз, содан әлі сырттан инвесторларды тартқан жоқпыз. Бірақ негізінен, 200 000 доллардан басталатын қызық ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз.
– Маркетплейстен қалай ақша табамын деп жоспарлап отырсыздар?
– Біз сатылған тауардан платформа комиссиясын ғана аламыз. Аккаунт ашу, тауар карталарын енгізу дегеннің бәрі тегін. Бұл модель бойынша, жеткізуші платформадан тапсырыс алып, әрі қарай тауарларды өз бетінше дайындап, жөнелтеді. Құжат айналымы біз арқылы өтеді, бірақ оны тапсырыс беруші мен жеткізуші дайындайды.
Тағы бір монетизация үлгісін қарастырып жатырмыз. Ол барлық қызметті өзіміз қабылдаудан тұрады. Демек, жеткізушінің міндеті тауарды жинап, біздің курьерге беру ғана болады. Қалғанын өзіміз жасаймыз – жеткіземіз, төлем аламыз және барлық құжатты ұсынамыз.
– Стартап қазір қай сатыда тұр? Оны қалай бағалайсыз?
– Мұны MVP-дің соңғы кезеңі дер едім. Бәрі дерлік дайын, гипотезалар расталды, негізгі серіктестер қосылды. Өнімді «қырып-жону» ғана қалады. Содан соң толық ауқымды маркетинг науқанымен іске қосуға болады.
Нарыққа, шамамен, 9 ақпанда – Халықаралық стоматологтар күнінде шығуды жоспарлап отырмыз. Жақсы жарнамалық науқан, көп сатылым әрі тартымды акциялар болады. Бұл тіс дәрігерлеріне арналған Black Friday болайын деп тұр.
– Платформаға стоматологиялық қызмет қосуды ойлап көрдіңіздер ме?
– Алға қарай әрекет етуді қолдаймыз. Бұл мәселені әзірше қарастырып жатырмыз. Әуелі негізгі қызметтерімізді іске қосуымыз керек.
– Стартапты жүзеге асыру қаншалық қиын болды? Қандай да бір проблемалар туып отырды ма?
– Жобаны жүзеге асырып жатқанда айтарлықтай бір қиындық болған жоқ. Инвесторды тез-ақ тауып, іске қостық. Ал Astana Hub-тағы акселерация мен оқу қандай да бір қатеге ұрынбауға көмектесті.
Бірақ бүгінде платформаның дамуын әлі де тежеп жатқан бір мәселе бар. Емханаларға тауар сатып алу процесін әдетте бас медбикелер жүргізеді. Олар – ақпарат пен прайсты көбіне WhatsApp арқылы жібере салатын және дауыстық хабарлама жазуды жөн көретін ескі мектеп адамдары. Тіпті қағазға тапсырыс жазып, жеткізушіге соны суретке түсіріп жіберетіндер де бар. Кейбіреулер сайтқа кіріп, тауарға тапсырыс береді де, содан кейін қоңырау шалып, соларды жіберуді сұрайды. Біздің міндетіміз – адамдарға платформа қолдануды үйретіп, сөйтіп әркім уақытты үнемдеп, ыңғайлы жұмыс істей алуы. Бұл жағынан жастармен жұмыс істеген әлдеқайда жеңіл. Олар платформаның артықшылықтарын тез қағып алады да, қолданып кетеді.
Болашағы бар нарық – іші мен сырты
– Ірі халықаралық нарыққа шығып, жаһандық ірі бас компанияға айналуды көздейсіздер ме?
– Әуелі Қазақстанда мықты, тұрақты әрі табысты бизнес құрғым келеді. Есебіміз бойынша, ішкі нарықтағы тауар айналымы – шамамен 30 миллиард теңге. Бұған стоматологиялық қызметтер кірмейді. Бұған қолғап пен шприцтен бастап стоматологиялық креслоларға, жабдықтар мен үлкен рентген аппараттарына дейінгі барлық тауар бағасы кіреді.
Сосын көрші елдерге шығамыз. Жалпы, біз Батыс елдерінің нарығына шығуды әзірше жоспарлап отқан жоқпыз. Малайзияға, Индонезияға, Сингапурға, Тайваньға және Азияның басқа елдеріне шығуға басымдық беріп, сол елдерді перспектива деп қарастырамыз.
– Қазақстанда немесе шетелде бәсекелестеріңіз бар ма?
– Тікелей бәсекелестер жоқ. Кез келген өнім, соның ішінде медициналық тауарлар сатылатын Kaspi.kz немесе Satu.kz сияқты жалпы маркетплейстер мен хабарландыру тақталары бар. Дегенмен ол алаңдар бөлшек саудаға бағытталған әрі мамандандырылған стоматологиялық тауарлар жоқтың қасы. Керісінше, біздің салалық нарығымыз толық бизнеске бағытталған. Мұнда жеткізушілер өзінің мақсатты аудиториясы оларды экранның екінші жағында күтіп тұрғанын анық біледі.
– Шетелде осындай маркетплейстер бар ма?
– Ресей Федерациясында стоматологиялық тауарлар бойынша Doctorslon.ru деген жоба бар. Бірақ, біздің ойымызша, бұл маркетплейс емес, бір жеткізушісі бар интернет-дүкен.
Біздің моделіміз басқаша. Біз бірнәрсе импорттамаймыз немесе өзіміз өндірмейміз, тек сатуға арналған платформа ұсынамыз. Бұл, айтпақшы, серіктес жеткізушілерді тартады. Олар біз басымдық беріп, солардың жарнамасын жасайтын өніміміз жоқ екенін көріп отыр.
Нарықты жасанды тауарлардан тазарту
– zoob.kz адамдарға пайда әкеледі деп ойлайсыз ба?
– Әрине. Біз медициналық стоматологиялық тауарлар нарығының ашық, қауіпсіз әрі толық заңды болуы үшін күрескіміз келеді. Өйткені нарықтағы өнімдердің айтарлықтай бөлігі күмәнді. Онымен қоймай ондай тауарлар уәкілетті органдармен проблема болып қалады-ау деп қаймықпай, ашық түрде сатылып жатыр.
Стартап негізінен тіркелмеген және жасанды тауарлармен жұмыс істемейді. Болашақта ел нарығын осындай күмәнді тауарлардан тазартуға бастамашы болғымыз келеді. Біз барлық стоматологиялық емхана тек сертификатталған өнімдерді сатып алғанын, ал пациенттердің тек жоғары сапалы әрі дәлелденген дәрілер мен материалдармен емделгенін қалаймыз. Бұл – біздің миссиямыз.
– Жасанды тауарлар қаншалық қауіпті?
– Мысалы, әңгіме контрафактілі медициналық қолғаптарға қатысты болса, олардан аса бір қауіп жоқ. Ары кетсе, дәрігердің терісі тітіркенуі мүмкін. Бірақ адам ағзасына тікелей әсер ететін бұрғылар, бұрандалар немесе сұққыш жасанды болып шықса ше? Бұл күрделі проблемалар тудырады. Жасанды тауарларды нарықтан шығарып тастау керек. Пациент қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек.
Топ жұмысы
– Өзіңізді қалай қамшылайсыз? Кітап оқисыз ба, жоқ фильм, сериал көресіз бе?
– Әрине. Біріншіден, өте керемет әрі пайдалы сериал деп «Кремний алқабын» айта аламын. Маған «Шеп қатарында: Uber үшін шайқас» ұнады. Кейнігі оқыған кітаптардан Питер Тиль мен Блэйк Мастерстің «Нөлден бірге дейін. Болашақты өзгертетін стартапты қалай құруға болады?» және Брэд Стоунның «The Everything Store. Джефф Безос және Amazon дәуірі» кітаптары бар.
Оған қоса, кейінгі жылы біз Astana Hub-тың екі акселераторын аяқтадық. Солар мені стартап тақырыбына еніп, бизнесті түсінуге көмектесті.
– Акселераторлар шынымен көмектесе ме?
– Стартап дегенге 2022 жылы Астанадағы Digital Bridge-ге барған кезде қызыға бастадым. Стартап аллеясы, питчинг сессиялары мен қызық әңгімелер қатты ұнады. Ол кезде қызметкер едім, бірақ стартап тақырыбына қатты қызықтым. Astana Hub жаңалықтарына жазылып алдым да, олардың жұмысын оқи бастадым. Стартабымды бастаған кезде, Astana Hub кезекті Startup Garage-ын іске қосып жатты. Өтінім бердім де, онлайн режимінде төрт айлық курсты сәтті аяқтадым. Қазір де қарашада аяқталатын акселерация бағдарламасына қатысып жатырмын.
– Мінезіңізді спорттың қай түріне жатқызар едіңіз?
– Футболға шығар. Мен үшін жаттықтырушы, капитан және жақсы үйлестірілген командасы бар топтық жұмыс маңызды. Бұл – жетістікке жетудің жалғыз жолы. Медицина саласында тәжірибесі мол инвесторымыз – мықты жаттықтырушы. Мені команданы бағыттап, біріктіріп отыратын капитан деуге келеді. Еркін Тоқмағамбетов – стратегиялар мен тактикаларды әзірлеуге маманданған жаттықтырушының көмекшісі. Мұндай маман жаттықтырушылар штабында команда, қарсыластар және ойыншылар көрсеткіші туралы мәліметтерді талдауға, бас бапкерге оңтайлы шешім қабылдауға және команданың жеңіске жетуіне көмектесуге жауапты.