Цифрландыру уақыты келсе де, кейбір кәсіпкерлер мен қызметкерлер жаңа дәуірді толық қабылдамай жүр. Олар бизнесін әлі де қолмен жүргізіп, я жаңа технологияларды қабылдамайды я оларды сатып алуға шамасы келмейді. ZIZ INC стартабы мұны ең шағын бизнестен бастап мемлекет меншігіне дейінгі кез келген кәсіпорынның талғамы мен бюджетіне сай келетін қорапты шешімдер жасау арқылы түзейміз деп отыр. ZIZ INC негізін қалаған Абылай Жүсіпбек ел азаматтары метағаламда ЖИ-мен қалай байланысуы керек екенін және қазіргі уақытта кәсіпкер қандай қиындыққа тап болатынын айтты.
Қазақстандық стартаптар қозғалысы қалай дамып жатқанын «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасынан бақылаңыз. Бұл — ER10 Media редакциясы мен Astana Hub-тың бірлескен жобасы. Біз еліміздегі стартаптардың жетістігін айтып, ең қызық жобаларды көрсетеміз. Кейіпкерлер арасында Astana Hub мүшелері, басқа инновациялық және технологиялық өнімдер мен қызметтер бар. Барлық материал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады.
IT маманы қалай кәсіпкерге айналды?
— Стартап бастағанға дейін немен айналыстыңыз?
— Студент кезімде-ақ IT саласына, кәсіпке қызыға бастадым. Достарыммен бірге OLX сайтына сайт жасаймыз деп хабарландыру бергеніміз есімде — алғашқы тапсырысымыз осылай басталды. Хабарландыруға Астанадан детальдық орталық иесі жауап берді де, біз сол кісі үшін толық коммерциялық жобаны бірінші рет жасадық. Бұл — шамамен 40-50 мың теңге тұратын көп бетті сайт болатын. 20 мың теңге аванс алдық, жоба аяқталғаннан кейін қалған төлемді берді. Бастапқыда клиенттің тапсырысы қарапайым лендинг жасау ғана болды, бірақ біз ол күткеннен де асып түстік: графикалық элементтері және көптеген жақсы ойластырылған бөлшегі бар толық сайт жасап шықтық. Сөйтіп, нарықта сайт жасауға сұраныс болатынына және бизнеске шын пайда әкелетінімізге сенімді бола бастадық.
Алайда менің IT және кәсіпкерлікке деген қызығушылығым әлдеқайда ерте басталған. Бесінші сыныпта үйде тұрақты интернет болған кезде UCoz және Data Life сияқты конструкторлар мен қозғалтқыштар қолданып сайт жасауға қызыға бастадым. Жаңалық порталдарын жасадым, оларды тіпті жарнамалық желілер арқылы монетизациялай алдым, содан кейін дайын жобаларды саттым. Солармен қатар GTA және CS1.6 үшін ойын серверлерін орнаттым. Осының бәрі IT саласында жұмыс істеген алғашқы тәжірибем және кәсіпкерліктегі алғашқы қадамым болды.
Университетте оқып жүргенде әртүрлі саланы байқап көріп жүрдім. Төртінші курста тіпті ZIZ офлайн супермаркетін іске қосып, цифрландыру элементтерін енгізуге тырыстық: азық-түлік маркетплейсін әзірледік және процестерді автоматтандырып көрдік. Бұл тәжірибе маған технология бизнесті оңтайландырып, дамыту үшін қаншалық маңызды әрі сұранысы бар екенін көрсетті.
Университетті бітіргеннен кейін IT саласына көңіл бөлемін деп шештім. Біз заңды тұлға деп тіркеліп, IT консалтингімен айналысып, уақыт өте келе тендерлерге қатыса бастадық. Бұл бизнесімізді өсіріп, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары қорапты шешім жасау, процестерді автоматтандыру, клиенттеріміз үшін жасанды интеллект енгізу арқылы тұрақты өсуге мүмкіндік беретін оңтайлы бизнес үлгісін таптық.
— Стартаптың негізгі жұмысы қандай?
— ZIZ INC — IT-сервис компаниясы, бірақ көптеген IT-компания сияқты процестерді автоматтандыруға және оңтайландыруға ұмтыламыз. Бұл бізге бизнестің нақты қажеттігіне бейімделген жеке қорапты және жартылай қорапты шешім жасауға әкелді. Осы жылдар ішінде айтарлықтай тәжірибе мен көптеген дайын шешім жинақтадық: метағалам, орталықтандырылмаған қолданбалар, жасанды интеллекті бар платформалар. Өнімдеріміздің бірегейлігі олардың жылдам интеграциялануында және бағасы қалта көтеретінінде болып тұр. Жиған тәжірибе арқасында бәсекелестеріміз оларды басынан бастап жасағаннан құны айтарлықтай төмен шешімдер ұсынамыз.
Қораптағы өнімдер тұтынушылардың қажеттігіне қарай оңай бейімделеді және оларға күнделікті процестерді автоматтандыруға, тиімділікті арттыруға, шығынды азайтуға көмектеседі. Мысалы, Enbek еңбек ресурстары орталығы үшін жасанды интеллектісі бар толық платформаны бар болғаны бір жарым ай ішінде әзірледік. Бұл жоба дайын технологияларымыз бен икемді көзқарасымыз мәселелерді тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретінінің үлгісі болды.
Арзан әрі сапалы
— Стартаптың техникалық құрамдас бөлігі туралы айтып беріңізші.
— Командамыздың ақпараттық жүйелерді әзірлеу және біріктіру бойынша тәжірибесі мол. Бұл бізге шешімдерді тұтынушылардың кез келген сұрауына бейімдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, ZAI платформасы мен біз әзірлеген ЖИ-шешімдер ең озық технологияларға және Python, Java, React стектеріне машиналық оқыту мен үлкен деректерді талдау арқылы негізделген. Тапсырыс беруші жергілікті Gemini немесе LLaMA сияқты басқа модельмен жұмыс істеу қажет десе, бұл жүйелерді оңай біріктіреміз де, оларды іскерлік қажеттіктерге сай етіп үйретіп, баптаймыз. Біз архитектураны аяқтай аламыз, үлгіні жаттықтырамыз немесе бірегей сценарий үшін реттелетін шешім жасай аламыз. Бұл тәсіл тұтынушылардың талаптарына сәйкес келетін ауқымды және икемді өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
— Командаңызда қанша адам бар?
— Командада 20-дан астам маман бар, олардың көбі — әзірлеушілер. Қызметкерлер ауыса бермейтінін мақтанып айта аламыз. Бұл біз тапсырыстарды орындап қана қоймай, бізді шабыттандыратын аса қызық әрі күрделі тапсырмалармен жұмыс істейтінімізден деп ойлаймын.
Тоқсан сайын орындалатын нақты миссиямыз бен жоспарымыз бар. Ұжымыммен бірге өсіп келеміз: бірнеше жыл бірге істеген мамандар әлі келе жатыр. Осы уақыт ішінде олардың білімі мен кәсіби деңгейі айтарлықтай артты. Жұмысты жеке дамитын ортаға айналдырдық, соның арқасында мықты әрі ынталы команда қалыптасады.
— Нарықтың жетпей тұрған тұсын қалай түсіндіңіздер?
— Бақылап жүргеніміз бен жылдар бойы жиған тәжірибеміздің арқасында нарықтың қажетін түсіндік. Осы уақыт ішінде шағын, орта және ірі бизнеске, мемлекеттік ұйымдарға арналған жүзден астам әртүрлі ақпараттық жүйе, қолданба мен платформа әзірлеп бердік.
Күн сайын компаниялар өз саласындағы типтік проблемаларды айтып хабарласады. Уақыт өте келе белгілі бір заңдылықтарды байқай бастадық. Бұл қайталанатын сұраулар бізге көптеген ұйым тап болатын ортақ ауыртпалықты көрсетті. Мысалы, процестерді автоматтандыру кезінде қиындыққа тап болады, ыңғайлы басқару құралдары жоқ немесе жаңа технологияларды біріктіру қымбат тұрады. Осы тәжірибені негізге алып, осы проблемаларды тиімді шешетін және бизнес үшін оларды енгізу құнын төмендететін шешім жасадық.
Шешімдеріміздің әрқайсы көпжылдық тәжірибенің және тұтынушылардың қажеттігін терең түсінгеннің нәтижесі болып отыр. Бұл бізге шынымен іске асатын, бизнестің өсуіне көмектесетін және күнделікті тапсырмаларды жеңілдететін өнімдер жасауға мүмкіндік береді.
Бизнес жұмысын жеңілдету
— Сіздерден көбіне қандай көмек сұрайды?
— Бізге әртүрлі саладан орта және ірі компаниялар — ретейл, зауыттар, медицина мекемелері, мемлекеттік органдар мен көлік компаниялары хабарласады. Негізгі сұраныстар автоматтандыруға, процестер құнын азайтуға және олардың ашықтығын арттыруға қатысты.
Мысалы, біз өндірістік компанияға сметалар мен коммерциялық ұсыныстарды дайындауға кететін уақытты бірнеше күннен бір сағатқа қысқартуға көмектестік. Ірі ретейл үшін қызметкерлерді бейімдеу мен оқытуды, соның ішінде демалыс ақысын есептеуді және кері байланыс алуды автоматтандыратын HRM жүйесі әзірленді. Тасымалдау секторында көптеген процесті автоматтандыратын, логистиканы ашық етіп, шығынды айтарлықтай азайтуға көмектесетін жүк жөнелтуді қадағалайтын шешім енгіздік.
— Сіздердің миссияңыз қандай?
— Біздің миссиямыз – бизнес пен халық процестерді автоматтандыра алу, цифрландыра алу арқылы Қазақстанның IT-экожүйесін дамытуға үлес қосу. Шешімдеріміз мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар жұмысын жеңілдетуге, процестерді оңтайландыруға және өсуге көмектессе дейміз.
Бизнес үшін операцияларды жеңілдететін, дамуға атсалысатын қорапты шешімдер әзірлейміз. Стартаптарды да дамытып, оларды халықаралық нарыққа шығаруға болатын тәуелсіз өнімге айналдырамыз.
Алдаға экспорт кірісін ұлғайту, сол арқылы президенттің Қазақстанда IT-экспортты дамыту тапсырмасын жүзеге асыруды қолдаймыз деген міндетін қойдық. Заманауи технологияларды енгізу арқылы өнімдерімізді ел ішінде де, шетелде де пайдалы етуге ұмтыламыз.
— Осы жолда қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
— Әуелде IT саласы мен компанияны іске қосу дегеннің бәрін түсініп тұрғандай болдық: бизнес ашу, жобаларды іске қосып, жүзеге асыру еш қиындық тудырмады. Дегенмен ең үлкен қиындықтардың бірі стартап кеңейіп жатқанда болды. 3-5 адамнан тұратын команда 10-15-ке жеткенде, қызметкерлер мен жобаны басқаруға қатысты жұмыста тығырыққа тірелдік.
Басқару дағдыларыңыз жеткіліксіз болса, бұл күрделі мәселеге айналады. Мұндай жағдайда ең жақсы шешім — сондай тәжірибесі бар адамдарды тарту. Мен алған ең үлкен сабақ — жобаларды басқару, маркетинг, сату және дамыту салаларына ылғи өзіңнен ақылды адамдарды жалдау. Бұл ағымдағы кез келген мәселені шешуге және нәтижелі алға жылжуға мүмкіндік береді.
— Басқа да нарықтарға шығуды жоспарлап отырсыздар ма?
— Оңтүстік Кореяның, Орталық Азияның және басқа да аймақтардың IT-компанияларымен белсенді жұмыс істейміз. Қазірдің өзінде халықаралық нарықтарға шығу стратегиясы бар. 2024 жылы БАӘ, Оңтүстік Корея және Қытайдан келген клиенттермен оффлайн сатылымдарды сынақтан өткіздік. Дегенмен жаһандық мақсатымыз – әуелі Қазақстандағы позициямызды нығайту, нарықтан үлес алу және халықаралық нарықтарға сенімді шығу үшін барлық ішкі процесті жақсарту.
— Қалай ақша тауып жүрсіздер?
— Ақпараттық жүйелер мен автоматтандыруды тапсырыс бойынша реттеп әзірлеу ақша тұрады. Мұндай жобалардың орташа ақысы — 3-7 миллион теңге. Біз шешімдерді енгізу үшін белгіленген ақы аламыз, содан кейін реттеу үшін қосымша ақы аламыз. Бизнесте маржа жоба қаншалық күрделі екеніне және тапсырма ауқымына байланысты 20-дан 50%-ке дейін болады.
Табыстың 400%-ға өсуі
— Инвестиция тарттыңыздар ма?
— MOST Business Intelligence ұсынған кейінгі IRA акселераторында мықты трекшен көрсеттік: табыс бір жылда 4 есе өсті, команда үш есе көбейді, орташа ақы айтарлықтай артты. Өсіп, кеңею үшін пайданы белсенді түрде қайта инвестициялап отырмыз. Бизнестегі үлесті алған стратегиялық IT-серіктесіміз де бар. Онымен бірге осы саладағы позициямызды сенімді түрде дамытып, нығайтып келеміз.
— Келер жылға қойған мақсатыңыз қандай?
— Платформадағы ЖИ-шешімдерін автоматтандыру, бөлек өнім жасау және кеңею.
«Тоқтап қалмайтынымыз анық»
— Стартап бірнеше жылдан кейін қандай болады деп ойлайыз?
— Стартап саласының ең ірісі болуға болады, бірақ жаңа технологиялар мен тенденциялар қосылған сайын сөзсіз пивот болады деп ойлаймын. Біз оларды я енгіземіз я бағытты тиімдірек және өзекті жаққа өзгертеміз. Осы бағытты сақтаймыз ба, жоқ па, әзірше дөп басып айту қиын. Дегенмен тоқтап қалмайтынымыз анық.
— Қазақстандағы қазіргі бизнеске қандай технологиялық шешімдер жетіспейді?
— Заманауи шешімдер жасауға және оларды жүзеге асыру кірістің артуына, бизнес ауқымын кеңейтуге әкелетінін және бәсекелестерді басып озуға болатынын түсінген компаниялар ғана ондай шешімдерге ұмтылады. Технологияға сенбейтіндер не орнынан жылжымайды, не орнын жоғалтады. Технология компанияның өсуіне қалай көмектесетіні туралы білімді арттыру қажет.
— Технологиялық шешімдер Қазақстанда көп қолданылуы үшін не істеу керек?
— Шағын ұйымдар үшін шешімдер әзірлеу қымбатқа түседі. Шешім — стартаптар мен қалта көтеретін шешімдерді көптеп жасау. Қазақстанда стартап экожүйесі және оны арзан шешімдері арқасында цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Мақсатымыз — бұл қызметтерді бәріне, соның ішінде жеке тұлғаларға және шағын бизнеске қолжетімді ету.
— Елімізде цифрлық сауатты қалай арттыруға болады?
— Супер қолданбалар мен электрон үкімет арқасында Қазақстандағы цифрлық сауат қазірдің өзінде жаман емес. Кейінгі бес жылда осы саладағы субсидиялар арқасында IT нарығы да өсті. IT-бизнес саласында енді қызметкерлер тапшы емес, бірақ әлі де білікті маман аз. Олардың қарасы көбейсе, цифрлық сауат та артады.
— Стартабыңызды өсіру үшін өзіңізді қалай дамытасыз?
— Бірде-бір IT іс-шарасын немесе форумды өткізіп алмаймын. Ол жерлерде сарапшы ретінде сөйлеп әрі білігімді үнемі арттырып отырамын. Менеджерлерге арналған курстар өтемін, ал техникалық директорлар, маркетологтар және сату менеджерлері өз салаларында курстардан өтеді. Қазақстанда көптеген әртүрлі акселерация бағдарламасы бар, олар да тәжірибені молайтуға мүмкіндік береді.
— Қандай акселерациялық бағдарламалардан өттіңіз?
— Кейінгі уақытта командамызбен мынадай акселерациялық бағдарламардан өттік:
1. IT-компанияларға өз қызметтерін шетелде сатуға көмектесетін Astana Hub-тың Global Outsourcer-і.
2. Инвестиция тарту бойынша жоба дайындайтын MOST Business Intelligence компаниясының IRA-і.
3. Қаланы цифрландыруға бағытталған Astana Hub-тың Astana Smart City Accelerator-ы.
4. Стартаптарды масштабтауға бағытталған Териконова алқабының GROWTHHACK-і.
Барлық бағдарлама бірге тәжірибеңізді жақсартуға, қажет құзыреттер үйренуге және әрекет пен өсуге көшуге көмектеседі.
— Стартаптардың метағаламы қалай құрылған?
— Бұл — адамдар мен кәсіпорындар бизнестерін жариялай алатын, реттелетін орындарды жасай алатын және іс-шаралар өткізе алатын кросс-платформалық метағалам. Біз Республикалық партиямен, Халықаралық ақпарат комитетімен және әртүрлі мемлекеттік және жеке ұйымдармен бірлесіп бірнеше іс-шара өткіздік. Гибридті форматтағы форумдар өткіздік, олар әсіресе пандемия кезінде танымал болды. Бұл іс-шараға шетел азаматтары қатысқысы келсе ыңғайлы. Метағаламда тек спикерлерді тыңдап қана қоймай, басқа қатысушылармен және жасанды интеллектпен сөйлесе аласыз.
Клиенттер өз кеңістігін, шағын ойын әзірлеуге немесе іс-шара өткіземін деген өтінішпен келеді. Содан кейін біз метағалам негізінде өз кеңістігімізді дамытамыз.
— Стартабыңыздың қай жетістігін мақтан тұтасыз?
— Кейінгі жылы осы саланың көшбасшысына айналдық, қарашада Astana Hub-тан еліміздің IT-экспортын дамытуға қосқан үлесіміз үшін марапат алдық. Сату нарығы, клиенттер мен бизнес үлгілері қазірдің өзінде әзірленіп қойған және жақсы пайда әкеліп жатыр. Енді кеңею кезеңі басталады.
— Стартабыңызды спорттың қай түріне ұқсатар едіңіз?
— IT-стартап — жүгіру марафонының бір түрі, онда тоқтамай мақсатқа ұмтыласың. Жолда шаршап, түрлі қиындыққа тап болуыңыз мүмкін. Содан кейін стартап дамуындағы белгілі бір кезеңдерден аман өту үшін екінші тыныс ашу маңызды.