Yandex Qazaqstan Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің студенттерінн, ҚР Зоология институты және Snow Leopard Foundation қорының мамандарынн біріктіріп, нейрожеліні қар барыстарын тануға үйретті. Ол барысты басқа жануарлардан ажыратып қана қоймай, әр барысты жеке тани алады. Бұл жоба ғалымдарға осынау ерекше қорғалатын жануарды зерттеп, көбейтую және қорғау әдісін табуға көмектеседі.
Нейрожеліні оқыту үшін Қазақстандағы табиғи ортада жүрген барыстардың фототұзаққа түскен мыңдаған фотосуреті қолданылды. Нейрожелі әр жеке барысты бойының биіктігі мен сирақтарының ұзындығы, түгінің көрінісі және басқа да ерекше белгілері бойынша ажырата алады. Нейрожелі бір сағаттың ішінде 8 миллион фотосуретке дейін өңдейді. Желінің көмегі арқылы мәліметтерді сараптау процесі жылдамдай түсті. Алдағы уақытта анықталатын жануардың санын көбейтіп, нейрожелі жұмысының дәлдігін 90-95 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.
Бұл шешім Yandex Cloud платформасында жүзеге асырылып отыр. Yandex Cloud сарапшылары нейрожелі моделін оқытуға қатысқан ҚБТУ ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің студенттеріне ментор болды.
Әр жануарды жеке ажырату – күрделі әрі маңызды жұмыс. Қар барысын сақтап қалу жобаларында түз тағысының саны мен таралу тығыздығы назарға алынбай жатады, сондықтан табиғатты қорғауға қатысты дұрыс басым бағыттарды анықтау қиын. Былайша айтқанда, нақты мәліметтер болмаса, аңдарды қорғау шараларының тиімділігі төмен болуы мүмкін
дейді ҚР Зоология институты жанындағы қар барысы мониторингі орталығының жетекшісі және Snow Leopard Foundation қорының атқарушы директоры Алексей Грачёв.
Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда қазіргі таңда шамамен 190 барыс тіршілік етеді, ал 1990-жылдардың басында олардың саны небәрі 100 болатын. Қар барысын сақтап қалып, санын көбейту үшін алдымен оларды мұқият зерттеу қажет: тіршілік ету ортасын бақылап, жекелеген барыстар қайда және не үшін жүретінін, немен қоректеніп, қалай төлдейтінін білу керек. Мұның барлығын жүзеге асыру үшін жануарлардың фотосуреттеріне қол жеткізумен қатар әр барысты жеке ажырату да маңызды.
Мысалы, жақында ғана осы жобаны жүзеге асыру барысында біз «Алтын Емел» ұлттық паркінің аумағынан бұрын байқалмаған 20 барысты анықтадық. Бұл табысымызға мақтана аламыз, себебі барыстардың бұл популяциясын жақсырақ сақтауға мүмкіндік туып отыр. Бұл жоба қар барысын зерттеумен айналысатын халықаралық қоғамдастық үшін де аса маңызды саналады
деп жалғастырады Алексей Грачёв.
Ғылыми-зерттеу және әлеуметтік жобаларды қолдау да Yandex Cloud мақсатына жатады. Қар барыстарын жеке тану жобасы осы бағытқа сай келеді және заманауи технологиялардың нақты өмірде қалай көмектесетінін көрсетеді. Жануарларды немесе кез келген топырақ, су, ауа сияқты экожүйені зерттейтін басқа командалар да мұндай нейрожеліні қолдана алады. Біз әріптестікке, сараптамаларды бөлісіп, ғылыми қауымдастыққа есептеу қуаттылығымен, құралдармен және технологиялармен көмектесуге дайынбыз
дейді Yandex Cloud экологиялық жобалар бағытының жетекшісі Евгений Хохлунов.
Біз ҚБТУ студенттеріне қолданбалы білімнің маңызы және оны қоғам пайдасына қолдану туралы үйретеміз. Ал бұл жоба ML-технологиялардың жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге қалай көмектесетінін көрсетіп отыр. Студенттеріміздің осы жобаға қатысып жатқанына қуаныштымыз. ҚБТУ студенттерінің бойында осындай жобаларға қажет техникалық машықтар ғана емес, «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау бойынша әлеуметтік жауапкершілік те бар
дейді ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин.
Қар барысы – Қазақстан Республикасының ұлттық символы. Ол Алматы қаласының таңбасында, Қазақстан тәуелсіздігі монументіндегі Алтын адамның ескерткішінде бейнеленген. 2013 жылы қар барысын сақтау бойынша Дүниежүзілік форумға қатысқан 12 мемлекет – арасында Қазақстан да бар – осы жануарды сақтап қалу бойынша жаһандық стратегияны қабылдады.