Алматыдағы «Көктөрек» ғарыштық байланыс орталығында Eutelsat-OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйесін пайдалана отырып, спутниктік байланыс қызметтерін тестілеу өтті. Бұл жоба елдің дәстүрлі қосылу әдістері шектеулі немесе қолжетімсіз шалғай аймақтарына тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, Eutelsat-OneWeb спутниктік байланыс қызметтерін енгізу стратегиялық маңызға ие. Басқа спутниктік жүйелерден айырмашылығы, Eutelsat-OneWeb жеке компанияларға, телекоммуникация операторларына және мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетуге бағытталған, бұл оны B2B, B2G және B2O нарықтары үшін маңызды серіктес етеді.
Eutelsat-OneWeb авиация, теңіз тасымалы және корпоративтік секторларда белсенді қолданылады, бұл оның әмбебаптығы мен сенімділігін көрсетеді. Қазақстандағы инфрақұрылымның негізгі элементі «Көктөрек» ғарыштық байланыс орталығында орналасқан OneWeb байланыс станциясы болды, ол тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағын қамтиды.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев іс-шара барысында интернет жылдамдығын тексеріп, ел үшін тұрақты интернет байланысының маңыздылығын атап өтті. Ол жоғары жылдамдықты интернетке қосылу өмір сапасын жақсартып қана қоймай, шалғай аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететінін, сондай-ақ білім беру және ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететінін айтты.
«Jusan Mobile» АҚ Қазақстандағы Eutelsat-OneWeb жергілікті серіктесі болды және Қорғаныс министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ сияқты ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Спутниктік интернеттің әлеуетті клиенттері ретінде ірі компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар, соның ішінде Теңізшевройл, Kcell, Tele2, «Qazaqgaz» АҚ, ТЖМ және басқа ұйымдар қарастырылуда. Қазақстанда орналасқан Eutelsat-OneWeb спутниктік жүйелерін басқару орталығы ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген және елдің заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Спутниктік интернеттің толық іске қосылуы 2025 жылдың қаңтарына жоспарланған.