ForteBank бизнеске арналған интернет-банкингте цифрлық теңгемен жасалатын операцияларды іске қосты. ForteBusiness жүйесінде цифрлық теңге шотын ашуға, қалдық пен үзінді көшірмелерді қарауға, цифрлық теңгені айырбастауға, сондай-ақ ҚҚС-пен төлемдер жасауға болады. Цифрлық теңгемен байланысты барлық қызметтер мен операциялардың толық спектрі бұрынғыдай Банк бөлімшелерінде де қолжетімді.
ForteBusiness жүйесінде цифрлық теңгемен электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) төлеп, e-Договор (электрондық шарт) шеңберінде төлемдер жасауға болады. Бұл әсіресе ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Цифрлық ҚҚС» пилоттық жобасына қатысушылар үшін пайдалы. Жоба талаптары сақталған жағдайда компаниялар ҚҚС қайтаруын жеделдетілген тәртіпте, 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде ала алады.
Сондай-ақ бұл сервис цифрлық теңгемен есеп айырысатын мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға, мақсатты қаржыландыру алушы ұйымдарға және мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдікті кредиттер мен субсидиялар алатын компанияларға бағытталған
«Цифрлық теңге бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Есеп айырысулар барынша ашық және мақсатты қаржыландыру жұмысын жеңілдетеді. Негізгі операцияларды орындау үшін клиент енді бөлімшеге бармайды: ForteBusiness жүйесінде цифрлық теңгемен жұмыс істеу ағымдағы шоттарды басқару сияқты ыңғайлы әрі түсінікті етіп жасалған. Біздің мақсатымыз – цифрлық теңгемен жұмысты бизнес үшін ыңғайлы етіп, сервисті одан әрі дамыта түсу», – деді «ForteBank» АҚ Басқарма мүшесі – басқарушы директор Алма Абильжанова.
«Біз компаниялардың қаржылық операцияларында цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндіктерін кезең-кезең бойынша кеңейтіп келеміз. Қазірдің өзінде бизнес цифрлық теңгені мемлекеттік сатып алуға, мақсатты қаржыландыруға және ҚҚС бойынша жекелеген операцияларға байланысты есеп айырысуларда пайдалана алады. Сонымен қатар біз үшін компаниялардың цифрлық теңгемен үйреншікті банктік сервистер арқылы жұмыс істеуі маңызды. ForteBusiness жүйесінің цифрлық теңге платформасына қосылуы осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам. Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы платформаны одан әрі дамытып, банктермен бірлесе бизнес үшін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырады», – деп атап өтті цифрлық теңге платформасының операторы саналатын «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Татьяна Попова.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық теңге жөніндегі пилоттық жобасының белсенді қатысушысы ретінде ForteBank банк қызметтерінде цифрлық валютаны қолданудың жаңа мүмкіндіктерін дамыту және енгізу жұмыстарын жалғастырып келеді. Даму әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – орталық банктердің цифрлық валюталарын (ОБЦВ) пайдалана отырып халықаралық есеп айырысуларды жүзеге асыру. Болашақта бұл қазақстандық компанияларға шетелдік серіктестермен есеп айырысуды жылдамырақ жүргізуге және делдалдар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Мұндай бастамаларға үлес қосу ForteBank-ке Қазақстанның заманауи цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытып, инновациялық төлем технологияларын енгізуді қолдауға мүмкіндік береді.
Цифрлық шотты fortebusiness.forte.kz сайтындағы ForteBusiness интернет-банкингі арқылы немесе Банк бөлімшелерінде ашуға болады. Нақты ақпарат алу үшін 555 75 нөмірі арқылы бизнеске арналған байланыс орталығына хабарласуға болады.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 14.07.2026 ж. «ForteBank» АҚ-қа берген №1.1.965.133 лицензиясы.
Серіктес материалы



