Интернет-издание о бизнесе, стартапах и IT-технологиях

Популярные теги:
Главная страница / Қазақстанның 100 стартап тарихы / Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

Мерекелік кеш немесе фотосессияға арналған орынды «дәстүрлі» жолмен іздеген кез келген адам «нарықтың азабы» неде екенін біледі. Таныстарға қоңырау шалу, хабарландыруларды бақылау, кездесу, барып көру және аванс беру. Интернетте бәрі қолжетімді болса да, бір орынды іздеу бірнеше сағат немесе тіпті бірнеше күн уақыт алуы мүмкін. Бірақ Squares.kz пайда болғаннан кейін бәрі өзгерді. Енді кез келген іс-шараны өткізуге арналған мыңдаған коммерциялық үй-жай бір платформаға біріктірілген. Арнайы орын іздеп, брондау 20-30 минуттан аспайды. Squares.kz стартабының негізін салушылар Қасым Қабылғали мен Даниил Мацкевич Er10.media-ға жобаның қалай пайда болғанын, неге әлемдік нарыққа шықпайтынын және платформаның жаңа нұсқасы қандай жаңалық әкелгенін айтып берді.

Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл - Er10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

Ыңғайлы платформа

– Маған клиент деп қарап, неге сіздердің платформаңызға кіруім керек екенін түсіндіріп беріңізші? Неге мен жай интернеттен қарап, достарымнан сұрай салмауым керек?

– (Қасым) Ең басты ерекшелігіміз платформамыздың қарапайым болуында. Біздің платформада қалауыңызды дәлірек табуға болады. Атап айтқанда, онда іс-шара түрін, қалаған орынды және қонақтар санын енгізуге болатын сүзгі жүйесі бар. Жүйе өзіңізге ең қолайлы орындарды ұсынады. Сол парақшаларға өту арқылы нысан туралы толық ақпарат ала аласыз, фотосы мен жабдықтарын көресіз, ыңғайлы немесе қолайлы емес екенін бағалайсыз. Сонымен қатар орынды брондап, 50% немесе 100% төлем жасап қоя аласыз. Ал біздің серіктес брондау туралы хабарламаны және төлемді растауды дереу көреді. Осыдан кейін клиент өзінің мерекесі үшін қосымша қызметтерді таңдайды - тағамдар, фото және тағы басқа. Біздің тәжірибемізге сай, осы бүкіл процесс 5-10 минуттан аспайды.

– Қандай қиындықтарға тап болдыңыздар және оларды қалай шештіңіздер?

– (Даниил) Жалпы біздің оқиғамыз да кәдімгі стартаптың басынан өткеретін жағдайларындай болып шықты. Алғашында жобаны 7-8 айда аяқтауды жоспарлаған едік, бірақ оны жүзеге асыру екі есеге жуық уақытты алды. Шынында стартапты жасау біздің ең үлкен ауыртпалығымыз болды. Себебі стартап жасауда тәжірибесі жоқ адам оның даму үдерісін толық көрмейді. Бірақ қазір қарасақ, екі бағдарламашы болып жобаны жасап шығуға болатын сияқты. Өйткені осы 4 жылда біз біраз қатеге ұрындық. Бірақ қазірдің өзінде біз үлкен тәжірибе жинадық, команда жидық, бәрі қалай жұмыс істейтінін түсіндік. Енді болашақта бұрынғы қателерді қайталамаймыз деп үміттенемін.

Нарықтың азабынан стартап ашуға дейін

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

 – Бизнесмен болу және стартап ашу идеясы қалай туды? Идея зерттеу жасау арқылы табылды ма әлде бұл нарықтың қажеттігі болды ма?

 – (Қасым) Бәрі Италияда басталды. Мен онда бизнесті, ал Даниил Мацкевич маркетингті оқыдық. 4-курста жұмыс істей бастадық. Даниил жергілікті жарнама агенттігіне жұмысқа тұрды. Ал мені DayBreakHotels.com стартабы шақырды. Содан кейін пандемия басталып, бәріміз үйге қамалдық. 2020 жылдың тамыз айында жұмыс берушіммен келісіп, қашықтан жұмыс істеу үшін Қазақстанға оралдым. Даниил де Алматыға қайтып, ірі маркетингтік агенттікте креатив директор болып жұмыс істей бастады.
– (Даниил) 2020 жылдың желтоқсанында мен Қасымға мерекелік шаралар өткізу, біржерде түсірілім ұйымдастыру қаншалықты қиын екенін айттым. Қолайлы орынды табу үшін біздің бүкіл бөлім күні бойы интернет ақтаруға, түрлі адамға қоңырау шалуға, мекенжайға барып, келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Миымызды қозғап, кішкене әңгіме айтқаннан кейін біз «неге Қазақстанда әлі ешкім түсірілімге арналған орындарды іздеп, жалға алатын платформаны жасамаған?» деп ойладық. Бастапқыда біз фотографтар мен видеооператорларға, фотостудияларға, продакшндарға көмектескіміз келді.

– (Қасым) 2021 жылдың қаңтарында платформаны әзірлеп, MVP құруды бастадық. Даниил техникалық бөлікке жауапты болды, мен серіктес студияларды іздей бастадым. Аз уақытта Алматының 120-ға жуық пунктін қостым. Осылайша стартапты 2021 жылғы мамырда іске қостық.


– Қызметтер мен әлеуетті клиенттердің
қатарын қай кезде көбейту керек деп шештіңіздер?

– (Қасым) Мұндай идеялар даму барысында пайда болды. Себебі таңдаған нарығымыз бәсекесіз әрі үлкен екенін түсіне бастадық. Компаниялар мен жеке тұлғаларға конференциялар, кездесулер, мерекелер және тағы басқа өткізу үшін орын қажет. Сол үшін платформаны іске қоса сала бизнес орындарды белсенді түрде енгізе бастадық. Үш айда жақсы нәтиже көрсеттік, бірақ ақшамыз таусыла бастады.

– Шығыныңызды есептей алмадыңыздар ба? Сонымен бұл мәселені қалай шештіңіздер?

– (Қасым) Біздің жинағымыздың негізгі бөлігі криптовалютаға салынды. Бірақ ол кезде ол айтарлықтай төмендеп кеткен еді. Ертегі аяқталып, ақша жинаудың уақыты келгенін түсіндік. Инвестиция тартуда тәжірибеміз болмағанына қарамастан, үш аптада Shanyrak VC бизнес клубынан $100 мың көлемінде раунд тарта алдық.

– (Даниил) Ол кезде біз Алматыны игеріп те қойған едік. Басқа қалаларды да қамтитын уақыт келді. Сондықтан бұл ақшаны бүкіл Қазақстан бойынша Squares.kz платформасын кеңейтуге салдық. Осылай 17 қаланы жылдам қостық. Негізгі қозғаушы күш Алматыда екен, шығармашыл орта мұнда белсенді. Ал Астанада азырақ. Облыстар мен аймақтарда біздің қызметке сұраныс төмен болды.

Сәтсіздіктер сәттілікке айналды

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

 – Осы сәтсіздіктен соң түңіліп қалмадыңыздар ма?

 – (Қасым) Жоқ! Ең бастысы, біз объектілерді қашықтан қосу механизмін сынақтан өткізіп, үлкен тәжірибе жинадық. Осындай жүкпен БАӘ нарығына шығамыз деп шешім қабылдадық. Табысқа жететінімізге сеніп, нарыққа зерттеу жүргізіп, Абу-Даби мен Дубайдағы 200-ге жуық жылжымайтын мүлікті біріктірдік. Бірақ 1-2 айдан кейін БАӘ-де іс жүзінде ешқандай перспектива жоқ екенін түсіндік. Орташа есепшот Алматыдағыдан сәл төмен болды. Ал маркетинг жұмыстарына 10 есе көп ақша жұмсауға тура келді. Шамамен бұл іске 5 мың доллар жұмсап, ол нарықта дамудың қажеті жоқ екенін түсініп, қызметімізді қысқарттық.


– (Даниил) Шамамен сол уақытта өніміміздің кемшілігі бар екенін түсіндік. Клиент әрекеттерін және сайттағы жұмыстың біраз бөлігін автоматтандырсақ болады екен. Солай платформаны жақсартуға кірісіп кеттік. Осы мақсатта инвестицияның екінші кезеңін іске қостық және оған 120 мың доллар жинадық. Оны жаңа өнім дайындауға ғана жұмсадық. Шынында бұл - нөлден жасалған, мүлдем жаңа платформа. Мұнда көп процесті автоматтандырып қана қоймай, мүлдем жаңа функциялар мен мүмкіндіктер қоса алдық. Қазір конференция, түсірілім және кез келген іс-шараны ұйымдастыруға арналған толық экожүйе бар. Бұл клиенттер мен меншік иелері үшін пайдалы.


– Платформаның ескі және жаңа нұсқаларының айырмашылығы неде?

– (Қасым) Айтқанымыздай платформа автоматизацияланды. Өзгеріс іздеу мен брондаудан бастап, платформаға жаңа орындарды қосуға дейін бәріне қатысты болды. Әрі қарай экожүйеге мерекелік шараға көмектесетін адамдарды қостық. Олар ұйымдастыру агенттіктері, қоғамдық тамақтандыру орындары, фотографтар және басқалар. Яғни адам біз арқылы орынды брондап, сонымен қатар осы жерден қосымша қызметтерге тапсырыс бере алады. Оған қоса біз Squares Pass деп аталатын жаңа өнімімізді де қосып қойдық. Бұл - қаланың кез келген жерінде, соның ішінде коворкингтер, кафелер, кітапханаларда және басқа жерлерде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін абонемент.


Сонда платформаға басқа монетизация үлгісін қостыңыздар ма?

 – (Қасым) Иә, біздің жетекші бизнес-модель комиссияға негізделген. Енді бізде 1Fit-ке ұқсас жаңа монетизациялы жазылым схемасы бар.

 – Платформаның жаңа нұсқасы жұмыс істеп жатыр ма?

 – (Қасым) Иә, кез келген адам біздің сайтқа кіріп, платформамыздың жаңа нұсқасын қолданып көре алады. Сонымен қатар оны App Store және Play Market-тен жүктей алады.

Ықылассыз серіктестер мен қанағаттанбайтын клиенттер

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

– Қанағаттанбайтын тұтынушылармен арадағы мәселені қалай шешесіздер?

– (Қасым) Адам платформа арқылы орын таңдап, сол жерге барды делік. Бірақ оған бірдеңе ұнамай қалды. Бұл жағдайда ол тапсырысынан бас тартып, ақшасын қайтара алады. Әр жалға алудың күшін жою-жоймау туралы ережелер сайтта көрсетілген.

Егер клиент іс-шара өткізіп, бірдеңені ұнатпаса, келіссөзде делдал боламыз. Әдетте, жағдайдың көбін тыныш шешуге болады. Ал ғимарат иелеріне жағымсыз пікір керек емес.

– Клиент нашар пікір қалдырса, не болады?

– (Қасым) Ең алғашқы жағымсыз пікір жазылған кезде ғимараттың рейтингі төмендейді. Ол тізімнің ортасына қарай түседі. Екінші кезеңде ол ең соңғы орынға жайғасады. Үшінші этапта ол орын платформадан өшіріледі. Негізінде біздің жағдайда бұл жолға түсіп қалған екі ғана орын болды.

– Серіктестеріңіз үшін қандай да бір жауапкершілік көтересіз бе?

– (Қасым) Негізі, жоқ. Біз - жай ғана орындарды біріктіретін және тұтынушыларды тартатын платформамыз. Бірақ жақсы беделді сақтап қалуға мүдделіміз. Егер көңілі толмаған тұтынушыларымыз болса, олар платформаны пайдалануды тоқтатады. Сондықтан серіктестеріміздің орналасқан жері клиенттердің талабы мен үмітін барынша қанағаттандырғанын қадағалаймыз.

– БАӘ нарығына шығудағы жағымсыз тәжірибеңіз жобаны ауқымды ету жоспарларыңызға әсер етті ме?

– (Қасым) Иә, сыртқы нарыққа шықпас бұрын неғұрлым ауқымды әрі мұқият зерттеу жүргізу керек екенін түсіндік. Сонымен қатар мықты стратегиялық серіктестің қолдауына ие болу керек екен. Оған қоса біз дамудың осы сатысында Орталық Азия мен Кавказдың таныс нарықтарында күшті жергілікті бренд болғымыз келеді деп шештік. Олар: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Армения және Әзірбайжан. Егер осы елдерге шыға алсақ, бізге сол жетеді. Күшті бәсеке бар әрі таныс емес нарықтарға шыққымыз келмейді. Оған дайын да емеспіз. Бұл тәуір шығынымен қауіпті.


– Демек әлемдік компания болғыларыңыз келмей ме?

– Әзірге біз қазіргі орнымызда өзімізді жайлы сезінеміз және ірі әлемдік нарықтарға шығуға дайын емеспіз.

– Google for Startups акселераторына қатысудан қандай әсер алдыңыз?

– 2023 жылы Astana Hub Google for Startups компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған Silkway Accelerator бағдарламасының 3-партиясына қатыстық және ол 12 апта өте қарқынды өтті. Трекерлердің жетекшілігімен алға қойған мақсатымызға жету үшін жұмыс істедік. Astana Hub семинарлары ерекше есте қалды. Шақырылған тәлімгерлер маркетингтен қаржыға дейін әртүрлі тақырып бойынша білімін берді. Сессиялар біздің дамуымыз үшін керемет пайдалы болды.
Өкінішке қарай, біз демо-күнге қатыса алмадық. Өйткені ол кезде 500 Global бағдарламасына қатысу үшін Грузияда болдық. Бірақ жалпы алғанда Silkway Accelerator бағдарламасы бізге өте жақсы әсер қалдырды. Стартаптарға мұндай бағдарламаларға қатысқан тиімді.

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді


– Статистикаға тоқталсақ. Стартабыңыздың жетістігі туралы айтып беріңізші?

– (Даниил) Қазір платформа Қазақстан мен Грузияда 2 мыңнан астам орынды жинады. Бүгінде Қазақстанда мыңнан астам нысан, Тбилиси мен Батумиде тағы 250-ден астам ғимарат қосылған. Осы күнге дейін біздің пайдаланушылар 15 000+ брондау жасады. Ал сол орындарда 100 мыңнан астам адам қатысқан шаралар өтті.

– Жалпы қанша инвестиция тарта алдыңыз?

– (Қасым) Барлығы 3 раунд болды. Оның екеуі Қазақстанда, біреуі Грузияда. Нәтижесінде 320 мың доллар жинадық.
– Бұл сома сіздерге жеткілікті болды ма?

– (Қасым) Біздің стартап қаржы жағынан оң статусқа жетіп қойған. Кейінгі бір жарым жыл ақша тауып жүрміз, яғни дамуға қаражат беріп, инвесторларды тартатын қалыптасқан бизнес бар. Мұндай жағдайымыз жаңа өнім әзірлеуге көңіл бөлуге мүмкіндік берді. Негізгі бизнес жұмыс істейді және табысты. Сондықтан біз одан әрі стратегиялы түрде дамуға назар қоя алдық.
– Қазақстанда немесе әлемде бәсекелестеріңіз бар ма?

– (Қасым) Қазақстанда бірен-cаран бәсекелестеріміз бар. Олар - әдетте Olx немесе Крыша сияқты хабарландыру платформалары. Біздің серіктестер өздерінің жалға беру қызметтерін сонда жарнамалай алады. Бірақ бұл - ескірген модель. Адам телефон соғып, келісіп, WhatsApp арқылы фото жіберіп, кездесіп, ақша беруі керек. Дүниежүзінде осыған ұқсас стартаптар бар. Осылайша, Peerspace стартабы АҚШ, Канада және Ұлыбританияда сәтті дамып келеді. Оларға бұл нарықта жайлы және кәсібін одан әрі дамытуға ұмтылмайды. БАӘ мен Сауд Арабиясында бәсекелестер бар.


Өмір бойғы миссия

– Стартабыңыздың миссиясы қандай?

– (Қасим) Күн сайын клиенттеріміз үшін бірнәрсе жасап, жұмыс істеуге, адамдармен кездесуге көмектесу. Оларды жаңа биіктерге жетуге және өздерінің ең өзгеше идеяларын жүзеге асыруға шабыттандыру.

Қазақстандық Squares.kz стартабы БАӘ нарығынан бас тартты және ол әлемдік компания болғысы келмейді

– Стартабыңыздың болашағын, мысалы, 5 жылдан кейін қалай елестетесіз?

– (Қасым) Біз Squares-ті Орталық Азия, Кавказ және Түркия өңірлеріндегі индустрияның көшбасшысы және ең күшті ойыншысы ретінде көреміз. Үлкен мақсатымыз – қолма-қол ақша табуды жалғастыру және жылына $10 миллион табысқа жету. Біз үшін бұл жай ғана сандар емес. Біз оған өз миссиямызды жүзеге асыру үшін ғана емес, Squares жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнестің өсуіне арқау болсын деп ұмтылып отырмыз. Әр жердегі 10 000 локация біздің платформамыз арқылы креативті дамытып, корпоративтік шығармашылықты жандандырып келеді. Адамдарды бір-бірімен байланыстырып, экожүйедегі барлық адам үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Кәсіпкерлерге жаңа нарық табуға көмектесу, ресурстарға қол жеткізуді жеңілдету және олардың дамуына қолдау көрсету арқылы біз аймақтың экономикалық өсуіне айтарлықтай үлес қосамыз деп ойлаймыз.


Біз Орталық Азиядағы, Кавказдағы және Түркиядағы әр қалада Squares қолдайтын белсенді әрі күшті бизнес-қоғамдастығы бар болашақты елестетеміз. Біздің жетістігіміз тек қаржылай көрсеткіштермен ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, инновацияларды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту арқылы аймақ экономикасын қаншалықты ынталандыра алатынымызбен де өлшенеді. Squares жай платформа емес, адамдарға өз әлеуетін және армандарын жүзеге асыруға көмектесетін маңызды әлеуметтік және экономикалық институтқа айналады деп сенеміз.

– Мінезіңізді қай спорт түрімен байланыстырасыз?

– Теннис менің бизнесті қалай қабылдайтынымды жақсы көрсетеді. Теннисте қарсыласыңыздың соққыларын әрдайым өз жағыңызға аласыз. Сонымен бірге мұнда оларға физикалық және тактикалық тұрғыдан сауатты жауап беру маңызды. Бизнестегі қиындықтар - сізге келетін соққылар. Бұл жерде тойтаруға дайын болу ғана емес, соққының қай бағытта келетінін болжау маңызды. Бизнестегі жетістік теннис сияқты. Ол соққыны қайтару, ұпайды жеңу, сетте және бүкіл матчта жеңіске жету үшін ойыңыздағы жоспарды жылдам ойластыру қабілетін талап етеді.

Поделиться статьей в соц. сетях

Share on telegram
Share on twitter
Share on facebook
Share on whatsapp

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *